Жеңіс туын желбіреткен жауынгер
Ұлы Отан соғысында ел үшін отқа түссе де, ерлігі еленбеген, ең сорақысы мойындалмаған қазақ батырлары көп-ақ. Солардың бірі – қанды майданда фашистерге тойтарыс берген, сұм соғыстың нүктесін қойған, Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен қазақ ері Рақымжан Қошқарбаев. Әйтсе де, оған Берлин шабуылының қаһарманы, Рейхстагқа ту тіккен Ұлы Отан соғысының батыры атағы көптеген жылдардан соң ғана берілді. Рақымжан жеңіс туын желбірету үшін басын бәйгеге тігіп, жаңбырша жауған оқты елемей нағыз ержүректік танытты.
Ол 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысы Тайтөбе ауылының маңындағы қыстақта өмірге келген. Оған ананың мейірімі мен жылы алақанын, әкенің қамқорлығын сезіну бұйырмады. 4 жасында анасы дүниеден өтті, ал әкесі жалған саяси жаламен сотталып, темірторға қамалды. Тіпті әкесінің бауырларын да «сыбайлас» деген айыппен жер аударып жіберді. Осылайша бала Рақымжанды жалған өмір жалғыз қалдырды. Кейін ол Тайтөбе жетімдер үйінде тәрбиеленіп, 7 жылдық мектеп тәмамдаған соң, Балқаш қаласындағы зауыт училищесіне жіберілді. Рақымжан өзінің өмірі туралы «Штурм» атты кітабында жан-жақты баяндады.
Соғыс туралы суық хабарды Рақымжан ауылында шөп орып жүрген кезінде естиді. Бұл жайсыз жаңалық оны бейжай қалдырмады.
1942 жылы 18 жасында әскер қатарына келді. Көкшетаулық полктегі қызметтің жағдайы аса ауыр болды. Қала мұндай ірі әскери бөлімді орналастыруға дайын емес еді. Казармаға, асханаға, сабақ өткізуге, штабқа және басқа да әскери ұйымдар мен қызметкерлерге арналған үйлер болмады.
1943 жылдың жазында сол полктен офицерлік училищеде оқытуға сержанттар арасынан бір топ іріктеліп алынды. Рақымжан осы топқа ілігіп, Ресейдің Тамбов қаласына қоныс аударды. Кейін Фрунзе қаласында орналасқан офицерлік училищеге келеді. Рақымжан училищенің қоғамдық өміріне етене араласты және партия мүшелігіне кандидат болып қабылданды. Училищені 1944 жылдың қазан айында тәмамдаған соң, оған кіші лейтенант шені берілді. Ол I-інші Беларусь майданындағы 150-Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында взвод басқарып, Польша және Германия жеріндегі ұрыстарға қатысты. Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды.
Рақымжанның майдандағы соғыстарға қатысуы мерзімді баспасөзде және көркем әдебиетте жан-жақты жазылды. Берлиннің өзінде болған соғыстарда ол өзінің взводымен ең алдыңғы шепте болды. Шпрееге – соңғы сулы бөгетке және «Гитлердің үйіне» бірінші болып жетті. Одер өзенінен өтудегі қанды шайқастан кейін оны партия мүшелігіне қабылдады. Ал партия билеті аса маңызды бекіністі және саяси маңызды мақсатқа жетудің мадақтау белгісі ретінде «Гитлердің үйінде» табыс етілді. Осында барлау взводының командирі, лейтенант Қошқарбаевқа Рейхстагқа Қызыл Туды тігу туралы тарихи жауынгерлік бұйрық берілді. Жалауды оған батальон командирі Давыдов және саяси жетекші Васильченко табыс етті. «Гитлер үйі» мен Рейхстагқа дейін ара қашықтық 360 метр ғана, бірақ ол жан-жағынан оқ жауған ашық алаңда еді. Лейтенант Қошқарбаев өзінің солдаттарымен толассыз атылған оқтың астынан жер бауырлап 7 сағат бойы еңбектеп өтті. Межелеген орынға ол Григорий Булатов деген солдатпен бірге жетіп, бұйрықты орындап, Рейхстагтың фронтанына туды тікті. Оқиға сәуірдің 30-ы күні 18 сағат 30 минутта болған еді. Тарихи оқиға жайындағы бұл хабар бүкіл әскери бөлімдерді шарлады. Бұл жайында қазақ қаһарманы былай деді:
– Тірі қаламын деп ойламадым. Сондықтан Рейгстахқа 150 метр қалғанда тудың шетіне №674 атқыштар полкі Булатов, Қошқарбаев деп фамилиямызды жаздым. Сонда жанымда отырған Гриша «лейтенант мырза сіз дұрыс жасадыңыз. Егер жаудың қолынан қаза тапсақ, біздің кім екенімізді ешкім білмей қалушы еді», – деді. Сонда мен:
– Гриша, бізге өлетін уақыт жоқ! Қандай жағдай болса да, межеленген жерге қызыл туды жеткізуге тиіспіз және оны бірінші болып тігуіміз қажет, деп жауап бердім, – дейді ол.
Сұрапыл соғыста қазақ қаһарманы мақсатына жетіп, тарихта өшпестей із қалдырды. Бұл жайында төрткүл дүние естіп, тіпті «NewYorkTimes» газетінің арнайы нөміріне де шыққан. Бірақ, ерлік еленбей, қызыл туды тіккен қос жауынгерге Совет Одағының батыры атағы берілмеді. Совет үкіметінің бұл ісін көпшілік «батырдың әкесінің репрессияға ұшырағаны кедергі болды», деп түсінді. Қазақ зиялылары бірнеше мәрте лайықты төсбелгісін беруі жөнінде Брежневке хат жолдаған. Алайда «Соғыс бітті. Бұл мәселе төңірегінде сөз қозғамауларыңызды сұраймын» деген жауапты алды.
Соғыстан кейін ел қатарлы өмір сүріп, атақ-даңқты қумады. Солайша ел есінде қалған ер 1988 жылы дүниеден өтті. 1991 жылы ел тәуелсіздігін алған соң, оған «Халық қаһарманы» атағы 2001 жылы берілді. Батырдың жұлдызын тапсыру сәтіне Қошқарбаевтың жары Рахила, қызы Әлия және майдандас досы Ж.Жанасов шақырылды.
Ер жігіттің құл болмай, ару қыздың күң атанбай, халықтың бірлікте өмір сүруі нақ Рақымжан сынды қазақ қаһармандарының арқасында!
Дайындаған
Серік АҚМЫРЗА