Сыр сүлейі – Ерімбет Көлдейбекұлы
Өткен жылы Сыр сүлейі, белгілі шайыр Ерімбет Көлдейбекұлының дүниеге келгеніне 170 жыл толған болатын. Алайда ол жылы пандемияға байланысты ауқымды шаралар ұйымдастыру мүмкін болмады.
Осыған орай бүгін Бозкөл ауылында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында танымдық-мәдени шаралар ұйымдастырылды.
Ең алдымен Бозкөл ауылдық мәдениет мәдениет үйінде «Сыр сүлейі – Ерімбет» атты аудандық танымдық конференция өтті.
Конференцияда тарихи, әдеби аманатты өзінің ақындық қасиетімен арқалап, келер ұрпаққа жеткізген Қарасақал Ерімбеттің жазған жырлары мен өлеңдері және тауып айтқан сөздері жайлы кеңінен әңгіме қозғалды.
Бұл жөнінде №103 мектептің тарих пәнінің мұғалімі, тарих ғылымдарының магистрі Нұрбол Лепесов, «Кіші жүз Әлім аталығының шежіресі» атты жинақтың авторы Төлепберген Тілеуқабылұлы, белгілі жыршы, жырау, Ерімбет Көлдейбекұлының әдеби мұралары арқылы нұсқалы сөздің кестесін құраған Сардарбек Қожағұл, ардагер ұстаз Қадырбек Бекет баяндама жасап, айтып берді.
Ал, №96 орта мектептің мұғалімдері Сара Жамаш мен Ләззат Әбдіхалықова Қарасақал Ерімбеттің тапқырлығы жөніндегі әңгімелерді оқыды.
Мұнан соң белгілі жыршы-термеші, Қызылорда облыстық филармониясының өнерпазы, жерлесіміз Марат Сүгірбай сөз сөйлеп, көрермендерге жырдан шашу шашты.
Мерейтой аясында Бозкөл ауылындағы №96 мектепте Қарасақал Ерімбет атындағы мұражай ашылып, термешілер сайысы ұйымдастырылды.
Ауылдық мәдениет үйінде өткен аудандық термешілер сайысына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Артына өлмес мұра қалдырған ақынның өнерін өскелең ұрпаққа дәріптеп, насихаттау – біздің парызымыз екендігін жеткізді.
Мұнан соң сахна төріне ауданымызбен қатар, Қызылорда қаласы және Арал ауданынан келген термешілер көтеріліп, өз өнерлерін ортаға салды.
Жыршы-термешілерді елімізге белгілі жыршы-термеші Марат Сүгірбай таныстырып, әр жырдың шығу тарихын айтып отырды.
Аудандық термешілер сайысының бас жүлдесін Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығының өнерпазы Гүлбану Досан жеңіп алып, ұйымдастырушылардың қаржылай сыйлығына ие болды.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат