Балалықтың тәтті бояуы
Әр қыз баласының құлақ тесуін өзінше бір үлкен оқиға десек, артық айтпаймын. Бұл – сұлулыққа деген алғашқы қадам ғана емес, нәзік жандылардың бойжеткендік белесіне өткенін білдіретін ерекше сәт. Әдетте бұл рәсім үй ішіндегі ерекше көңіл-күймен өтеді. Бірі қорқақтап, бірі шыдамдылық танытып жатса да, сол мезет әр қыздың жүрегінде ұмытылмас естелік болып жаңғырып тұр.
Менің де алғаш құлақ тескендегі сол бір қызық сәтім әлі күнге дейін көз алдымда. Қорқыныш пен қуаныш қатар өрілген сол мезетте өзімді бір сәтте есейіп кеткендей сезінгенім әлі есімде. Көзіме жас алып, жанымдағылардың жұбатуымен әрең шыдағаным да, сол сәттің өзім үшін үлкен оқиғаға айналғаны да жүрек түкпірінде жатталып қалған.
Анам алғашында «Әлі кішкентайсың, асықпа» деп, құлақ тесуімді құп көрмеген. Бірақ бала көңіл қалап тұрған дүниеден бас тарта ма? Жылап жүріп, ақыры айтқаныма көндірдім. Сол кезде маған әлемнің ең маңызды ісі құлағымды тесу сияқты көрінетін. Ана жүрегі бәрін түсінеді ғой. Ақыры көңілімді жықпай, келісті. Мен де арманы орындалған баладай мәз болдым.
Әкемнің нағашысының қызы – Аяулым тәтем «құлақ теседі» дегенді естіп, соңынан қалмай қойдым. Біраз жүгіртсе де, бір күні дегенім орындалды. Бірақ құлақ тестіру мен ойлағандай оңай болған жоқ. Ескі әдіспен, тарымен құлақ етін жұмсартып алып, инемен тескенде жаным көзіме көрінген. Алайда қанша ауырса да, іштегі қуаныш бәрін жеңіп кетті. Құлағымда жылт еткен алғашқы сырға – өзімді әп-сәтте бойжеткен сезіндіріп, көңілімді көктемдей гүлдеткені қандай керемет еді. Бұл оқиға мен үшін тек сырға тағумен ғана шектелмеді. Бұл – балалықтың бір белесін артқа тастап, нәзік қыз әлеміне аяқ басқан ең әсерлі сәттерімнің бірі.
Осы бір оқиғадан соң құлақ тесу маған қызық әрі бір ерекше өнер секілді көрінді. Құлағыма таққан сырғамды айналам таңдана тамашалаған сайын, мен де «Аяулым тәтем ұқсап өзгенің құлағын тесіп көрсем қайтеді?» деген ой келді. Сөйтіп тартынбай іске кірістім. Алғашқы «клиенттерім» – көрші қыздар мен әпке-сіңлілерім болды. Бірте-бірте бұл «шеберлігім» ұлдарға да қажет бола бастады.
Бір кезеңде бозбалалар арасында сырға тағу сәнге айналды емес пе? Корейдің әйгілі «F4» телехикаясы эфирден түспей тұрған шақ. Әрқайсысы сол фильмдегі кейіпкерлерге ұқсағысы келіп, бірінен соң бірі келіп, құлақтарын тесуімді сұрайтын. Қалжыңдап жүріп-ақ, таныс достардың да құлағына ине тиген сәттер көп болды. Бүгінде сол бір бозбала, бойжеткен шақтың қызықты сәттері тек естеліктер парағында ғана қалды.
Құлақ тесу жайлы әңгіме қозғала қалса, бала күнгі мына бір оқиға жадымда жаңғырады. Өзімнен 3 жасқа үлкен көршім Марина бір күні ойда-жоқта:
– Құлағымды тесіп берші, – деп өтініш жасады.
Бала болсақ та, ересекше іс тындырғымыз келетін кез ғой. Оны үйге шақырып, терезе алдына отырғыздым. Қолымда – жіпке сабақталған ине. Әп-әдемі дәлдеп, енді бастай бергенім сол еді, Марина көз алдымда сұлап түсті.
Не істерімді білмей, состиып тұрдым да қалдым. Арғы бөлмеден дауыс көтеріп жеткен ағамның сөзі төбемнен жай түсіргендей болды.
– Әй, не істедің? Біреудің құлағын тесем деп, қызды өлтірдің бе?!
Жылап жібердім. Расымен, «Маринаны өлтіріп қойдым ба?» деген үрей санамды шарлап өтті. Қолым қалтырап, жүрегім аузыма тығылғандай болды. Шынымен бірдеңе болып қалды ма деп қорықтым. Сол сәтте бала жүрек үрейге толып, не жылауымды, не қашуымды білмей, өз-өзімнен жаңылып қалдым. Абырой болғанда, Марина сәлден соң есін жиды. Тек қатты қорқып қалған екен.
Бұл оқиға менің есімде мәңгілікке сақталып қалды. Сол бір бала көңілмен жасалған әрекет бүгінде еріксіз езу тартқызады. Қазір ойласам, сол мезеттегі батылдық та, қорқыныш та – бала көңілдің шынайы көрінісі екен. Қарапайым құлақ тесу сәті үлкен естелікке айналып кеткені – балалықтың тағы бір тәтті бояуы шығар.
Арайлым ЖҮСІПОВА