Қазалылық батырлар қандай ерлік жасады?
Кез келген қазақтың қанында батыр бабалардың ержүректігі тулап жатыр. Ұлы Отан соғысына дейін түрлі шапқыншылық пен жаугершілік заманды бастан кешкен ұлттың әлсіз болуға хақы жоқ. Сол себепті екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда өз еркімен сұранған жігіттердің саны басым болды. Ғасырлар бойы соғыстың тезінен өткен аналар мен қаракөздер тылға тартынбай барды. Өйткені жауға қарсы кеткен жақындарын ғана емес, бүкіл Кеңес әскерін азық-түлікпен, қару-жарақпен қамтамасыз етті. Қазақ елінен 1 миллион екі жүз мың жауынгер Отан қорғаған болса, жұрттың 20 процентін құрады. Жүз мыңға жуық текті ерлер адам сенгісіз түрлі ерлік жасап, тарихта қалды. Тағы 497 жауынгер Кеңес одағының батыры атанды. Бұдан бөлек солақай саясаттың кесірінен қаншама боздақтың көзсіз батырлығы елеусіз қалғанын тарихтан білеміз. Ерлігі еленгендердің қатарында қазалылық бес батырдың есімі ерекше аталады. Бірақ өскелең ұрпақ ата-бабаның бүгінгі бейбітшілік үшін нендей тәуекелге барғанын біле бермейді.
Сапер Счастнов
Қазалылықтар Владимир Счастновтың есімін ерекше құрметтейді. Аудан орталығының маңызды көшелерінің біріне батыр есімі берілген. Бұрын Владимир Михайловичтің есімімен аталған мектеп болды. Білім ордасынан түлеп ұшқан түлектер оның соғыста қандай ерлік көрсеткенін ұмыта қоймаған болар.
В.Счастнов 1915 жылы Қазалыда, шаруа отбасында дүниеге келген. Осында білім алып, теміржол маңында орналасқан паравоз депосында слесарь болып жұмыс істеді. 1942 жылы жергілікті қорғаныс бөлімшесінен әскери міндетін орындауға шақырту алады. Айта кетерлігі, жауынгердің бұған дейінгі тәжірибесі майдан даласында көп көмектесті. Өйткені Владимир 1938 жылы тамызда Хасан көлі аймағында жапон самурайларымен шайқасқа қатысқан еді. Ұлы Отан соғысы кезінде депоның бұрынғы слесары күзетшілердің шабуыл жасаушылардың инженер-саперлық батальонындағы сапер бөлімінің командирі болды. Қазалылық жауынгер туған жер үшін ерлікпен шайқасты. Үлгілі қызметі ескеріліп, «Ерлігі үшін» медалімен және ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.
«Кеңес одағының батыры» атағы жас жауынгерге тегін келген жоқ. 1944 жылдың 10 қазанында, күздің өлі түнінде гвардия сержанты В.Михайлович жасақпен әскери қимылға қатысты. Жасаққа Польшаны азат ету үшін Грабник ауданындағы жарылғыш миналардан тазартып, қауіпсіз жол жасау тапсырылды. Бірақ бұл оңай шаруа емес еді. Ондаған аяқтың бірі бағытын жаңылыс басса, бәрінің күлі көкке ұшты дей бер. Бұл аздай мина алаңы зымырандармен үздіксіз жарықтандырылып, қару-жарақтың барлық түрінен снаряд атқылап тұрды.
Владимир Михайлович бірнеше минаның орналасқан жерін дәл тауып, шеберлікпен залалсыздандырды. Қасындағы үзеңкелестері де тапсырманы сәтті орындады. Бірақ көп сарбаздың бірі жаңсақ қадам жасап, жойқын жарылыс болып, фашистер саперлердің көзін құртуға күш салады. Көзді ашып-жұмғанша командир Счастновтың жауынгерлері қынадай қырылды. Батырдың өзіне мина жарықшасы қадалып, басынан жарақат алды. Соған қарамастан, командир кеудеден жаны шыққанша тапсырманы аяқтауға талпынды. Орнынан тұруға күші қалмай, жан тәсілім еткенше тағы 18 минаны залалсыздандырып үлгерді. Өкініштісі сол, осы түні Владимир Михайлович жарақатынан қайтыс болды. Батырдың денесі поляк жеріндегі, Длухида аралына жерленді.
Ұлы даланың ұшқышы
Михайлюк Яковтың да кіндік қаны Қазалы топырағында тамған. 1919 жылы дүниеге келді. Кеңес үкіметі кезінде болған теміржол училищесін тәмамдады. Соғыс басталған жылы Қызыл армия қатарына шақырту алды. Ал 1941 жылы тамызда Чугуев әскери авиациялық ұшқыштар мектебін бітірді. Сол жылдың желтоқсанында Багай-Барановка аэродромындағы 8-ші резервтік авиация полкінде Як-1 истребителіне қайта даярланды. Майдан даласында 1942 жылдың наурыз-қыркүйек айларында – Батыс, Волхов және Сталинград майдандарының 211-ші әскери авиациялық полкінде қызмет етті. 1942 жылдың қыркүйегі мен 1945 жылдың мамырына дейін аға ұшқыш, ұшу командирі және 237-эскадрилья командирінің орынбасары қызметін атқарды. 1943 жылдың ақпанынан бастап 54-ші гвардиялық жауынгерлік авиациялық полк, Дон, Орталық және 1-ші Беларуссия аспанында ұшып жүріп, жау әскеріне ойсырата соққы берді.
Мәскеу, Сталинград және Курск шайқастарына, Орел, Чернигов-Припят, Бобруйск, Варшава-Познань, Шығыс Померан және Берлин операцияларына қатысты. 1942 жылы 30 наурызда әуе шайқасында ұшақ қанатына оқ тиіп, аяғынан жарақат алды. Соғыс кезінде Як-1 және Р-39 Айракобра истребительдерімен 339 рет көкке көтерілген. 75 әуе шайқасында 17 ұшақты күл-талқан етіп, топпен бірге 16 жау ұшағын жойған. Шайқаста көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1946 жылғы 15 мамырдағы жарлығымен гвардия капитаны Михайлюк Яков Даниловичке Ленин ордені және Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бұдан бөлек «Алтын жұлдыз» медалін иемденген. Қазіргі таңда Қазалы ауданында батыр атына көше берілген.
Ерлігі үлгі Үрмәш
1944 жылдың 20 шілдесінде Лудза облысы, Перели аймағында Түктібаев фашистік Германия әскеріне қарсы пулеметпен шабуылды үдетіп, қорғаныс позициясын ұстап тұрды. Кейбір деректерде жауынгердің жау пулеметіне денесін қалқан қылғаны айтылады. Бұл кеңес әскерінің алға жылжуына мүмкіндік берсе керек. Сол шайқаста Үрмәш қаза тапты. Латвияның Лудза облысының Нирза ауылында жерленгені белгілі. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 24 наурыздағы жарлығымен кіші сержант Үрмәш Түктібаевқа Кеңес Одағының Батыры деген атақ берілді. Ол сондай-ақ Ленин және Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталды. Түктібаевтың құрметіне туған жерінде ауыл, көше, мектепке есімі беріліп, ескерткіш қойылған.
Батыр жауынгер 1917 жылы 17 қарашада Қазалы ауданы, Сарыой ауылында дүниеге келді. Бес жылдық мектепті бітірген соң, жастайынан колхозда жұмыс істеді. 1938-1940 жылдары жұмысшы-шаруа Қызыл Армиясы қатарында қызмет етті. 1941 жылы әскер қатарына қайта шақырылды. Сол жылдың қазанынан майдан даласына аттанды. 1944 жылдың шілдесінде ішкі сержант Балтық майданында 391-атқыштар дивизиясының 1280-ші атқыштар полкінің пулеметшілер отрядын басқарды. Латвия КСР шекарасындағы ұрыстарға қатысты.
Атқыштар полкының алдаспаны
Мақаш Балмағамбетовті де қазалылықтар Ұлы Отан соғысының ардагері, майдан даласындағы 73-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы жеке дайындық батальонының рота командирі және Кеңес Одағының Батыры ретінде жақсы таниды. Колхозда есепші, техник болып жұмыс істеді. 1943 жылы Қызыл Армия қатарына алынды да, сол жылдың наурызынан бастап иыққа қару асынды.
