Өрелі істер өркендеген ауыл

Жанкент ауылы аудан орталығынан 40 шақырым қашықтықта, Ұлы Жібек жолы басып өтетін, түркі елдеріне ортақ тұлға Қорқыт бабамыз бен әлемге «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр Әл-Фараби мекендеген Жанкент шаһары маңында орналасқан.
Ауыл «Өркенді», «Екпінді», «Жанкент», «Чкалов», колхоздарының бірігуінен пайда болған. 1950 жылы ВКП (б) Орталық комитетінің қаулысы бойынша 4 колхоз біріктіліріп, Ф.Энгельс колхозы құрылды. Колхоздың басқармасы болып Әбілда Тобаев сайланды. Соғыстан кейін халықтың тұрмысын түзеп, ауылды дамудың даңғыл жолына түсіру үшін колхоз мүшелері тынымсыз тер төгеді.
1963 жылы Ф.Энгельс, М.Горький және Жданов колхоздары біріктіріліп, Ф.Энгельс совхозы құрылады. Орталығы Қожабақы елді мекенінде болады. Жанкент ауылы Ф.Энгельс совхозының бөлімшесі болып жұмысын жалғастырады.
1968 жылы КПСС орталық комитетінің қаулысымен Ф.Энгельс совхозынан бөлініп, өз алдына дербес Өркендеу совхозы болып айта құрылады.

2018 жылы Қызылорда облысы әкімдігінің қаулысы, Қызылорда облыстық мәслихатының шешімімен Өркендеу ауылының атауы «Жанкент» ауылы болып өзгертілді.
Ауылда халық саны – 1247 адам. Мұнда 252 тұрғын үйде 319 отбасы өмір сүріп жатыр. Округ орталығында ауыл әкімшілігі, 250 оқушыға арналған білім ордасы, 90 орындық бөбекжай балабақшасы, 150 адамға шақталған ауылдық мәдениет үйі, күндізгі стационарлық-амбулатория, малдәрігерлік пункт, кітапхана, почта, сервистік таза ауыз сумен қамту бекеті, жасанды спорт алаңы халыққа қызмет көрсетеді.
2009 жылы типтік жобада салынған №104 орта мектебі ауыл балаларына білім беруде. Ал №5 «Аққоян» бөбекжай-балабақшасы1992 жылы пайдалануға берілген. Мұнда 4 топ бойынша 90 бала тәлім алуда. Ғимарат 2017 жылы күрделі жөндеуден өткен.
Жанкенттік ағайын ауыра қалса, ауданға жүгіріп әуре болмайды. Өйткені ауыл тұрғындарына арналған амбулатория тұрғындарды аурудан айықтыруға қызмет етеді. Амбулаторияның күндізгі стационарында 11 адамға дейін қабылдай алады. Онда науқастарға ем жүргізуге жағдай жасалған.

1989 жылы салынған ауылдық клуб 150 көрерменге арналған. Өнер ұжымында ән, би, драма, домбыра үйірмелері жұмыс істейді. Осы ғимаратта орналасқан рухани мәдени орынның бірі – ауылдық кітапхана қоры 27005 кітаптан тұрады.
Ауылда бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөлінген. Осы бағытта салынған спорт алаңы 2012 жылы пайдалануға берілді. Бүгінде тұрғындардың 32 пайызы бұқаралық спортпен шұғылданады.
Халықты иман мен бірлікке шақырып, туралыққа тәрбиелейтін 50 адамға арналған «Жолмырза-Ата» мешіті 2010 жылы пайдалануға берілген. Ізгілік мекені Жолмырза ата ұрпақтарының демеушілігімен, сондай-ақ жамағаттың күшімен салынған.
Ауыл аумағын абаттандыру бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2015 жылы Орталық саябақ пен жастар бағына абаттандырылды. Ауылға кіре-беріс қақпа салынды. «Ер есімі – ел есінде» ескерткіш тақтасы қайта жаңғыртылды. Жастар бағына іс-шара өткізілетін сахна, Bigben сағаты орнатылды. Ауыл тұрғындары демалатын орындықтар қойылып, жолдарға тас төселді. Ұлы Отан соғысынан оралмаған, тылда еңбек еткен және халық шаруашылығын көтеруде қажырлы еңбек еткен 500-ге жуық ауыл азаматтарының тізімі мәрмәр тақтаға жазылып, қойылды.

