Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеті қырлы, бір сырлы

Жеті қырлы, бір сырлы

Иә, бүкпесіз айтар шыным, табаны күректей 55 жыл дерлік бір адамдай білетін, бір саптағы, бір қаптағы, мүдделес, ниеттес, әріптес туралы оның бүгінгідей сегізінші белеске көтерілген мерейтойы тұсында өзіңе ауыртпалық салмай көсіле жазу бір жағы оңай, бір жағы өте қиын секілді.
Себебі қызыл тілге салынып, жалпылама, жадағай пікір айтсаң, сөздің қадірі мен киесін бір адамдай білетін аға достың көңілінен шықпауы әбден мүмкін. Ал ол үшін сыралғы замандастың бойындағы екінің бірінің пешенесіне жазылмаған жеті қырлы, бір сырлы киелі өнерін, азаматтық болмыс-бітімін толықтай болмаса да жұқанасын жұртшылыққа жеткізе білсең, діттеген мақсатыңа жеткенің. Сеңгірлі сегіз биік белеске көтерілсе де, қайратты жүрегі елім, жерім деп соғудан бір сәт те жаңылмаған абзал ағаның алдындағы сөз майданындағы інілік борышты орындадым десем болады. Сонымен...
Өткен ғасырдың шұбалаңдаған сүрлеулі керуен жолындай кейінде қалған 1970 жылының басы. Алланың қалауымен сәтін салып, ұзақ жылғы асыл арманға қол жеткізген бақытты сәтіміз. Сол замандағы атақ-даңқы дүркіреген ҚазГУ-дің (қазіргі ҚазҰУ) журналистика факультетінің бірінші курсын аяқтаған соң Торғайдағы егін орағына қатысып, елге оралған сәтіміз. Тәртіп бойынша жергілікті жердегі газетте өндірістік практикадан өту шарт.
Ол кезде (1972 жыл) аудан орталығы бұрынғы уездің ізі сақталған Қазалы қаласында. Стансадан (екі аралық 10 шақырым) мектеп қабырғасында жазған материалдарымды (хабар, суреттеме, тағы басқалар) жариялаған, болашағыма жол ашқан аудандық «Ленин туы» (қазіргі «Қазалы») газеті редакциясына имене басып бардым. Төрт-бес бөлмелі, бір қабатты ескілеу ғимарат екен. Газет редакторы Сейіл Боранбаев ағаға жөн-жосығымды айттым. Мақұл көрген ол орынбасары Киікбай Ізетовке әңгімелесуді, газет жұмысымен, тілші, журналистермен таныстыруды тапсырды. Қалам ұстағандардың дені егде жастағылар. Өзім қатарластар қазіргі арамызда жүрген Шамша Айтуғанов пен жазбамыздың бүгінгі кейіпкері боп отырған Жұмабай Жақыпов екен. Жөкең осыдан екі жыл бұрын (1970 жыл) газетке мүлдем басқа саладан келіп, еңбек жолын корректорлықтан бастапты. Ізденгіштігі мен еңбекқорлығының арқасында штаттағы әдеби қызметкерге көтеріліпті. Білім қуып, ҚазГУ-дің журналистика факульетінің сырттай бөліміне түсіпті. Осындай рухани жақындығымыздан болар, ол бірінші күннен-ақ маған ерекше іштартып, бүйрегін бұрды. Сол дәуірдегі партиялық тәртіптің ауанымен көсілмей, қасаң жазудың қыр-сырынан хабардар етті. Сатылай өсіп, жауапты хатшы қызметін атқарған тұста (2000 жылдардағы Арал аудандық «Толқын» газетінің бас редактор кезінде де) мен Жетісуда жүріп, поштамен жолдаған тарихи-танымдық мақала біткенге бас-көз болғанынан хабардармын.
Ақ сақалды, аталы жасқан келген баспасөз ардагері, қаламы қарымды, ойы ұшқыр қаламгер атпал азамат атанған Жұмабай ағамыздың бүгінгідей биік дәрежеге жетуінің бастауында қасиет қонған, тарихи тұлғалар көп шыққан қазыналы Қазалы топырағы мен ақпейіл ел-жұртының, әсіресе аудандық газеттің басшылық тізгінін нық ұстаған журналист, ақын Сейіл Боранбаевтың журналистік мектебінің тұрғаны ақиқат.
