Зұлматты жылдар куәгері

Бүгінде қарт майдангерлердің қатары сиреді. Ауданымызда соғысқа қатысқан көзі тірі бір ғана қария қалды. Жаны мен тәні құрыштан жаратылған осынау қарттардың қазіргі және келер ұрпақ үшін қадір-қасиеті асылдай қымбат.
Осыдан он жыл бұрын зұлматты жылдардың куәгері Төлепбай Меңей ақсақалдың шаңырағына барып, тілдескен едік. Өмір жолында кезіккен қиындықтарын баяндағанда қарияның жанарына жас үйірілді. Тағдырдың талай тауқыметін тартқан қарт туралы тағы да оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Төлепбай тарих бетінде бірінші дүниежүзілік соғыс деген қаралы әріптермен қатталып қалған кезеңде қасиетті Қазалы топырағында дүние есігін ашқан. Әкесі Меңей бес қыздан кейінгі Рахымды ер жете бастасымен медресеге оқуға береді. 1917 жылғы екінші ұлы Төлепбайды жасынан мал бағуға бейімдеген. 20-30 түйесі, 100 қаралы қойы бар бұл көшпенді отбасы жазда Қарақұмды жайлап, қыста Қызылқұмдағы қыстауға оралатын. Өз ауанымен күн кешкен елге жаппай ұжымдастыру науқаны жетті. Көшпелі шаруалардың малдарын орталыққа алып, өздерін колхозға мүшелікке тарта бастады. 1929 жылы колхоздастырудың қиюы қашып, оған кінәлі деп танылған бас көтерер азаматтар ұсталды. Оның ішінде Төлепбайдың әкесі де болады. Ағасы Рахым діни оқуын тастап, Қазалы қаласындағы жетi жылдық мектепті бітірді. Сосын ешкімге тіс жармастан аяқ асты жойылып кетеді.
Әкесі қамалып, ағасы жоғалып кеткен соң отбасында төрт бала, екі шешесі (әкесінің екі әйелі болған), әкесінің шешесі, Рахымның келіншегі барлығы сегіз жан басшысыз қалды. Бір түнде әкесі келіп, шешесі мен екі баланы, жеңгесін алып, сол кездері Сұлутам деп аталатын Жаңақазалыдағы нағашыларының үйіне әкеліп тастап, өзінің шешесі мен кіші әйелі, екі баланы бірге ертіп кетеді. Бұлар паналаған үйдегі нағашысы Қайып Аңсатов ескіше сауатты, көзі ашық жан болатын. Ол Қазалыда өмір сүрудің қиындай бастағанын біліп, Жамбыл облысының Меркі ауданындағы жаңадан құрылған қызылша совхозына қоныс аударады. 1930 жылдың аяғындағы колхоздастыру мен асыра сілтеудің кесірінен, оның туған жері Жанкенттегі халық түгелдей босып, ел біраз ауыртпашылықты бастан кешірді.
Төрт жылдық мектепте білім алып жүргенінде Төлепбайдың қасындағылардан едәуір үлкендігі байқалатын. Ағасы Рахымнан өз бетінше үйренген азды-көпті сауаты болғандықтан білгенін қайталап оқығысы келмеген. Оның үстіне жасы кішілермен бірге болуды ар санап, қыстығып жүргенінде мұғалімі: «Сен Меңеев Рахымның інісі емессің бе?» деп сұрайды. Бұл «Иә» деп қуана жауап береді. Апайы білімін тексеріп, өз қатарластарының сыныбына ауыстырады.
Осылай уақыт алға жылжи берді. Әкесі мен нағашысынан қалған қоры таусылып, аштық азабына тап болады. Оқу жайына қалып, қара бастың қамын күйттейді. Мал терісінен жасалған мес, көнтулақты суға қайнатып, соларды талғажау етісті. Жағуға от, ішерге ас болмай қалжыраған үшеу (шешесі, інісі, өзі) ажалдың келген тұсы осы болар деп қамығып жүргендерінде, ауылдасы Сейіт қасындағы бейтаныс кісісімен бірге үйге келді. Шешесіне: «Апа, балаңыз бізге керек болып тұр. Мына азамат жоғарыдан келген үлкен бастық, ол кісі қалған жағдайды жеткізеді» – деді. Шошып кеткен анасының «Аш, жалаңаш өлімші қалге жеткен баланың сіздерге нендей пайдасы тиеді»,-деп шыр-пыры шықты. Осы тұста Сейітке еріп келген азамат сөзге араласып, жоғарғы жақтағы «ЦК» жіберген өкіл екендігін айтты. Бұрынғы тарап кеткен колхоздарды қайтадан ұйымдастырып, ашыққан мүшелеріне астықтай көмек беретінін, «Ақарық» колхозының басқармасы етіп Сейітті, оның хатшылығына сіздің ұлыңызды тағайындасақ деген ниетпен келгенін түсіндірді.