2025 жылдың алты айында жаңадан 7 жеке кәсіпкерлік субьектісі тіркеліп, жұмысын жүргізуде. Мұндағы тұрғындар мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Атап айтсақ, Гүлзия Базар 1миллион 450 мың теңге болатын мемлекеттік грантты жеңіп алған. Ал Анар Өтемісова «Сырдария-1» ЖШС-і арқылы 9,5 миллион теңге қаражатқа қол жеткізді. Бағымша Бажиева 16,0 миллондық несие алған. "Ауыл аманаты" жобасы бойынша Мырзалы Самалбек 7 миллион теңге несиемен кәсібін бастаған. Қазір әрқайсысы әр сала бойынша жеке кәсібін жандандырып отырған жайы бар.
Округ әкімінің айтуынша, ауылда жұмыссыздық мәселесі оңтайлы шешілген. Ауылдың бірқатар тұрғындары 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша ауыл азаматтары жұмыспен қамтылған.

Өркендеу де ауыл шаруашылығында айтарлықтай өсім бар. Төрт түлік саны да арта түскен. Қазіргі уақытта ауылдық округ бойынша есепке алынған жануарлар саны мынадай. Ірі қара – 2705 бас, уақ мал – 3629 бас, жылқы – 1696 бас, түйе-111 бас, құс – 200 бас.
Елді мекеннің жер қоры – 5098 гектарды құрап тұр. Оның ішінде, жайылымдық жер – 2933 гектар, егістік – 49 гектар, басқа да жерлер – 2116 гектар құрайды. Шаруалар бөлінген жер аумақтары бойынша шаруашылығын жүргізіп отыр. Округ әкімі Қожахмет Қуанғалидың айтуынша, биыл ауыл диқандары 725 гектар жерге күріш еккен. Оның 420 гектары «Мерей» шаруа қожалығына тиесілі тірлік болса, 305 гектары «Өте» шаруа қожалығының ебегінің еншісінде.
Жанкентте ауыл ішілік жол салынып, көше жарығы тартылған. Қолда бар мәліметке сенсек, мұндағы 9 көшенің 6 көшесі асфальтталып, 2 көшеге қиыршықтас төселген. Ауыл тұрғындары ауыз су мәселесіне де алаңдамайды. Өйткені мұнда ұзындығы 5 шақырым болатын, қуаттылығы 21,225 шақырым Өркендеу топтық су құбыры бар.
Ауылды көркейту-көгалдандыру бағытында да біршама жұмыстар атқарылуда. Ауылдық округ әкімінің сөзінше, ауыл аумағында санитариялық тазалық айлығы ай сайын жүргізіледі. Сондай-ақ әр апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылады.

– Ауыл келбетіне көрік беріп, жасыл желекпен көмкеру мақсатында ауыл аумағындағы нысандар айналасына 1000 түп ағаш қаламшасы егілді. Орталық саябақтың қоршауы сырланып, арам шөптер шабылды. Апта сайын елді мекен көшелері, мекемелер аумағы тұрмыстық қатты қалдықтардан тазартылып, полигонға шығарылады.
Жанкент ауылы облыс әкімінің бастамасымен елді мекендерге тазалықты қамтамасыз ету және тазалық-көркейту шараларын ынталандыру мақсатында өткізілген байқауға қатысып, «Үлгілі елді мекен» номинациясын жеңіп алды. Бұл жетістік жұмыла жасаған жұмысымыздың жемісі. Соның арқасында демалыс саябағы бой көтеріп, тұрғындар игілігіне берілді. Ауыл тұрғындары тазалық акцияларынан қалыспайды. «Таза Қазақстан» акциясында мекеме қызметкерлері белсене қатысып жүр. Акция аясында Жанкент, Құттыбай кесенесі, бұлақтардың айналасы тазаланды. Елді мекен бойынша жасыл белдеулер орналастырылып, ауыл тұрғындары бақша-көкөніс дақылдарын егіп, ауласын жасыл желекке айналдырып отыр.
Арайлым ЖҮСІПОВА