Әдетте есімдері елге танымал республикалық «Жас алаш» («Лениншіл жас»), «Егемен Қазақстан» («Социалистік Қазақстан») газеті ұстаханасында шыңдалып өскен журналист, қаламгерлер: Ж.Елшібек, Е.Смайыл, Н.Жүнісбай, Қ.Сәрсенбайлар: «Біздер Сейдахмет Бердіқұлов пен Шерхан Мұртазаның шекпенінен шыққанбыз» деп мақтанышпен айтатын. Сол дәстүрмен безбендесек, журналистикаға барынша ақ адал, тұлғалы азамат Сейіл ағамыздың шыңдалу мектебінен өткендердің қатарында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаттары Молдахмет Қаназ бен Қуаныш Жиенбай, танымал ақын-жазушылар, журналистер: Б.Алдамжаров, Ж.Әбдіраш, Б.Тәжімбетов, Ә.Әлішев, З.Сахиев, Ш.Дәрмағанбетов, Б.Әбдіразақов, Р.Жанаев, С.Асылбекұлы, Е.Кішкенеев, Ш.Айтуғанов, Ж.Мәкеналы, Ә.Жұмашев, К.Сағымбаев, Ж.Жұмахановтар бар. Есімдерін атағандардың біразы дерлік - қазақ әдебиеті мен журналистикасының проза, поэзия, драматургия, публицистика жанрының көкжиегін көңейтуге сүбелі үлес қосқандар. Міне, солардың қатарында Алланың үйіп-төгіп берген мол қасиетін еш шашау шығармай, ел мен өнер игілігіне жаратушы Жұмабай Жақсылықұлының да ойып тұрып орын алуы – мұраттас, біздер үшін мерейлі мәртебе, зор ғанибет.
Хош, ежелден қатар жатқан, еншісі бөлінбеген, қуанышы мен қайғысы ортақ Қазалыны осымен тәмамдай тұрып, айдынды да айбынды Аралға көшейікші. Неге десеңіз, арқалы ақын, жампоз журналист, зерделі шежіреші, дәулескер күйші Жөкеңнің көбімізден шоқтығының биік болатыны – ол қазыналы Қазалы мен айдынды Аралдың төл перзенті.
Өмір бір орында тұрған ба, тәйірі! Неге екенін қайдам, аңсары тілге шешен, сөзге көсем Жетес би Қыстаубайұлы бабасының басқан ізі, жұтқан ауасы көбірек сақталған Арал өңіріне ауды да тұрды. Ақыры не керек, жолы ашылып діттеген ойына жетіп тынды. (Бұған тосын отбасылық оқиғасы да қосылды). Бір қанаты Ырғызбен, екінші қанаты Торғаймен ұштасқан тарихи өлкеге атбасын бұрғанға дейін Сырдария ауданына, құтты мекен - Қызылорда қаласына табаны тиді. Ата-қоныс баба жұрттың ризығы мен дәмі, ақкөңіл адамдарының ыстық құшағы Жөкеңнің дегенін жасатты.
Арқа сүйер көкесі болмағандықтан, мұндағы журналист қызметін төменнен, яғни аудандық радиохабарын тарату редакцияның жауапты редакторлығынан бастады. Бұл турасында ақын Т.Абылаев жазған еді. «Өзі жақсыға бір адамдық орын бар» дегендей, Жөкеңнің мұнан кейінгі қызметі ғасырға жуық тарихы бар талай ақиық ақындар мен қарымды қаламгерлерді баулып ұшырған аудандық «Толқын» газетінде, Арал ауданы әкімдігінде жалғасты. Халықтың қалың ортасында жүру, ел тірлігінен кеңінен хабардар болу мақсатында республикаға есімі кеңінен танымал ақмылтық журналист Шәкірат Дәрмағанбетовтің өнегесін жалғастырып, облыстық «Сыр бойы» газетінің Арал-Қазалы аудандарындағы аймақтық тілшісі міндетін 1999-2004 жылдары абыроймен мінсіз атқарды. Ежелден-ақ ауылы аралас, қойы қоралас өңірдің нарықтық қатынас тұсындағы экономикалық, әлеуметтік, рухани саладағы түйткілді мәселесі мен өзекті проблемасын бөліп-жармай тең дәрежеде көтере білді. журналистік алымдылығы мен шалымдылығын танытты. Арасында өткен тарих шежіреге, зерттеушілікке ден қойды. Жетес би бабасының ел аузындағы жүрген мұрасын – шешендік сөздерін халқына қайта