Желдеткіш ақшаңызды желге ұшырмасын
Фото: ашық дереккөзден
«Енді желдеткіш үшін ақы төленбек», «Ғимараттың алдыңғы бетіндегі кондиционерлер жаппай алып тасталмақ», «Антенналардың да жағдайы сондай». «Наурыздан бастап күшіне енген ереже бойынша, көше бойында орналасқан тұрғын үйлер мен басқа ғимараттарда енді кондиционерлер мен «табақшалар» тұрмайды» деген сөздер жұрт арасында желдей есті.«Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтыны» анық. Іздедік. Білдік. Елдің елеңі негізсіз болмай шықты. Алайда ол барлық кондиционерлер үшін еместігін ұғындық. Норманы енгізудегі мақсат қандай? Салдары неге себеп болды? Ереже қандай?
Күн жылығаннан көпшілік жайлылық үшін пәтері не кеңсесіне кондиционер орнататыны анық. Ауаны қалаулы лепте ұстауға арналған қондырғы жабық жерлерде де температура ылғалдығын, тазалығын және алмасуын адамға барынша қолайлы жағдайда автоматты түрде ұстап тұруға лайықталған өнертабыс. Ал оны дұрыс пайдалану үшін не етпек керек?
Енді кондиционерді орнату үшін де рұқсат алуға тиіссіз. Олай етпесеңіз, айыппұл төлеуіңізге тура келеді. «Qaz365.kz» ақпараттық арнасы мұндай жағдайда жабдықты мәжбүрлі түрде алып тастауға да әкелуі мүмкіндігін хабарлайды.
Тақырып туралы Айгүл Нұриман нысанның сыртқы кейпін өзгерту үшін жергілікті атқарушы органнан немесе тұрғын үй басқару органынан рұқсат алу қажеттін, олай етілмесе, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 505-бабы бойынша, рұқсатсыз орнатылған кондиционерлер – әкімшілік құқық бұзушылыққа саналатынын айтады.
Заңгер атаған 505-бапты біз де қарадық.
Кодекс қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру ержелеріне арналған екен.
Құрылыс эсперті Нұрбек Ешім желдеткіш қондырғысын орнату үшін мына талаптар сақталуын ескертеді.
«Кондиционерді сыртқы бетке қондыруда тұрғын үй-коммуналдық басқармасының (КСК) немесе әкімдіктің рұқсатын алу қажет. Егер үйіңіз не кеңсеңіз тарихи ғимарат болса, міндетті түрде әкімдік немесе сәулет бөлімінен келісім аласыз. Кондиционерді қауіпсіз әрі тәртіппен, ешкімге кедергі келтірмейтіндей етіп орнату– басты талап. Ережелер сақталмай, кондиционер конденсаты көшеге ағып кетсе, ғимараттың сыртқы қабырғасын бүлдіріп қойса, айыппұл төлеуіңізге тура келеді», – дейді.
Айыппұл көлемі қандай?
Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстегі айыппұлдарды негізге алсақ, жеке адамға – 20 айлық есептік көрсеткіш белгіленген. 2025 жылғы айлық есептік көрсеткішпен есептесек, шамамен, 73 840 теңге көлемінде.
Шағын бизнеске – 110 760 теңге, 30 АЕК ..
Орта бизнеске – 40 АЕК, 147 680 теңге.
Ірі бизнеске – 100 АЕК-ке дейін. Яғни бір қондырғының кесірінен 369 200 теңгеден айырылуыңыз мүмкін.
Сонымен қатар, кондиционерді алып тастап, қабырғаны бастапқы қалпына келтіру міндеттелуі де бар.
Айыппұлды алғашқы 7 күнде төлеген азаматқа 50 процент жеңілдікпен өтеу қарастырылған. Бұл жағдаймен келіспеген болса, әкімшілік сот немесе eGov.kz порталы арқылы шағымдануға болады.
Талапты пәтер иелері кооперативі (КСК) немесе басқарушы компания, әкімдік пен тұрғын үй инспекциясы, жергілікті полиция, сәулет және құрылыс бақылау мекемелері бақылайды. Олар арнайы, кезекті тексеріс жүргізуі мүмкін немесе көршілеріңіздің шағымы арқылы да келе алады.
Пікірлер әлі әрқилы
Алматылық тұрғын кондиционер туралы хабарлама алғанын, оған тұрғындар қарсыласқанын айтады.
«Мынау шектен шыққандық деп ойлаймын. Жоғары қан қысымы бойынша есепте тұрамын. Кондиционерсіз күн кешу мүмкін емес. Баспанамның терезелері көше бетке қарап тұр. Енді оны қайда орналастырамын? Өзім жолыққан жоқпын. КСК-дағылар олай етпесем, зейнетақымның жартысын айыппұл үшін беретінімді айтты. Көршілер де қарсы», – дейді Алмагүл Әбікен.
