Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалыңдық аламын деп, қылмыскер болмаңыз

Қалыңдық аламын деп, қылмыскер болмаңыз


Өмірден өз теңін тауып, некелесу әр адамның өмірлік миссиясы, маңызды қадам, таңдау еркіндігінің көрінісі. Алайда осы жағдайды екінші адамның келісімінсіз орындау жағдайы елімізде әлі де кездеседі. Қыз алып қашу – ғұрып па, қиындық тудыратын құрық па? Ел не дейді? Биліктегілердің базынасы қандай? Үңілдік...
Дәстүрлі ғұрыпты жоққа шығаруға болмайды
Жағдайдың тарихтағы орны туралы этнограф маманнан сұрадық. Айзада Әлімкерей оны дәстүрлі қолданыста бар үйлену ғұрпының біріне балайды.
«Қыз алып қашу кеше, бүгін пайда болған үрдіс емес, халқымыздың тұрмысында ғасырлар бойы жалғасып келе жатыр. Қазақ дәстүрлі некесі әдетте қос тараптың бір-бірімен құдаласуы, яғни ата-ана таңдауы арқылы жүзеге асқан. Сонымен қатар қыз алып қашу да болған. Ұнатқан қызын алып қашатын жігіттер әрекетінің соңы көбіне руаралық дауларға ұласқан. Себебі «бел құда», «бесік құда» деген дәстүрлер арқылы қыздың теңін ерте тауып қойған», – дейді.
Дәстүртанушы маман тарихтағы «Қалқаман–Мамыр», «Еңлік – Кебек» оқиғаларын мысалға келтіреді. «Бұл тұжырымдар заң болмаған кездің өзінде, қыз тағдырына қазақтың құрметпен қарағанын көрсетеді. Ерте құдаласудың түбірі – бұрымдының болашағы, алда «құрбанға» айналмай, дұрыс жерге барып, бақытты болуы», – дейді ол.
Тарихшы Гүлбағида Мейірханқызы қыз алып қашуды жауынгерлік қоғам қалыптастырған түсінік деген тұжырымда.
«Барлық адам бай, малды, билікке қолы жете бермейді. Жаугершілікке жастарды тартудың да бір құралы ретінде қыз алып қашуды ұсынған. Үйленуге, қыз айттыруға жағдайы жоқ жігіт не істейді? Әрине басқа елді шауып, қызын әйел қылады. Бертін келе бұл жағдай ел арасында да сипат алған. Кедей жігіттер қалыңдығын алып қашқан», – дейді.
Бәрімізді «алып қашты»
«Өткен ғасырдың 80-жылдары бойжеткен біздің барлығымызды бозбалалар «алып қашты». Ол тұста құда түсіп келіпті дегенді мүлде естімейтінбіз. Жігіт-қыз болып жүргенімізді жақындарымыз білетін. Бірақ үлкендер білмеген сыңай танытады. Орай келгенде «қашамыз». Кейде жеңгелері не жақын достары дастарқан жайып, тілеулестік білдіріп, «ұзатып» жатады. Қазір қызды ұзатып, жиылғандардың сай-сүйегін сырқырататын сыңсу, қоштасу қосылғанда, сол «қашып кеткен» жөн бе деген ойда қаласың», – ардагер Гүлжамал Дүйсенова.
22 жастағы Назым Ерсейіт (аты-жөні өзгертілді) алып қашуға өзі келісім бергенін айтады.
«Қашып кетуіме бірнеше жағдай себеп болды. Біріншісі, үйдегілер студент кезде тұрмысқа шыққанымды қаламады. Салмақты себеп, әр ата-ана баласының «жемісін» көруді армандайды. Сол ой оларда да болған шығар. Үшіншіден, менің жасым жолдасымнан 6 жасқа кіші еді. Өзім ақылы бөлімде оқитынмын. Бұл салмақтан үйді құтқарғым келді. Сән-салтанатпен ұзатылуды маған да жасап бере алар еді. Алайда оны бос шығынға балаймын.. Таңдауым туралы айтылғанда, анам қарсы болды. Сондықтан осы қадамға бардым. Оңай болған жоқ. Бірақ қазір бәрі түсіністік тапты. Мен де өкінбеймін», – дейді қос баланың анасы.
