Инфрақұрылымды өркендету жобалары пысықталды
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен Қазалы ауданының даму жоспарын қарау жөніндегі кеңесте аудан әкімі Мұхтар Оразбаев елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту жобаларына тоқталды.
Биыл Қазалы ауданында бұл бағытта 6 жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, Абай елді мекеніндегі орамішілік газ желілерінің құрылысына Ұлттық қордан 25,4 млн. теңге қаралды. Былтыр құрылысты бастау үшін 41 млн. теңге бөлінген болатын. Жалпы құны – 343 млн. теңге.
Қазалы ауданының Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев елді мекендеріне газ құбырын тарту, Қазалы қаласының, Қожабақы елді мекенінің электр желілері мен қондырғыларын қайта жаңғырту республикалық, облыстық бюджеттен қаржыландырылды.
«РЗА» АҚ-ның «Қазалы ауданында 184,29 гектар суармалы жер учаскесін құру» жобасының сыртқы инфрақұрылым объектілерін, яғни сорғы станцияларын салу, жаңбырлатқыштарды электрмен жабдықтау республикалық бюджеттен қолдау тапты. Әйтеке би кентінің электр желілерін қайта жаңғыртуға облыстық бюджеттен қосымша 32 млн. теңге қажет.
Автомобиль жолдары бойынша 5 жоба ұсынылды. Әйтеке би кентіндегі Бегім ана, Сырым батыр көшелерін күрделі жөндеуге, Жанқожа батыр және Әйтеке би көшелерін қайта жаңғыртуға қаржы бөлінді. Мұнан бөлек, Қазалы қаласы көшелерін қайта жаңғырту, Алға ауылдық округінің Бейбітшілік және Б.Әбдіразақов көшелерін орташа жөндеу үшін қажетті қаражат қаралған.
Аталған жобалардан бөлек, аудан әкімі бірқатар көшені салу және күрделі жөндеу қажеттігін атап өтті. Оның ішінде аудандық маңызы бар 22 шақырым «Бозкөл – Тасарық» автомобиль жолын орташа жөндеу ұсынысы қолдау тапты. Жобаның болжамды қаржысы – 830 млн теңге.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі