Жолдау – халық үніне негізделген жаңа міндеттер
Қазалы вагон пайдалану депосында «Жолдау – халық үніне негізделген жаңа міндеттер» тақырыбында теміржолшылармен кездесу өтті.Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы негізгі міндеттер талқыланды. Атап айтқанда, ел экономикасын дамыту, еңбек адамдарының жағдайын жақсарту, жұмыс орнындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелеріне назар аударылды.
Теміржол саласының ел экономикасындағы орны ерекше. Сондықтан мамандардың қауіпсіздігіне мән беру, еңбек жағдайын жақсарту және олардың ұсыныс-пікірлерін ескеру маңызды.
Сонымен қатар, еңбек адамдарының қоғамдағы орны мен күнделікті атқарып жүрген жұмыстарының маңызы сөз болды. Теміржолшылардың жауапты еңбегі жүк тасымалының қауіпсіз әрі үздіксіз жүруіне ықпал етеді. Осы орайда әрбір қызметкердің өз міндетін сапалы орындауы мен ортақ іске жауапкершілікпен қарауының маңызы атап өтілді.
Жиын соңында Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруда бірлік пен жауапкершіліктің маңызы айтылды. Мұндай кездесулер ашық пікір алмасып, ел дамуына қатысты маңызды мәселелерді бірге талқылауға мүмкіндік береді.













