Сырға толы сызба тарихы

Маған көненің көзіндей сақталған, құнды жәдігер саналатын бұл сызбаны 2015 жылы алғаш таныстырған, ізінше табыстаған өркендеулік, көзі тірісінде Ерімбет атасы мешіт-мектебінің шырақшысы әрі жанашыры бола білген, Ақша бабасының Бұланбайынан тарайтын Рүстембек Үрметбекұлы Есмырзаев (1953-2018 ж.) болатын. Баға жеткісіз сызбаны сызуға кімдердің қатысқаны және оның қысқаша тарихы туралы әңгімеледі. Оның көшірмесінің бір данасын қолыма ұстатты.
Ұзақ жылдан бергі іздеген жоғымның бірі болғандықтан сол жолғы жолсапар әсері туралы жазылған, аудандық «Қазалы» газетінде (№60 30.07.2015 ж.) жарияланған «Ерімбет шайырдың беймәлім қырлары» атты мақалада (қысқартылған үлгісі республикалық «Мәдени мұра» журналында (№2, 2016 ж. жарық көрді) баяндалды. Араға бес жыл салып, баспа бетін көрген «Қарасақал Ерімбет шайыр» кітабына (А. «Тоғанай Т» 2020 ж.) жеке бөлім болып енді. Мемлекеттік тапсырыспен шыққан осы аттас кітаптан да орын алды.
Аталған кітаптың «Ерімбет мешітінің тарихы» тарауында ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде яғни 1879-1880 жылы салынып, шайыр атамыздың ұйытқы болуы ағайынның қаржылық қолдауы арқасында Қызылжар өңірінде пайдалануға берілген, діни орталық дәрежесіне көтерілген мешіт-мектептің талайлы тағдыры көп жайттан хабардар етеді. Бүгінгі күні Қызылқұмның қиясында иесіз қалған, аудандық дәрежедегі тарихи ескерткіштер санатына жататын, алты жыл бұрын осы жолдар авторының сол тұстағы облыс әкіміне жазған өтініш хатына орай облыстық комиссия отырысының 2018 жылғы 12 ақпандағы №1 хаттамасына сәйкес «Қарасақал Ерімбет мешіті, 1880 жыл» тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала есепке алу тізіміне енгізілген еді.
Алайда әртүрлі себептермен (жергілікті жердегі азаматтардың сирақтан бүйрек шығаруы салдарынан) аталған тарихи нысанның тізімге толықтай енгізілуі кешеуілдеуі еріксіз қынжылтады. Бұл дегеніңіз, бөлек бір әңгіменің тақырыбы болғандықтан негізгі мәселеге көшейінші.
Заманында Қуаңдарияның бойында қыс қыстап, жазда Қарақұмды жайлайтын, көшіП-қонды салтын ұстанған аталарымызға имандылық үйі, ал оның ұл-қыздарына білім ошағы саналған аталған мешіт-мектеп Кеңестік дәуірде қыспаққа ұшырайды. Жабылды. Оны айтасыз, қолмен қиратылып, кірпіш пен ағаш материалдары сол төңіректегі жаңадан бой көтерген колхоздың кеңсесі мен қоймасы қажетіне жаратылды. Жер-жерде ықпалды байлардың малын тәркілеу, елді күштеп ұжымдастыруға кіргізу, одан кейінгі Батыстағы алапат соғыс өрті тұтанғанда Ерімбет шайырдың байтал түгел, бас қайғыға тап болған ағайын-туыстары атасының көзіндей сақталған мешіт-мектепті талан-таражға түсірмей, сақтап қалу түгілі, қиянда жатқан имандылық ұясына баруы мұңға айналады.
Зіл батпан салмақ салған соғыс ауыртпалығы жеңілдеп, ел-жұрт еңсесін көтерген соң Қазалының Бозкөлі төңірегін жайлаған бір топ шайыр ұрпақтары қыр басындағы Ақша батыр бабасы зиратына мамырда арнайы көлігімен барып Көлдейбекұлы Ерімбетпен қатар жатқан бауырлары Қосмамбет, Атантай, Атымтай, Адайдың қабіріне зиярат етеді. Аруақтарға арнап құран бағыштайды. Ең бастысы келер ұрпақтың қажетіне жарар деп Ерімбет мешітінің сызбасын қағазға түсіреді.
Нақты дерекке сүйенсек, Қуаңдарияның іргесіндегі Қызылжар өңіріндегі Қосмамбет қыстауы жанында бой көтерген мешіт-мектепке арнайылап барғандар: Тықыбай баласы Жабағы молда, Рахмет баласы Әбдіхалық пен Момынша Есмырза баласы Ізетпек пен Үрметбек Пірімбай баласы Елхан (жүргізуші) еді. Қолдарында фотоаппарат пен бүгінгідей камералы ұялы телефонның жоқтығына қарамастан сызуға бейімі бар Рахметұлы Момынша ағамыз сызбасын білімдарлықпен Алла үйінің төрт құбыласын белгілеп, кірер аузы шығысынан бастайды. Мешіт бөлмесін нөмірлейді. Батысқа қараған дәрісхананы 1, жапсарлас бөлмені 2, 3, 4 деп ал шығыс беттегі бір-бірімен жалғасқан (жатын және қазандығы бар ас бөлмені) 1, 2, 3, 4, 5 деп белгілейді. Ауланың теріскейіндегі жаздық асхананы да ескереді. Мұнан соң дәрісханаға қарама қарсы беттегі бейіттегі Көлдейдің (Көлдейбек) әр жылдары қайтыс болған, қатар жерленген бес ұлы (жоғарыда аталған) қабірі есімдерімен көрсетілген. Кейін белгілі болғандай, топырақ үйіндісінен тұратын қабірдің ені үш жарым, ұзындығы тоғыз жарым метр болып шықты. Сол жолы Момынша ағамыз сызбасына «Қызылжар Сарыбас-Бақтыберді аталығының Қарасақал Ерімбет мешіті. «16.05.1959 жыл» деп жазба қалдырыпты. Сауапты істің кереметін қараңыз, бертінде 2017-2020 жылдар аралығында рушылдыққа салынған тарихи мешітке діндар атасының есімін қағаз жүзінде алып беруге талпынған. (оларды қостаған өз ағайындарымыз да ұшырасты) Жерден жік шықты, екі құлағы тік шықтының кебін киген топтың ойға алған қараулығын жүзеге асырмауға тосқауыл жасаған осы сызба мен шайырдың әділеттен аттамаған оншақты ұрпағы еді.
Бүгінгі таңда Ерімбет шайыр мен төрт бауырының жатқан зираты қазіргі ұрпақтары көмегімен қоршалып, құлыптас орнатылды. Мешіт-мектепке күтім жасалынып, жай-күйі жақсартылды. Алпыс алты жыл бұрынғы сызба сыры осындай.
Қараша ҚАРАМАН