1943 жылдың 25 қыркүйегінде сержант Махаш Балмағамбетовтің қарамағындағы жеке дайындық батальонының отряды батальонда бірінші болып Днепр өзенін кесіп өтті. Осы тұста Бородаевка селосы, Украинаның Днепропетровск облысының Верхнеднепровск ауданында гитлерлік автоматшылар тобымен кескілескен ұрыс басталып кетті. Тәулік ішінде гвардия сержанты Балмағамбетовке сеніп тапсырылған жасақ жаудың үш қарсы шабуылын тойтарып, атқыштар ротасының басқа бөлімшелерінің өтуіне мүмкіндік берілді. Түнгі шабуыл кезінде жауынгерлер Бородаевка ауылының шетіне басып кіріп, оккупацияланған шепті көмек келгенше ұстап тұрды.
1943 жылдың 28 қыркүйегіне қараған түні гвардия сержанты Балмағамбетов жау батальонының алға жылжуына кедергі келтіріп, ауылды бақылауына алған жаудың бірнеше атыс пунктін жарып жіберді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944 жылғы 22 ақпандағы жарлығымен фашистік басқыншыларға қарсы күрес майданында жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындағаны үшін және гвардияшылардың батылдығы мен ерлігі ескеріліп, сержант Махаш Балмағамбетовке Ленин ордені және Алтын Жұлдыз медалімен бірге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1945 жылы аға сержант әскер қатарынан шығарылды. Қарақалпақ АССР-нің астанасы Нүкіс қаласында тұрып, жұмыс істеді. 1977 жылы 29 қыркүйекте қайтыс болды.
Жауды жаяу қуған
Оқырманға Геннадий Фадеевич Шляпин есімі де жақсы таныс болуы тиіс. Себебі Кеңес одағының батыры атанған қазалылық бестікті 67-гвардиялық атқыштар дивизиясының 196-шы гвардиялық атқыштар полкінің командирі қорытындылайды.
Геннадий Шляпин 1912 жылы Қазалы қаласында дүниеге келген. Агроөнеркәсіптік техникумын бітірген. Еңбек жолын Қазалы МТС-інен бастап, содан кейін Осоавиахим облыстық кеңесінде жұмыс істеді. 1934-1936, 1939 жылдары Қызыл армия қатарында болды да, 1940 жыл қайта шақырылды. Ташкентте жүріп, 1941 жылы жаяу әскер училищесін бітірген. Үлгерімі үздік болғандықтан осы мектепте мұғалім болды. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінде ерікті командирлер тобымен Г.Ф.Шляпин майданға аттанды. Соғысты кіші лейтенант шенінен бастаған батыр жеңіске гвардия полковнигі атағымен жетті.
1941 жылдың шілдесінен бастап аласапыранға жол тартты. Гвардияның 196-шы гвардиялық атқыштар полкінің командирі операция кезінде ерекше көзге түсті. 1944 жылы 23-24 маусымда оның полкі Витебск облысы, Сиротинск ауданы, Заборье селосы маңында берік жау қорғанысын бұзып өтіп, Витебск-Полоцк темір жолын кесіп тастады. Импровизацияланған құралдарды қолданып, Бешенковичи ауданы Узречье ауылының маңында Батыс Двинадан өтіп, жаудан азат етті. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944 жылғы 22 шілдедегі жарлығымен гвардиялық майор, 67-гвардиялық дивизияның 196-шы гвардиялық атқыштар полкінің командирі Г.Ф.Шляпинге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
1947 жылы «Оқ ату» курстарын, 1957 жылы Бас штабтың Әскери академиясының жанындағы Жоғары академиялық курстарды аяқтағаны тарихтан белгілі. 1956 жылдың қазанынан 1957 жылдың қарашасына дейін Карпат әскери округінің 38-армиясының 70-ші гвардиялық атқыштар дивизиясын басқарды. Полковник Шляпин 1958 жылдан бастап қосалқы құрамда. Қазалы мен Ташкентте тұрып, жұмыс істеді. Ол Ленин, Қызыл Ту, ІІ дәрежелі Богдан Хмельницкий, ІІІ дәрежелі Суворов, І дәрежелі Ұлы Отан соғысы, екі Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған. 1970 жылы 13 тамызда дәм-тұзы таусылып, мәңгілікке көз жұмды.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