Еліміздің бірқатар қаласында ауа сапасы нашарлайды
«Қазгидромет» РМК синоптиктері ауада зиянды заттардың жиналуы күтілетінін ескертті

Фото: © istockphoto.com
«Қазгидромет» РМК синоптиктері 2026 жылғы 31 қазанда еліміздің бірқатар ірі қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты ауада зиянды заттардың жиналуы күтілетінін ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Жезқазған, Балқаш, Орал, Ақтөбе, Шымкент және Алматы қалаларында ауа ластануы тәулік бойы күтіледі. Ал Қарағанды, Теміртау, Атырау және Астана қалаларында ластану деңгейі түнгі уақытта жоғарылауы мүмкін.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – бұл атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді факторлардың жиынтығы. Мамандардың мәліметінше, бұл қалаларда баяу жел, инверсия және тұман сияқты факторлар бірігіп, жерге жақын қабатта ластаушы заттардың шоғырлануына әкеп соғады. Мұндай жағдай адам денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін.
Ауаның ластануы кезінде мамандар келесі ережелерді сақтауды ұсынады:
1.Тас жолдар мен өндіріс орындарына жақын жерде ұзақ жүрмеген абзал.
2.Өкпе, жүрек-қан тамырлары аурулары бар және аллергияға бейім жандар өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүруі тиіс.
3.Таза ауада спортпен шұғылдануды немесе ауыр физикалық жұмыс істеуді уақытша тоқтата тұрған жөн.