– Шешем қуанып қалды. Оқығанымның біраз септігі тиді. Жазу-сызуымды тексеріп жұмысқа алды. Ертесіне уәкіл тағы келді. Бұл жолы құр қол емес, арқаларына қап арқалапты. Оның ішінде маған арнап әкелген киімдері мен 10 келідей ұны бар. Ұннан атала-быламық жасап ішіп, бір жадырап қалдық, – деп өткенді еске алған қарттың көңілі босады.
«ЦК»-ның уәкілі бұны колхоздың іс-қағаздарын жүргізуді үйретеді деп, ауылдық кеңестің хатшысы Кемалашқа тапсырады. Он шақты күн сонда жатып оқиды. Өз үйіне колхоздың хатшысы, есепші-хатшы болып оралады. Колхоз деген аты болмаса ешқандай кеңсе жоқ-тұғын. Басты мақсаттары «Ақарық» колхозына мүшелікке адам тарту. Бұл жолғы жұмыс жеңіл өтті. Өйткені, колхозға мүше болғандарға мемлекет тарапынан астық беріледі деген хабарды естіген халық өз ынталарымен келе бастады. Елдің үдере көшіп кетуі салдарынан саудырап қалған үш ауыл біріктіріліп, ауылдық Кеңестің төрағалығына Төле Байсалбаев деген азамат сайланды. «Үйрек» деген жерден колхоз мүшелеріне ай сайын үлестірілетін жәрдем ақыларын жеткізіп тұрды. Жұмысқа жарамды колхозшыға айына бір пұт (16 келі), ал жұмысқа жарамсыздарына 8 келі нан мен астық берілді.
Бұдан халықтың жағдайы толық жақсара қоймады. 1931 жылдың қысында ашаршылық өршіп кетті. Ашыққан елде ұрлық, тонау, адам өлтіру белең алды. Бірлі-жарлы малы барлар барлығын бір жерге жинап, қарулы күзетпен ұстады. Төлепбайдың отбасы қоржын тамдарында қала берді. Өзі үш бөлмеден тұратын үйдің бір бөлмесіне ғана отырып, соның астынан ін қазылып, екі-үш ұрашықтарға жәрдемге алған астықтарын жасырып қоятын. Ал ортаңғы бөлмеден колхоз бастығының үйіне тура баратын үңгір қазылып бетін самтықпен жауып тастаған-ды. Бұның бәрі де сақтық үшін жасалған шаралар еді.
Осындай үрей құшағындағы күндердің бірінде есік қағылды. Анасы есікті аша бергенде Төлепбай үңгірмен жүгіре отырып сыртқа шығайын дегенде, қар басып, мұз қатқан тесікте кептеліп, екі ортада қалды. Осы кезде анасы «Әкең келді, шыға бер» деп дауыстады. Бұған дейін әкесінің келуін армандап, тек түсінде көріп жүрген бұл не сенерін, не сенбесін білмей абдырап тұрып қалды. Әкесінің қасындағы жолдасымен бірге төрде отырғанын көрді. Екі қап тола өрік, қалған екеуіне кептірілген нан салыныпты. Оған қоса киім-кешектер де әкеліпті. Әңгімелесе келе ағасы Рақымның Созақта аман-есен қызмет істеп жүргенін естіп, қуанысып қалды. Отбасын алып кетуге келгенін айтқанымен, әкесіне еруге колхоз жұмысында жүрген бұған ешқандай мүмкіндік жоқ еді. Әкесінің елге келгені алақандай ауылға демде естілді. Көп аялдауға болмайтынын білген соң досын ертіп, келген жағына қарай қайтады. Әкесіне еріп кетер деп күдіктенген, колхоз бастығы мұны бақылауға алады. Ақыры ауылдан қашып шығып, Жаңақазалыдағы Пірәлі деген нағашысының үйіне келіп жасырынады.