Заңгер Мұқан Иса асығыс шешім деген пікірде.
«ҚР Конституциясында тұрғын үй адамдардың жекеменшігі екені жазылған. Сондай-ақ және тұрғындар денсаулығын сақтауға құқылы делінген жолдар да бар. Еліміздегі барлық үй көп қабатты емес. Ара-жігін ажырату керек. Бас салып айыппұл салу орынсыз. Эстетикаға байланысты десе, арнайы заң шығуы қажет. Онда барлық талаптар мен мүмкіндіктер, халықтың әлеуметтік тұрмысы ескерілсін. Бұл алдымен ескерту, арнайы уақыт беруден кейін жүзеге асатын жұмыс», – дейді әңгімесінде.
«Өз басым, орынды қабылданған шешім деп ойлаймын. Қаланың сәулеттік келбеті деген бар. Ғимараттардың да әдемі тұрпатын әр жерден орнатқан түрлі кондиционерлер бұзып тұратынын көріп жүрміз. Бұл жаңадан бой көтеріп жатқан құрылыс нысандарына да «құлаққағыс». Біріккен Араб әмірлігінде болғанда, оларда бұл жүйе автоматтандырылғанын көріп таң қалдым. Сондай күнге біз де жетуіміз мүмкін», – дейді Айболат Тұрманов.
Белсенді Еңлік Бекжан Қызылорданың 40 градустан асатын аптап ыстығын Астана, Алматының қоңырсалқын жазымен салыстыруға келмейтінін атады. Сол себепті орындалмастан бұрын, жергілікті климаттық өзгерістер де назарға алынуы тиіс дейді.
Жағдай ел денсаулығын түзеуге де септеседі деген пікірде дәрігер Сая Оразымбетова.
«Кондиционердің кесіренен түрлі кеселдер табылып жатқанына куәміз. Әр нәрсенің жақсы, жаман жағы да болады. Ыстық жерден бірден суық бөлмеге кіру дайын емес иммунитетке жағымсыз әсерін береді. Сыртқы және ішкі температуралар айырмашылығын 10 градустан артық болмауы керек.
Кондиционер астында ұзақ отыратын жандарда бактериалдық инфекциялар, пневмония пайда болады. Микроағзалар құрылғының сүзгішіне орналасып, уақыт өте ауа ағынымен бірге бөлме ішіне таратады. Кондиционерге антибактериялық сүзгілер қолдану керек және оның сүзгісін уақытылы тазартып, ауыстырып тұру қажет.
Сондай-ақ құрғақ ауа тері мен тыныс алу жолдарына жағымсыз әсер етіп, көзді құрғатады. Мемлекеттік ұстаным жаппай кондиционер қолданушылардың өз денсаулығын қорғауына да көмегін тигізеді».
«Корейліктер күн ысығанда қайнатылған тамақтар ішкен жөн деп ойлайды. Олардың күнтізбесінде жаздың үш күнінде «ыстық тамақ күні» белгінеді. Мұнда коммуналдық төлем, қызмет көрсету құны жоғары. Сондықтан көбі қаржысын үнемдеуге тырысады. Үлкендер банк, аурухана, метро, жер асты базарлары мен ірі сауда орындары сынды кондиционерді барынша қосып қойған орында салқындап жүреді.
Винтелятордың маторына босаған сыраның қаңылтыр құтыларын байлап қоятын, тоңазытқышқа қатырылған мұзды төсегіне қойып ұйықтайтындар бар», – дейді Кореядағы қандасымыз Құлпынай.
Ұлттық экономика министрлігінің жаңа бұйрығы қаланың негізгі күре жолдарындағы ғимараттарға қатысты делінген. Министрліктің Құрылыс комитеті бұл тұрғыда жергілікті атқарушы органдар өздері шешімдер қабылдау керектігін айтқан. Алдымен қала құрылысы жобаларында анықталған басты үлкен көшелер, даңғылдар анықталып, сол көшелерге жоспарлы түрде кезең-кезеңімен осы жұмыстар жүргізілетінін жеткізген болатын. Бұл Өзгеріс аалаяқтардың жаңа талапты желеу қылып, тұрғындарың қалтасын қағуға «қолайлы жағдайын» тудыруда. Қалай болса да, жағдай алдымызда әлемде климат өзгеріп жатқан тұста, дұрыс салқындау, үнемдеу үдерісіне ілесу, сәулеттік келбетті сақтауды сауатты игеру жайы тұрғанын ұғындыруда.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА