Ауылдар қалаға жақындап келеді

Отын жағу бейнетінен арылғандар қатарына өткен жылы Абай ауылы қосылды. Елді мекеніндегі орамішілік газ желілерінің құрылысының келісімшарт құны 343,094 миллион теңге толық игеріліп, пайжалануға берілген.
«Ауыл қалаға жақындап келеді. Инфрақұрылым игілігінен аудан ғана емес, елді шалғайдағылар да шет қалмауда. Түзу жолдар, жарық тартылған көшелер – көшелі іс. Енді газ жетіп, көңілді мәз етіп отыр. Мемлекет жасаған жағдай жастарды туған жерінде тұрақтандырып, кәсібін дөңгелетуіне септеседі деген ойдамын", – дейді еңбек ардагері Серікбай Әбуов.
Ақын атымен аталатын ауылдағы газ құбырларының жалпы ұзындығы 15,0 шақырым. Қатарында 2 газреттегіш шкафтық пункт, 193 тұрғын үй, 8 әлеуметтік нысан бар.
Жыл ішінде жүзеге асқан жағымды жаңалықтың бірі Ақтан батыр елді мекеніндегі газ желілерінің құрылысы. Құны 371,285 миллион теңгені құрайтын жоба аясында 17,5 шақырым орта және төмен қысымды газ желілері және 3 газреттегіш шкафтық пункт қондырғысы орнатылып, желіге қосылған.
Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев елді мекендеріне тартылатын газ құбырын салудың бүгінге дейін 1 562,8 миллион теңгесі игерілген. 21,0 шақырым жоғары қысымды газ желісі жүргізілген. Газ құбырының жалпы ұзындығы – 58,6 шақырым. 5 дана ГРПШ қондырғысы қаралған.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі 2024-2025 жылдары 4 ауылға газ жүргізуге жоба-сметалық құжатәзірлеу үшін аудандық бюджеттен 48,7 миллион теңге қаржы бөлініп, жобалар әзірленгендігін айтады. Алғашқысы Ү.Түктібаев елді мекеніндегі жоба сметалық құны 11,6 миллион теңге тұратын орамішілік газ құбыры. Жобаның жалпы құны 361921,4 мың теңге. Құрылысты қаржыландыруға облыстық экономика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылған.
Кезекті жоспардың бірі – Жанқожа батыр елді мекеніндегі орамішілік газ құбыры жобасы. Бюджеттік өтінімі әзір жоба құны 336 840,0 мың теңге.
Жоба сметалық құжатының қаржысы 16,8 миллион теңге тұратын Бекарыстан би ауылындағы орамішілік газ құбырын салудың сараптама қорытындысы алынған. Жоба құны 594 404,0 мың теңге.
Майдакөлдік тұрғылықты жандар күткен газ құбыры жоба сметалық құжаты 9,7 миллион теңгене бағаланса, жоба құны 267505, 0 мың теңге деп сарапталған.
Сондай-ақ «Отан-Байланыс» ЖШС демеушілігімен Ақсуат АГРС құрылысы және «Ақсуат ауылы мен Байқожа стансасының ауылішілік газбен жабдықтау желілерін салу жұмыс жобасы әзірленген.
Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