«AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЕКІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМІНІҢ САЙЛАУЫНА ҮМІТКЕР ҰСЫНДЫ

Іс-шараға арнайы Саяси кеңесі Бюросы мен Саяси кеңес мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымының төрағалары мен мүшелері қатысты. Жалпы 27 бастауыш партия ұйымынан 54 делегат сайланып, оның 24-і онлайн форматта қатысты.
Ең алдымен Саяси кеңес Бюросының отырысы өтіп, онда 2025 жылдың 18 мамыры күні өтетін Ғ.Мұратбаев және Қарашеңгел ауылдық округтері әкімдерінің сайлауына партия атынан ұсынылатын кандидаттар келісілді. Сондай-ақ партияның аудандық филиалының кезектен тыс XLIX (49) конференциясының күн тәртібі бекітілді.
Мұнан соң конференция жұмысы жалғасып, екі мәселе қаралды. Делегаттардың ашық дауыс беру нәтижесінде аудандық партия филиалының Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізіліп, қайта жасақталды. Сонымен бірге алдағы 18 мамырда өтетін Ғ.Мұратбаев және Қарашеңгел ауылдық округтері әкімдерінің сайлауына ұсынылатын үміткерлер бекітілді.
Атап айтқанда:
* Ғ.Мұратбаев ауылдық округі әкімінің сайлауына үміткер Рыстығұл Абай Қоңырбайұлының,
* Қарашеңгел ауылдық округі әкімінің сайлауына үміткер Қожантаев Шохан Жанахметұлының кандидатурасы Қазалы ауданының аумақтық сайлау комиссиясына тіркеу үшін ұсынылды.
Маңызды басқосуда аудандық партия филиалы Саяси кеңесі Бюросының мүшелері Самұрат Имандосов пен Талайлы Бөріқұлақов сөз сөйлеп, алда келе жатқан сайлау науқаны үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтіп, партия үміткерлеріне сәттілік тіледі.
Конференция жұмысы аяқталғаннан кейін партия филиалының Саяси кеңесінің отырысы жалғасып, Саяси кеңес Бюросының құрамына бірқатар өзгерістер енгізілді.
#AMANAT