Шырылдауық шегіртке, диқан егінін кемітпе

Диқандар қауымы үшін мазасыз кезең басталды. Егістіктің басты жауы – шегірткемен күрес «қарусыз майдан» іспетті. Алқап бетін аралап, тал-қурайына дейін тақырлап кететін зиянкестен келер қауіп көп. Қанаттылар егіннің бітік шығуына кері әсер етіп, біршама шығынға ұшыратуы әбден мүмкін. Сондықтан бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес.
Бір мезетте алқапты түгел «қопарып» кететін шегірткенің зияны айтпаса да белгілі. Қазақстанда шегіртке тектес зиянкестердің 270-тен аса түрі мекен етеді. Алайда осылардың ішінде тек 10-15 түрі ғана астық пен техникалық дақылдардың, көкөніс, бау-бақша егістерінің, мал жайылымдарының және шабындық жерлердің зиянкестері. Шегірткелер үйірлі және саяқ тектестерге бөлінеді. Соның ішінде үйірлі шегірткелер қауіпті зиянкес ретінде бағаланады. «Шегірткеден қорыққан егін екпес» дейді. Шекараны мойындамайтын шегірткенің биылғы сұсы басым. Оған қандай шара көрілеуде?
Биыл елде 2,1 миллион гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі күні оның 1,4 миллион гектары өңделген. Іс-шараларға 443 бірлік арнайы бүрку техникасы тартылған. Химиялық өңдеу жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Түркістан облысында күрес шаралары толық аяқталды: 371,79 мың гектар алқап өңделді. Ақтөбе облысында – 268,12 мың га, Қостанай облысында – 258,97 мың га, Жетісу облысында – 51,81 мың га, Жамбыл облысында – 74,48 мың га, Батыс Қазақстан облысында – 136,66 мың га, Қызылорда облысында – 50,01 мың га алқап өңделіпті. Қалған өңірлерде жұмыстар жалғасуда. 15 өңірде италиялық прусқа және 8 өңірде азиялық шегірткеге қарсы күрес шаралары жалғасып жатыр. Қытай мен Қырғызстаннан төнер қауіп жоқ. Алайда Ресей және Өзбекстанмен шекаралас аймақтарды тексеру күшейтілген. Ошақтары әзірге анықталған жоқ.
Алдыңғы айдан бастап көршілес Арал ауданының бірнеше елді мекенінде шегіртке зиянкестері пайда болды. Қазалының сол мекендерге көршілес жатқан Шәкен, Құмжиек, Майлыбас сынды бірқатар ауылдарында үйірлі және саяқ шегірткелерге қарсы белсенді күрес жұмыстары жүргізілуде. Ауданда зиянкестердің италиялық прус түріне 414 гектар жер, саяқ шегіртке түріне 252 гектар жер анықталып, химиялық өңдеу жұмыстары жасалуда. Шегірткеге қарсы күрес шараларына арнайы техникалар жұмылдырылып, мониторинг жұмыстарына мамандар тартылды. Жоспарланған аумақтың барлығы бойынша мердігер «Защита растений-К» ЖШС-мен келісімшарттар жасалып, химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуде. Аудан көлемінде шегіртке зиянкестеріне қарсы фитосанитариялық іс-шаралардың өз деңгейінде жүргізілуі жұмыстары аудан әкімдігінің күнделікті бақылауында болады.
Бұл мәселемен күрес ел, аймақ бойынша ширай түсті. Мәселен, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың қатысуымен шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес жөніндегі республикалық штаб отырысын да өткізілді. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен жауапты сала басшылары қатысып, онда Ақтөбе және Қызылорда облыстарының шегірткеге қарсы күрес жүргізу барысы талқылаған болатын. Нәтижесінде аймақта 50,01 мың гектар жер өңделді. Ел аумағында рұқсат етілген «Ацет» және «Карат Супер 100» инсектицидтері қолданылуда. Саяқ шегірткеге қарсы күреске 12 арнайы жер агрегатын және 3 әуе ұшағын қатыстыру жоспарланып, барлығы облысқа жеткізілген. Химиялық өңдеу жұмыстары 6 арнайы жер агрегаты және 1 ұшақпен атқарылуда. Алдағы уақытта зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдерге қарсы фитосанитариялық іс-шаралар мерзімінде, сапалы және өз деңгейінде аяқталмақ. Жалпы ерекше қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына облыста 4 арнайы жер агрегаты, 2 аса жеңіл ұшақ және 1 ұшақ қатыстыру бекітілген. Бүгінде 14 арнайы жер агрегаты, 4 ұшақ, 2 аса жеңіл ұшақ, 5 дрон және 45 ранс аппараты іске қосылған. Бұдан басқа, аудандар мен қалада «2025 жылы Қызылорда облысында шегіртке зиянкестерімен күрес шараларының іс-жоспары» жасалған. Жол картасына сәйкес, маусымдық кезеңде шегіртке зиянкестерімен күрес шараларын ұйымдастыру-үйлестіруге 4 жұмысшы топ жұмылдырылған. Өңдеу жүргізілетін әр ауылдық округтен техникалар, зерттеушілер мен жауапты мамандар бекітілді. Жалпы үйірлі шегірткеге қарсы күреске 324 адам қатыстыру жоспарланған. Жергілікті бюджет есебінен маусымдық жұмысқа 230 зерттеуші маман тартылады.
Білгенге маржан, шегіртке көбіне адам мекендемейтін, техника бара алмайтын, мал көп жайылмайтын тың жерлерге, жайылымдарға, биік төбелерге, өсімдік тамырларының арасына өздерінен бөлініп шығатын сұйық затпен топырақты қатайтып, күбірше жасап, оған жұмыртқа салады. Ол күбірше шегіртке тұқымының қыстап, көктем шыға дамуына қолайлы. Қатты ыстықты және құрғақшылық жылдары шегірткенің топырақ бетіне салған жұмыртқалары кеуіп қалса, салқынды және ылғал қоры мол болғанда жұмыртқалар көгеріп, саңырауқұлақ қоздыратын инфекциялардан өледі. Шегіртке дернәсілдеріне уақтылы өңдеу жұмыстары жүргізілмесе, алдағы жылдарда мыңдаған гектар жерге тұқымын жайып жіберуі мүмкін. Алайда шегіртке не басқа да жәндіктерді 100 пайыз құртып жіберу мүмкін емес. Әрбір жаратылыстың табиғатта алар өз орны бар. Алдымен шегірткенің өзі белгілі бір дәрежеде топырақты өңдейді, одан соң басқа жән¬діктерге, құстарға қорек. Бұл – табиғаттағы жаратылыстың заңы. Қазір еш¬қан-дай мемлекет оны түпкілікті жойып жіберуді қарастырып отырған жоқ. Қош. Қазір ел, аймақ, аудан бойынша шегірткеге өңдеу жұмыстары жүргізіліп, қанатты зиянкестер қатаң бақылауға алынды.
Айнұр ӘЛИ