Колхоз басшылығы бұлардан күдер үзді-ау деген сәтте пойызға мініп, Ташкентке жол тартады. Ташкенттен Бұхараға жету үшін басқа пойызға отыруға билеттері болмай көп әуреге түседі. Осындай қиыншылық жағдайда тұрғанда жандарынан өтіп бара жатқан темір жолшы киімін киген бір қазақтың етегіне жармасып, көмек сұрайды. Сол темір жол вокзалының бастығы Ержанның көмегімен, Бұхараға баратын пойызға отырады. Ашығып, азып-тозып әрең дегенде әкесі паналаған ауылға барғандарында көпшілік жылап-сықтап қарсы алды. Бір апта бойы тамақ ішпеген бұлардың алдарына ас мәзірі әкелінді. Жасы 16-дағы Төлепбайға жұмыс жасауға тура келді. Толық аяқталған білімі болмаса да әкесі мен жездесі ойласа келе сауда жасаушылардың қатарына қосты.
Осындай жайма-шуақ күндердің бірінде «босқындар» аталып кеткен қазақтар арасында белгісіз ауру түрі тарап, адам өлімі көбейе бастады. Онан жан сауғалағандар малдарын сатып, Түркіменстанға қоныс аударып, Иранмен шекаралас Кахқа ауданының (Душак) темір жол бекеті маңына орналасты. Созақта жүрген бауыры Рақымның қайтыс болуы әкесіне ауыр соққы болып тиді. Ұзамай 44 жасында дүние салды. Оның артынша 80 жастан асқан әкесінің шешесі, 11-12 жастағы тетелес екі інісі де өмірден озды. Бұлар екі шешесі мен екі бала қалды. Сауданың келешегі жоқ қауіпті тіршілік екенін сезген Төлепбай елге оралып, білімін жалғастыруды ойлады. Осыны шешесіне жеткізгенінде, 8 жасар інісі Нұрғали «Әкем мен үлкен ағамнан өлідей айырылдым, енді сенен тірідей айырылмаймын» дейді. Бір жағынан туған жерге қайтқанда қалай күн көреміз деп, екі оттың ортасында жүргенінде «Босып кеткен ағайындар ата қонысқа оралып жатыр. Ашарлық жойылып, жағдай жақсарды. Сендер де қайтыңдар» деген хабар келіп, 1934 жылы елге оралады.
Бұрынғы №16 ауылдың орталығы Жанкенттегі «Екпінді», «Өркенді», «Жанкент» деп аталатын үш колхозға 100-ге жуық отбасы келген екен. Бұларды да қуанышпен қарсы алды. Аштықтың беті қайтса да баспаналары жертөле. Киім, төсек жағы өте тапшы. Мал-мүліктері жетіспейді. Тек қарындарының тоқтығына қанағат қылып отырған жайлары бар.
Шешесін жақын туыстарының бірінің үйіне орналастырып, білім алуға талпынды. Немере ағасы Нағымет Метеров ауылдық кеңестің төрағасы болып тұрғанында керекті анықтамалар мен құжаттарын дайындауға көмек қолын созды. Қазалы қаласындағы орта мектептегі мұғалім Темір Қонысбайұлы: «Сені орта мектепке оқуға берсем, 5-6 жыл уақытың кетеді. Онан да бірден арнайы мамандық беретін зоовет техникумға түс. Сен 7 кластың бағдарламасы бойынша дайындал» деп ақыл берді.
Бар ынтасымен берілгені соншалық көп уақытын кітап оқуға арнады. Он ай өткесін Темір ағайы берген тапсырмаларды түгел орындап, емтихан сынақтарына жан-жақты дайын екендігін айтып, алдына барды. Таудай талабы далаға кетпей, техникумға оқуға қабылданды.
– 1935 жылы техникумының бірінші курсын тәмамдадым. Мамандығым мал шаруашылығымен байланысты. Елде ешқандай аша тұяқ қалмағанын біліп, алған білімімнің келешегі жоқ екенін сезіндім. Бұл жәйт менің ғана емес осында білім алып жатқандардың барлығын мазалайды екен. Техникумның I-II курстарындағы 20 шақты студент ойласа келе, Қызылордаға барып, өзге мамандыққа машықтануды жөн санадық.
