Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Ақишан» мешіті туралы ақиқат

«Ақишан» мешіті туралы ақиқат

ХІХ ғасырдың орта шенінде Ресей патшалығының бодауында болған бейқам қазақ еліне христиандық миссионерлер өз уағыздарын жүргізіп, орыс әскерлерінің Сыр бойындағы бекеттері мен бекіністеріне шіркеулер аша бастағаны мәлім. Осы жағдайда халықтың иман байлығы мен дін тағдырын ойлаған көзі ашық азаматтар ахун-ишандарды елге шақырған. Сондай-ақ, оларды түпкілікті орнықтыру үшін көпшілікті ұйымдастырып, мешіт салдырып берген.
Солардың бірі – Қуаңдария бойындағы «Ақишан» мешіті. Хорезмде оқып, кейіннен Хиуада ғұлама Шеккі хазіреттен дәріс алған, Әлім тайпасына пір болған Қарахани қожа Бахының немересі Ақмұхаммедті Кіші жүздегі Әлім, оның ішінде Қарасақал Ерімбет елге алдырып, бала оқытқан. ХIХ ғасырдың 80-ші жылдары Қызылқұмдағы оқитын бала санының көбеюіне байланысты жергілікті халық қаражат жинап, мешіт салуды қолға алған. Бұл туралы шежіреші-зерттеуші Төлепберген Тілеуқабылұлы «Кіші жүз Әлім аталығының шежіресі» кітабының 81-ші бетінде жазған. Ақмұхаммед (Ақмамбет)қызмет істеген, мешіттің «Ақишан мешіті» атануына шайыр Ерімбет еңбек сіңірген.
«Қазалы» газетінің 2015 жылғы 10 маусымдағы №43 «Ел есіндегі есімдер» айдарындағы «Ақишан» және 2016 жылғы 20 қаңтардағы 5-ші нөміріндегі Сержанқожа Берденұлының «Қожабақы-Бақы қожа әулие» атты мақалаларында Қуаң бойындағы Кішкене және Қарасақал аталығының «Ақишан» мешітін салдырып бергендігі туралы жазылған.
Сондай-ақ Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бегабат Ұзақов пен Мақсат Әлсейітовтің «Қазалы» газетінің 2018 жылғы 19 мамырдағы №36 нөмірінде жарияланған «Ақмұхаммед ишан» мақаласында «Ақишан» мешітін салдыру үшін 19 ауқатты адамның көмек жасағандығын және Ерімбет шайырдың салдыруды қолға алғандығын атап көрсеткен.
Мен өзім 103 жасқа жетіп қайтыс болған, сол мешіттен сабақ алған көнекөз қария, соғыс және еңбек ардагері, сауатты молда және Қарасақал, Қожа руының ақсақалы болған Аймахан Байділдаевпен мешіт туралы көп сұхбаттастым. Ол кісінің айтуы бойынша, Ерімбет шайыр, Мұратбай болыс (Ғанидың әкесі), Күңбасұлы Қоспан бай, Арал жағынан Сайлыбек бай мешіт салу ісіне белсене араласып, сол кісілердің бірі Татарстанның астанасы Қазан қаласынан діни басшылықтан «Ақишан» атауымен арнайы Шатырхат (яғни, лицензия) алдырған. Сол кезде мешіт ашу үшін рұқсат алу тәртібі сол жақтан рәсімделген.
ХХI ғасырдың басында Қарахани қожалар мен Қарасақал ағайын болып, қаражат жиналып, мешіт күрделі жөндеуден өткізілді. Игілікті істің басында кәсіпкер Қожағұлов Әлимұса жүріп, өз күшімен жөндеу жұмыстарына тікелей атсалысты.
Қазіргі таңда мешіттің жалпы жағдайы осы заманға лайықты жөндеуді талап ететін күйде тұр. Жыл сайын көктем мен күзде Қазалы ауданында тұратын Қарахан қожалар мешіт ғимаратын жөндеп-тазалап, келушілер үшін әзірлеп қояды. Зиярат етушілердің дені Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе, Алматы облыстарынан және көршілес Өзбекстан мемлекетінен үзбей келіп тұрады.
Лақалы ауылынан 30 шақырымдайдағы «Ақишан» мешіті орналасқан жер телімі де, сол маңдағы Қуаңдария өзеніне салынған шлюз де әулие Ақмұхаммедтің «Ақишан» атымен аталады. Оған нақты дәлел, 1995 жылы шыққан белгілі жазушы Әбдісаттар Оспанов 36 жылдық зерттеуінің нәтижесінде «Қарасақал Ерімбет. Ұлағат сөзім ұрпаққа» атты еңбек жазып, осы кітабының 8-9 бетінде: «...Өйткені, өзі Хорезмнен ертіп келіп, сол маңайдағы қазақ балаларын ескіше сауаттандыру үшін діни мектеп-мешіт аштырған, өзінен кіші Ақмамбет Тоғымұлы екеуі (әуелі Ерімбет, кейін Ақмамбет дүние салған – Ә.С.О.) сол мешіттің шарбағына қатар жерленген. Тетелес ағасы Қосмамбеттің мүрдесі де сол маңайдағы үлкен қорымда. Ағалы-інілі бұл екеуі қыстауда да, жайлауда да бірге көрші отырған» – дейді ақсақалдар. Ол жер қазір «Ақишан» деп аталады. Халықтың айтуы бойынша, Ерімбет өзінің көзінің тірісінде-ақ Ақмамбетті солай атандырған көрінеді... Сол «Ақишаннан» үш шақырымдай жерде Ерімбет пен Қосмамбеттің қыстауы бар... «Ақишанға» жақын жердегі «Отгонда» немере туысы Әбдіхалық Рахметұлы тұрады» деген деректер келтіріп, біздің мешіттің тарихи атауы «Ақишан» екендігі туралы сөзімізді растайды.
Болат ЖОЛТАЕВ,
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері, тарихшы,
Ақишан баба ұрпағы
06 желтоқсан 2022 ж. 600 0

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 45

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 60

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031