Заң әлі солқылдақ
Қыз алып қашқаны үшін жауапкершілік күшейтілетініне қуанышты Зарина. Оның жүріп жүрген жігіті бола тұра, өзге бейтаныс азамат алып қашқан.
«Бастапқыда мені заң қорғайды деген ұстанымда болғанмын. Жігітімнің де құтқарып алатынына сенімді едім. Бірінен соң бірі келген абысындарым әулет, менің жолдасым туралы мақтау айтып, «миымды айналдырды». Одан қалса, үлкен әжелердің есік аузында орамалын шешіп, жатып алып, «менен аттасаң ешқашан бақытты болмайсың» деген өңменімнен өткізетін сөздері еріксіз көнуіме апарды», – деп бастады бастан өткен оғиғасын.
Бізбен әңгімесінде келіншек аузынан шыққан барлық сөзін бүкпесіз жеткізумізді өтінді.
«Мені не ашындыратынын білесіз бе? Қыз алып қашуға тосқауыл қоюға біздің қоғам әлі де дайын емес. Анам: «Үш күн қатын болған адамды қалай алып кетемін. «Босаға көрген» деп айтады. Бағың шығар, тәуекел. Ағайындар да солай деді», – дегенінде жан-дүнием теңселіп кетті. Ал «сенсіз бір күнде тұра алмайтын» деп жүрген жігітім «Бақытты бол! Бұл сенің таңдауың» дегенге ғана әлі келді», – дейді ашына.
Заринаның тағдырласы Анардың да жағдайына құлақ түрдік.
«Күйеуімді танимын. Мені ұнататынын да сезетінмін. Уақыт өте келе бәрі жақсы болады деген үмітім болған. Бірақ ол ештеңені өзгерте алмады. Сырт көзге жарысты отбасымыз. Бір емес, бірнеше бала тусам да санамыз түйіспей, ішкі салқындық сызы үдеп барады. Ажырасайын десем, балаларымды әкесіз қалдырып, «Қайтып келген қыз – көзге шыққан сүйел» деген жаманатқа да жақындарымды қалдырғым келмейді», – дейді әңгімесінде.
Қыздарға құқықтық сауаттылық керек
«Қазақстандағы «алып қашу» санағын тап басып жүргізу мүмкін емес. Оңтүстік жақта белең алған. Алып қашқан мың қыздың ары кетсе, төртеуі шағымданады.
ҚР Конституциясының 16-бап 1- тармағына сәйкес әркімнің жеке басының бостандығының құқығы бар. Қылмыстық Кодексте адамды еркінен тыс алып қашу «Адам ұрлау» болып саналады. Сондай-ақ бас бостандығынан айыр жазасы тағайындалады.
Алып қашушы әрекетті жалғыз емес, бірнеше адам бірігіп жасаса, жаза ауырланады. Алайда сотқа дейінгі тергеп-тексеру қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің болмауына байланысты тоқтатылуда. Елімізде алып қашуды егжей-тегжейлі жобаның көтерілуі – уақыт талабы. Әрбір ару «көп айтса болды» деп жүрек ырқынсыз болған жайға мойынсұна бермей, құқықтық сауаттылығын арттырып, еркінен тыс алып қашқанына арызданып, жазыптыларды жазалауға жәрдемдесуі керек», – дейді заңгер Ләззат Асанғалиева.
Ислам дініндегі үкімі қалай?
Некенің ислам дініндегі рөлі мен алып қашуға көзқарасы туралы дінтанушы Махмұт Ермұрат айтып берді.
«Қасиетті Құранда неке –ауыр серт, берік уәде саналады. Ол екі жастың өзара келісімі, қыздың әкесі немесе аға-інілері разылықтары, екі куәгермен бекітіледі.
