Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қошқарбаев взводының қыраны

Қошқарбаев взводының қыраны

1945 жылдың 30 сәуірінде тарихи оқиға орын алды. Төрт жылға созылған сұрапыл соғыстың нүктесін Кеңес жауынгерлерінің Рейхстагқа ту тігуі қойды. Осы ерлікке толы сәтті жақындатқан жауынгерлер қатарында қазалылық Назархан Құлсейітов те бар еді.
Азаматтық серт – ұтылы ұстаным
Арал ауданындағы ақшағұл құм, ақ шағалалы алап жағасында дүниеге келген оның өмір жолы ауыр да, азапты оқиғалармен өріледі. Ел басына күн туған нәубетті ашаршылық кезінде көршілес Қарақалпақ елін паналаған туыстарымен 1930 жылдардың соңында Ұялыға оралады. Шағын ауылда бала Назархан хат танып, суат ашады.
1942 жылы сол балықшы ауылдан майданға алдыңғы буынның бірі болып аттанады. Ол кез айбынды Аралдың кемерінен тасып, асып жатқан шағы еді. Шағын Ұялыдан Аралға апаратын балық тиелген кеме 30 сағаттан астам уақыт жүргенін атам аңыздай қылып айтып отырыпты. Коюта терезесіне үнсіз шомып отырған жігітке жал толқындар бірде алыстағы арпалысқа асықтырғандай көрінсе, енді бірде соңында қалып бара жатқан жастығы мен жақындарының қимастығын бейнелегендей болады. Шегіну жігіттігіне жат. Алда үлкен, жауапты жол. Әкеден ерте қалған ол қарындасы мен анасы есіне түскенде, көңілі толқып қоя береді. Ұзамай қоштасарда айтқан: «Ер елі үшін туады, елі үшін өледі. Жау жолында жаным пида. Аман болсам, келермін. Кебінмен оралсам, «арманда кетті» демеңдер. Жаным басқалардан артық емес», – деген сөзі ойына оралып, бойын тіктеп алды.
Саратов қаласына жеткізілген сарбаздар екі ай жаттығып, Брянск майданындағы ұрысқа енеді. Алғашында №1018 атқыштар полкінде шайқасқан ол көп ұзамай №674 атқыштар полкіне ауыстырылады. Құралайды көзге атқан мерген жауынгер Орел қаласын қарсыластардан тазартып, Ресей, Украина, Белорусь, Прибалтика жерінде соғыстың бел ортасынан табылады.
Құнды қолтаңба
Өткен күн жайлы өнеге айтуға әркім құмар. Кейде тарихи шындық пен көркем шындық астасып, оқиға туралы түрлі нұсқалар туындап жатады. Ал біз сөз етіп отырған жағдайға нақты деректер жеткілікті.
Табиғатынан байсалды, бірбеткей замат соғыстан оралған соң да өзі туралы ұзақ уақытқа дейін шындықты жарияламаған. Тіпті Рахымжан Қошқарбаевтың қандыкөйлек досы болғаны, Рейхстагқа ту тіккен күндегі жағдай жайлы сырды да асқақал 60 жыл құпия сақтаған.
«Марқұм інім Естекбайды оқуға апарарда әкемнің: «Майдандасым Рахымжан Қошқарбаевпен қауышамын» деген сөзін естіп, таң-тамаша болдық», – дейді қызы, еңбек ардагері Жақсыбике Құлсейітова.
Сол жолы екі дос кездесіп, аңыз адам құнды қолтаңбалы сурет сыйға тартпағанда, бұл оқиға беймәлім күйде кетер ме еді, кім білсін?..
Естелікте «Майдандас, қандыкөйлек жолдасым Назарханға Рахымжан Қошқарбаевтан. 21.Х.80 жыл» делініп, батырдың қолтаңбасы қойылған.
Назарханның немересіне Рахымжан деп ат қоюы қос жауынгердің бір-бірімен жақын, достық берік қатынасты үзбегендігін айғақтайды.
Жеңіс жалауы қалай желбіреген?
Тарихшылар маңызды күн туралы мынандай мәлімет айтады.
1945 жылдың 16 сәуірінде Бранденбург провинциясының Грос-Ноендор ауданындағы дұшпанның мықты күшейтілген қорғанысын бұзып өтуде 3-ші Екпінді армияның 79-шы атқыштар корпусына қарасты 150-ші атқыштар дивизиясының 674-ші атқыштар полкі құрамындағы 1-ші батальонға үлкен қолдау көрсеткен. Бұл ұрыс қимылдары Берлинге жақын тұстарда да жалғасын тапқан.
Сержант Құлсейтов құрамына енген 674-атқыштар полкі Берлинге кіргенде қала үлкен үйінділер алаңына айналған. Атам ол күні немістердің бар күшін жиып, соңына ейін күрескендігін айтып отырыпты.
Берлинді алу оңайға соқпайды. Немістер әр тұстан қамалдар жасап, үйлер терезесіне пулемет орнатып, біздің әскерлерге оқты қарша жаудырады. Қос тарап та үлкен шығынға батады. Ауыр айқаста алға жылжып келе жатқан сержант Назархан Құлсейітовке снаряд жарқыншағы тиіп, қатты жараланады. Бұл жағдайды көрген Рахымжан жақын барып, көйлегін жыртып, жарасын таңады. Взводты басқаруға кетіп бара жатып, қалайда Назарханды аман алып қалатынын, санитар жіберетінін айтады. Ұзамай жеткен санитар жедел көмек көрсетеді.