табыстау, оған елдік құрмет көрсету, есімін ұлықтау мәселесін билік орындарына жиі-жиі көтере білуінің арқасында аудан әкімдігінің 2005 жылғы 1 наурыздағы №58 өкімімен Арал ауданында 2005 жыл – «Жетес би жылы» деп аталды. Әдебиетші ғалым Аманжол Сақыпұлымен бірлесе отырып «Жетес би» атты тарихи-танымдық кітабын «Тұмар» баспасынан 2000 данамен шығарды. Аталған кітапқа біздің «Жетес шешен» атты мақаламыз сонау 1990 жылы «Алматы ақшамы» газетінде жарық көрген. Осы мақаламыз аталған кітапқа еніпті. Сол жылы сарасөздің жүйрігіне Арал қаласында ескерткіш орнатылды. Мазмұнды мәдени-көпшілік шаралар өтті. Рухына бағышталып ас берілді. Байқалып отырғандай, Жөкеңнің Аралым деп кеудесін ашқан, ұлтымның бірлігі, ділі, асыл діні, мәдениеті мен салт-дәстүрі өркендесін деп шарқ ұрған ұзақ жылғы еселі еңбегі өзінің мәуелі жемісін берді. Әскери қағидадағы «Генерал болмаймын деген солдат, солдат емес» дегендей, журналистік жолын сонау 1970 жылы корректорлықтан бастаған Жөкең араға жылдар салып, қай жағынан да тәжірибесі толысып «Толқын» газетінің бас редакторы дәрежесіне қол жеткізді. Қазақстан Журналистер одағының лауреаты да атанды. Ал, биылғы сегізінші белесті бағындырған тұста ұзақ жылғы көркем-әдеби шығармашылығы ескеріліп, республикамыздағы беделді қоғамдық ұйым, қазақ әдебиетінің Сәбит Мұқанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов бастаған алыптар тобының құттыханасы болған Қазақстан Жазушылар одағына мүше болып қабылданды. Ол бұған нағыз лайықты жан екендігін білеміз. Жүзден жүйрік атанып, шығармашылық иелеріне табысталатын облыстық «Тұран» сыйлығының лауреаты атанды. Ең бастысы әрі мәртебелі сый – Жөкеңнің халықтың алғысына кенеліп, ыстық ілтипатына бөленуі десек асыра айтқандық емес.
Қадірменді оқырман! Алатаудың баурайында жүріп, аузын ашса жүрегі көрінетін қабырғалы қаламгер Жұмабай ағамыздың мерейлі мерейтойына інілік ізетпен қарасөзден шашу шашқан жазбамның тақырыбындағы оның жеті қыры: журналист, ақын, прозаик, күйші-сазгер, шежіреші, тіл жанашыры қасиетін санамалап атын атағаныммен, әрі қарай жіліктеуді мақсат тұтпадым. Оның түйінін тарқатуды талапкер жастардың еншісіне қалдырдым. Өмірге құштарлығы мен ізденімпаз мақсаткерлігімен, еңбексүйгіштігі мен жан баласына жамандық жасамаған азаматтық болмыс-бітімінен азды-көпті хабардар етуді құп санадым. Ол ниетімнің қаншалықты орындалғандығының бағасын өздеріңіз бере жатарсыздар, ағайын! Қазақтың қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар болмысты ақыны Зейнолла Шүкіровтің бүгінгі шырақшысы, Сырдың ділмар шешені, әділетті Жетес би сөз болғасын оның тағлымының Жөкеңе де қатысы барлығын ескеріп:
Адамның сәні – өнер, білім, ақылы,
Жердің сәні – жеміс-жидек, дақылы.
Сөздің сәні – өнегелі өткір нақылы,
Пікірдің сәні – ең пайдалы мақұлы,-деген өсиетін еске түсіруді жөн көрдік.
Көркем мінезді, келісті сипатты азамат Жұмабай Жақыптың алдағы өмірі нұрлы да шуақты бола бергей, біздің тілек осы.
Қараша ҚАРАМАН,
журналист


05 тамыз 2025 ж. 159 0

Жеті қырлы, бір сырлы

05 тамыз 2025 ж. 160

Экономикада серпін бар

05 тамыз 2025 ж. 132

Сәтімен өткен сенбілік

05 тамыз 2025 ж. 139

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031