Қыздың разылығы басты орында басты рөлін атқарады. Ол жәйлі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Қыз келісімін бермейінше тұрмысқа шықпайды», – дейтін хадис шәріпі бар.
Өзіңіз байқағандай, қызды еріксіз алып қашуды дініміз құптамайды, шариғатқа қайшы. Егер қыз келісіп, ата-анасы да келісім берсе, неке түзіледі.
Қатаңдатылған заң нені көздейді
Қазақстанның бүгінгі ұстанымы – ашық, зайырлы, құқықтық мемлекет.
Жақында мінберде көтерілген заңдағы өзгерістер дәл осы қыз алып қашуға маңыз берді.
Бұған дейін қыз тарапының кешірімі арқылы жазадан жалтарған жігіттер енді өз әркететіне жауап береді. Онда қыз алып қашушы 20 миллион айып арқалауы мүмкіндігі айтылды. Демек заң бұзушылыққа барған азамат мемлекетке де ақы төлеуі тиіс. Қылмыстық кодекске енгізілетін өзгеріс осыны ұғындырады. Қыз алып қашушылар үшін қатаңданған жазада бұзақыларды әркеттері үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделуде.
«Неке қиюға мәжбүрлеу» деп аталатын жаңа бап тек нәзік жандылардың ғана емес, қажет кезде ер азаматтардың құқығын қорғауға да қауқарлы.
ҚР Парламент депутаты Абзал Құспанов бап туралы мынандай анықтама берді.
«Бап үш бөліктен тұрады. Бірінші бөлігінде, әртүрлі ақпарттарды таратамын қорқытып-үркітіп, некеге мәжбүрлегендер енді екі жылға дейін жаза арқалайды», – дейді ол. Мұнда әрекетке байланысты айыппұл, қоғамдық жұмысқа тарту, соттату да көзделген.
Егер қыз кәмелетке толмаған болса, оған күш қолданылса, 5-7 жыл бостандығын шектеу, не айырылу жазасы қаралған. Денсаулығына зиян келсе 10 жылға дейін үкім кесілуі мүмкін.
Бұған дейін некеге мәжбүрлеу істерінің санаулысы ғана жауапқа тартылғанын баса айтқан ҚР Парламент мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов: «Дәстүр деп дарақылыққа жол беру – заңнамадағы олқылық, адам құқығы мен еркіндігін өрескел бұзу», – дейді.
Параламенттегі ұйғарым қыз алып қашу салт-дәстүрге түбегейлі қарсылық танытпайтынын жеткізді. Егер қыз бала өз ықтиярлығымен барып, жағдайда ешбір мәжбүрлеу, қылмыстық құрам жоқтығын дәлелдесе, ешбір жаза қолданылмайды. Мәжілісте мақұлданған заң жобасы сенатқа жетті. Жыл соңына дейін өз күшіне енеді деп күтілуде.
Осы орайда Қытай Халық республикасынан оралған қандасымыз Құрманбай Шайхадаұлының бір сөзі ойға оралды.
«Өте өнерлі ағам бар еді. Ата дәстүр деп қыз алып қашқанын естіген ауыл полицейі атып тастады. Қытайдың заңы солай. Адам ұрлау – үлкен қылмыс. Қыз келісімін берсе де, жағдайды өзгерте алмады. Одан кейінгі он жылдықта «алып қашу оқиғасы» біздің ауылда болды дегенді естіген жоқпын, – дегені бар еді.
Адам ұрлаушы, оның өмірі мен денсаулығына зиян келтірушілер ату жазасына кесілмесе де, жауаптан жалтармауы керек. Бұл – әділетті қоғамның көрінісі.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
31 мамыр 2025 ж. 89 0

Шегіртке шепті бұза ма?

31 мамыр 2025 ж. 81

Сазгер кеші

31 мамыр 2025 ж. 88

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30