Аудандық партия филиалының жаңа төрағасы сайланды
Бүгін Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында «AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалының кезектен тыс XLII конференциясы өтті.
Іс-шараға арнайы партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, сондай-ақ партия филиалының Саяси кеңесі мен Саяси кеңесі Бюросы мүшелері, партия ардагерлері мен белсенділері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, БПҰ және «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты.
Конференция жұмысын аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев ашып, күн тәртібіндегі бірінші мәселе «AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалының төрағасын сайлау бойынша осы уақытқа дейін партия филиалының төрағасы қызметін атқарған Бақытжан Дүзелбайұлына алғыс білдіріп, партия филиалының жаңа төрағасы лауазымына аудандық мәслихат төрағасы Әліш Ғазиз Әлмәмбетұлының кандидатурасын ұсынды. Делегаттар тарапынан ұсыныс ашық дауыс беру арқылы қолдау тауып, партия филиалының төрағасы болып Ғазиз Әлмәмбетұлы сайланды. Өз кезегінде сөз алған жаңа төраға аманаттықтардың өзіне артқан сенімдеріне зор ризашылығын білдіріп, бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Сонымен бірге жиын барысында облыстық мәслихат депутаты Ибайдулла Тілеп партияластар атынан құттықтау сөз сөйлеп, филиал төрағасының алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Конференция жұмысында қаралған екінші мәселе бойынша партия филиалы Саяси кеңесінің құрамы делегаттардың ашық дауыс беру нәтижесі бойынша жаңартылды. Сондай-ақ жиында 2023 жылдың 6 тамызында өтетін Шәкен ауылдық округі әкімінің сайлауына партия атынан үміткерлер ұсынылып, делегаттардың басым дауысына ие болған үміткер партия атынан бекітілді. Мұнан соң жиын Саяси кеңестің кеңейтілген отырысымен жалғасып, Саяси кеңесті Бюро құрамынада өзгерістер енгізілді.
Жиын қорытындысы бойынша сөз алған облыстық партия филиалының төрағасы Наурызбай Сейітқалиұлы партия филиалы төрағасы қызметін атқарған Бақытжан Дүзелбайұлына облыстық партия филиалының «Алғыс хатын» табыстап, атқарған жұмыстары үшін ризашылығын білдірсе, жаңа сайланған төраға жұмысына сәттілік тіледі.
«Біз партияға жүктеліп отырған жаңа талаптарды зор сенім әрі жауапкершілік деп қабылдап, артылған міндеттерді белсенді де, бірге жүзеге асыруымыз қажет. Ең бірінші кезектегі міндетіміз - партияның саяси Тұғырнамасы мен Сайлауалды бағдарламасында айқындалған еліміз бен аймағымыздың табысты дамуына бағытталған міндеттерді бірлесе де белсенді атқару. Халық аманаты мен сеніміне адал болып, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы, елдігіміздің ғұмырлы болуы мен мемлекетіміз бен аймағымыздың қарқынды дамуы бағытындағы жұмыстарды белсенді жүргізу » - деген облыстық партия филиалының төрағасы партияластарды бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
#AMANAT