Ол жақта жоғары оқу орны жоқ екен. Біздің таңдауымыз педтехникум болды. Барлығымыз қабылдау емтиханынан «4» пен «5» алып, 1936-37 жылдары педтехникумының бірінші курсына қабылдандық. 1940 жылы жақсы бағамен бітіріп, өзіміздің «Екпінді» колхозындағы орталау мектепке келдім. Осы білім ошағына орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі және оқу ісінің меңгерушісі болып жұмысқа орналастым. Міне, менің соғысқа дейінгі өмірім осылай өрбіді, – деп қария бір күрсініп алды.
1940 жылдың басында Қазалы ауданынан басым көпшілігі мұғалімдерден құралған, 200-ден астам жастар азаматтық борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырылды. Бұлардан басқа Орта Азия елдерінен бірнеше эшелон Минск қаласына жеткізілді. Денсаулығы жарамдылары Батыс Белоруссия әскери округіне таратылып, Төлепбай Брест қаласындағы алты айлық әскери мамандыққа даярлайтын әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөліміне орналасты. 1940 жылы Финляндиямен соғыс тоқтады. Бұл елімізді үлкен шығынға ұшыратты. Финляндиямен арадағы соғыстағы кемшілікті алдағы уақытта болдырмау үшін Отандық әскери тәртіпке үлкен өзгерістер енгізілді. Сол уақыттарда Қызыл әскерлерді даярлайтын кіші командирлерден бастап жоғары қолбасшыларға дейін қатал тәртіпке көнбегендерді аяусыз жазалауға ерік берген. Осы тұстары тәрбиеленушілер қатарындағы Кенжалы Айманов-Қазақстанда Білім министрі, Бақи Бакиров-Қызылорда облыстық партия комитетінің хатшысы, Әнәпия Ұзақбаев аудандық партия комитетінің хатшысы, Ерғали Қожаназаров Қазалы ауданында көп жылдар соғыстан кейін елге оралып, басшылық қызметтер атқарды.
1941 жылдың мамыр айында бүкіл Батыс Белоруссия әскери округі бойынша әскери дайындықтан сынақ-жаттығу өтетін болып, әуе шабуылына қарсы қорғану бөлімдеріндегілерді Бресттен 500 шақырым қашықтықтағы Минск қаласының маңындағы арнайы арт-полигонға екі айға жібереді. Төлепбай әрбір бөлімшеден қалдырылған 150-дей солдатпен бірге дивизионда болған. Сол жылдың маусым айының 21-нен 22-іне қараған түні Черемаха теміржол стансасының маңында тұратын дивизионды немістің тастаған бомбасы шырт ұйқыдан оятты. Алаңсыз жатқан жұрттан еш қарсылық болмағасын, жау ұшақтары екі-үш сағаттың ішінде керек деп тапқан барлық нүктені бомбалап қиратып, қиыр шығысқа қарай өте шықты. Бұл соққыдан тірі қалғандар жедел шоғырланып, бір жерге жиналады.
– Бас-аяғы 50 шақты адам бас құрадық. Қалғандары өлген, із-түссіз жоғалған. Тірілеріміз үшін бір ғана жол қалды. Ол-дивизон бағынатын арт-бригаданың штабына адам жіберіп, сол жақтан нұсқау алу. Арнайы әкелінген хабарда «Бұл жақтағы командирлердің отбасыларын, әскери құпия қағаздарды, мүліктерді тылға көшіреміз. Өздерің тұрған жердегі теміржолды немістердің бомбасынан сақтау үшін қолда бар зеңбіректерді жауынгерлік сапқа қойып, қорғанысқа дайын болыңдар» делінген. Бұл қисынсыз бұйрық болса да әскери тапсырманы орындау міндет. Бар-жоғы екі зеңбірік дайындалып, әуе шабуылына қарсы қорғаныс ретінде қойылды.
Аспаннан пулеметпен атқылап, жерден танкімен жаншыған аяусыз қырғын басталды. Неміс әскеріне қарсы тұруға біздің топта жарамды қуатты қару жоқ еді. Қолда бар машиналарға мініп, шығысқа қарай шегінуге тура келді.
Бресттен 200 шақырымдай жердегі Волкобитск қаласына жеткенде, немістердің арнайы жасаған бекінісі кездесті. Тоғайдан төрт жүз метр қашықтықтағы биік төбенің басына атыс құралдары тізбектеле орнатылыпты. Танкілер мен ұшақтардан құралған тосқауылды бұзып шығуға еш мүмкіншілік болмады. Кеңес елінің сол кездегі барлық республикаларының тілінде «Қарсылықты тоқтатып, тұтқынға беріліңдер! Босқа қан төгістің қажеті жоқ, Совет Одағының күні жақын» деген дауыстар естіліп жатты. Кеңестік жауынгерлерді тұтқындауды күшейту үшін немістер тағы бір айла ойлап тауып, шөл азабына салды. Ауыз суды қатты күзетке алып, күтусіз қалған жерлерді жаппай улауды қолға алды. Бірден беріле салу өліммен тең. Қарсы шабуыл жасау жағы ойластырылды. Кеш түсіп, айналаны қараңғылық тұмшалағанда тау бекінісіне қарай траншеялардың ішімен алға қарай жылжу басталды. Немістер жарық түсіре бастап еді, винтовканың оғы жететін жердегі прожекторлар қиратылды. Бірақ шарға байланған ракеталардың жарығы жерді күндізгідей жап-жарық етіп жіберді. Осы жолы бір дивизионның ізінен жеткен 80 адамнан қалған он жауынгер тұтқындық құрығына ілінді.
Тұтқындағы қорлықтар адам айтса сенгісіз еді. Лагерьдің күніне бір мезгіл беретін баланда деп аталатын ыстық тамағын құйып алатын табақ жетпейтін. Негізгі ыдыстары басқа киетін каска. Онысы жоқтар үстеріндегі гимнастерка көйлектерінің етегіне құйып ішеді. «Жығылғанға жұдырық» дегендей аштық азабы аздай лагерьде асқазан сүзегі ауруы тарай бастады. Одан қайтыс болғандар саны күн санап арта берді. Сол уақыттары немістер жер қазатын трактормен лагерь жанынан ішіне он мыңнан астам өлік сиятындай траншея дайындап, соған жансыз денелерді толассыз төгетін.
Ұзамай Төлепбай да сүзек сырқатына ұшырады. Бұл жолы ауруларды арнайы дайындалған изоляторға апарып тастау жөнінде тәртіп келді. Тұтқындарды кейде өлі-тірісіне қарамастан траншеяға лақтыра беретін. Ол траншеяға түсіп, ажалын күткенше изоляторға барып өлейін деген ойға келді. Қасындағы туған бауырларындай болып кеткен жандарға осыны жеткізгенінде ешқайсысы ләм-мим демеді. Сонымен 5-6 аурумен бірге изоляторға айдалды. Есінен танып қалған екен, әл жинаған сәтінде жан-жағында қаптаған аурулардың барын аңғарды. Қалың етіп төселген сабанның үстіне жатқызыпты. «Мынаны кім төсеген, мені кім әкеліп жатқызды екен?» дегенінше, қасына ірі денелі үстіндегі әскери киімі де тап-таза, қазақ келіп, «Сен қазақпысың? Қай жерденсің?» деп сұрады. Жауап қатуға әл-дәрмені жетпеді. Мұны сезген ол қолындағы айран түсіне ұқсас жарты стакан ертіндіні ұсынып:
«Мынаны ішіп ал, жақсы боласың. Кейін тамақ беремін» – деді де шығып кетті. Мұны қамқорлығына алды. Жағдайы жақсарғаннан кейін қайтадан лагерьге жөнелтілді. Осы тұста немістер жұмыс істетуге лагерьден тұтқындарды алып жатты. Күні бойы ағаш кестіреді. Бұл да осындайлардың сапына ілікті.
– Айналайын, көрген азабымның бәрін айтып, жүректегі жараны тырналай беріп қайтейін. Алла енді кейінгі ұрпақтарымызға мұндай азапты күндерді көрсетпесін! – деген қария іштегі шер болып қатқан өмір жолы жанын мазалағандай күйге бөленді.
Ақ түйенің қарны жарылып, неміс әскері тізе бүгіп, елде Жеңіс туы желбірегенде Төлепбай бейбіт күннің таңын уайымсыз қарсы ала алмады. Ұзақ жыл тұтқындықтың азабын тартып, 1954 жылдың шілде айында Мәскеуден келген арнайы комиссияның талқысына түседі. Жанындағылардың бәрі де үйіне хат жазып, қайтып барғанда асырап-бағып қағатын сенімді адамның бар екенін білдірген жауаптарын күтті. Лагерьде болған барлық тұтқындар мемлекеттік құпияны сақтау үшін хаттар тек орыс тілінде жазылуы тиіс деген бұйрық болды. Алыс ауылдағы бір ауыз орысша білмейтін шешесіне бұл да хат жолдады.