Көзін ашқанда, өзін ауыр жараланғанын ұғынады. Екі аяғы, жамбасы, ішкі құрылысы, белі мен бүйрегі де зақымданыпты. Есін жиғанда бір қуаныш, бір өкініші жанын мазалайды.
Қуанатыны – Жеңіс туы желбіреді. «Соғыс» деген сұрапыл сын соңғы нүтесіне жетті. Өкінетіні – жараланбағанда, Рахымжанмен Рейхстагқа ту тігер ме еді?.. Мұнысы қызғаныш емес, «өртті дауылдың соңғы жалынына жеткенде жарамсыз күйде қалғанына қынжылысы еді.
Назархан «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Рахымжан Қошқарбаевтың қамқорлығын үлкен құрметпен еске алатын. Ол болмағанда әскери госмпитальға жете алмасы анық екенін айтып отыратын.
Р.Қошқарбаевтың ерлігі ұзақ уақытқа дейін мойындалмай келген. Күні кешене дейін II Дүниежүзілік соғыста қызыл туды Рейхстагқа грузин жауынгері Мелитон Кантария және Егоров тікті деп айтылып келді. Рейхстагқа тудың екі рет тігілгені де жария болмады.
Н.Құлсейітов көзі тірісінде баспасөз құралдарына берген сұхбатында төмендегідей оқиғаны баяндайды.
Р.Қошқарбаев взводымен Шпрееге — соңғы сулы бөгет пен Король алаңы — «Гитлердің үйіне» бірінші болып жеткен, ең алдыңғы шептерде жүреді.
Бұл күні Рейхстагты 150 дивизия 756- полкінің батальоны үш рет шабуылдағанда да сәтсіз болады. Төртінші сәтте ғана ойлары іске асады.
Рейхстагқа алғаш жүгіріп шыққан комбат, байланысшы сол сәтте оққа ұшады. Қатардағы жауынгер Петр Шервина бағаналардың біріне жалауды қадаған делінеді. Ал кешкі сағат алтыдан өте 150-дивизияның екі полкінің жаунгерлері Рейхстагқа жақындап, сыртқы есігін қиратып, фашистермен кескілескен күреске түседі.
Ымырт үйіріле аталмыш орынға жеткен 756-полк командирі Федр Зинчкенко №5 туды Михайл Егоров пен Мелитон Кантария тігетінін айтады.
"Гитлердің үйінде" барлау взводының командирі Қошқарбаевқа Рейхстагқа Қызыл туды тігуге жауынгерлік бұйрық берілген. Жалауды оған батальон командирі Василий Давыдов және саяси жетекші Григорий Васильченко табыс еткен. Тапсырманы орындау үшін оған барлаушылар отрядынан жасақ бөліп береді. Сағат жиырма бірден асқанда лейтенант Қошқарбаев өзінің сарбаздарымен толассыз атылған оқтың астынан айтылған орынға 7 сағат бойы жерге жабыса еңбектеумен жетеді.
Рейхстагқа ефрейтор Григорий Булатовпен бірге барып, бұйрықты орындайды. Лейтенант Р.Қошқарбаев ефрейтор Г.Булатов Рехстагтың мәрмәр бетіне жетеді. Рахымжан гимнастеркасының қойнынан жалауды шығарып, серігіне береді. Григорий оның иығына шығып, туды тігеді. Бұл 1945 жылдың 30 сәуірі, сағат 18:30 минут екен.
Ерлікке тағзым – ұрпаққа мұра
Елге мүгедек болып оралған сарбаз денсаулығына қарамай, өзгелермен бірге еңбекке араласып, халық тұрмысын тіктеуге тер төгеді.
«Ұялы» балық зауытына жұмысқа орналасады. Осында пункт, дүкен меңгерушісі, Бозкөл жұмысшылар кооперациясында қабылдаушы, дүкен меңгерушісі болады. Кейіннен Қазалы балық зауытында шебер, аға шебер болып, зейнетке шығады.
Ғафура есімді қызбен көңіл жарастырып, ұрпақ өрбітеді.
Еңбек және соғыс ардагері 2011 жылы өмірден озады.
«Қошқарбаев взводының қыранына соғыстағы ерлігі үшін үшінші дәрежелі «Даңқ», бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» және бірнеше мерекелік медальдар берілген. Бас қолбасшы В.И.Сталиннің «Мақтау қағазын» алуы да лайықты құрмет белгісі. Еңбекте де еленген ердің өмірі – өнеге, жолы – үлгі. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Н.Құлсейітов сынды азамат туралы мақала дайындау – баба алдындағы перзенттік парыз ғана емес, жас ұрпақ санасына отансүйгіштік қабілетті қаттайтын тәрбие құралы дер едім.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

01 мамыр 2025 ж. 162 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031