Бірақ елден ешқандай жауап келмеді. Сол жылы желтоқсан айында он жылдық жазасын бітіріп, босанушыларға арналған «пресылка» деп аталатын лагерьге әкелінді. Осында құжаттары дайындалып, 7 желтоқсан күні сегіз тағдырластарымен бірге арнаулы қарауылмен, пойызға отырғызылды.
– Мен аман-есен елге келе жатқанымды айтып үйіме телеграмма салдым. Қазалыға түсетін күнімді үш күн кешіктіріп жаздым. Ондағы ойым шешем вокзалға келіп жоғалып кеткен ұлым келе жатыр деп елді дүрліктірмесін дегенім еді.
Желтоқсан айының 17-сі күні туған жер топырағына табаным тиді. Ағайын-туыспен арқа жарқа қауыштым, – деді қуанышты сәтін еске түсірген Төлепбай ақсақал.
Он жыл бойы тар қапаста отырып, берілген жазаны өтеп шыққанымен «положение в правах» деген заң талабы мұның бетіне шіркеу болды. Ол бойынша сайлауға дауыс беруге, сайлануға, жауапты қызметтер атқаруға еш құқық берілмейтін.
1955 жылдың көктемінде колхоз бастығына барып, өзі жоқта екі шешесіне жасаған қамқорлығына ризашылығын айтты. Фермаға жылқышы болып орналасты. Көп ұзамай 1955 жылдың 17 қыркүйегінде Жоғарғы Кеңестің тұтқындарды ақтаған Жарлығы радиодан хабарланды. «Известия» газетінде жарияланған нұсқасын аудандық ішкі істер бөліміне көрсетіп, ақталғандығы жөнінде анықтама алуға барады. Аудандық ішкі істер бөлімінен қайран болмады. Бұдан кейін аудандық прокуратураға жолықты. Ондағы Жармедет Елемесов мұны жылы қарсы алады. Ол кісі облысқа шығып, мән-жайға қаныққан соң жаңа төлқұжатқа қол жеткізді.
Жағылған қара күйеден құтылып, ауруынан айыққан соң, колхоздың бас есепшісі Әбіш Ұзақбаевтың қарамағына келді. Колхоздағы материалдардың есебін жүргізетін есепші болып қызметке орналасты. Жасы 40-қа таяп қалған шағында 1956 жылы Меңсұлу атты мұғалім әйелмен көңіл жарастырып, отау тікті. Тұрмысы жақсарып, жағдайы жөнделе бастаған. Жайма-шуақ күндердің бірінде әйелі мен шешесінің арасында жанжал туып, ажырасуға барып тіреледі. Қолынан жазу-сызу келетін, зейінді Төлепбай 1957 жылдан бастап колхоздың құрылыс жұмыстарын басқарды. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген бар емес пе? Отбасын құрып, бала өсіру-азаматтық парыз. Осы мақсатта екінші рет тәуекелге бел буып, өзінен он екі жас кішілігі бар Рахила атты әйелмен бас құрады. 1958 жылы шаңырақты шаттыққа бөлеп, көптен күткен алғашқы перзенттері дүние есігін ашты. Есімін Қанағат атайды.
Жаңа совхоздың орталығы Жанкенттен Қожабақыға көшіріліп, ауыл совхоздың қосалқы бір бөлшегі болып қалды. Байланыс бөлімшесінің бастығы басқа жұмысқа ауысып, Төлепбай соның орнына орналасты. Осылайша біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жүргенінде әйелі ауыр науқастанып, дүние салды. Жасы елуге таяп қалған, денсаулығы нашар азаматқа бұл жағдай біраз ауыртпашылық жүктеді. Әйтсе де тірі адам тіршілігін жасайды. Үлкен баласын апа-жездесіне табыстап, сегіз жасар қызын аудан орталығындағы санаториялық мектеп-интернатқа орналастырды.
Сосын екі баласы бар Салихаға үйленіп, отбасылық өмірін жалғастырды. Ортадағы ортақ төрт баланы бөле жармай тәрбиелеп, тату-тәтті ғұмыр сүрді. Өмір жолы ауыртпашылық пен зұлматты жылдар тауқыметіне толы қарттың «Талансыз тағдырлар жайында естелік» атты кітабын кейінгі ұрпақтары құнды мұра ретінде қадірлеп, өздеріне үлгі тұтады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА