Тұтынушының құқығы: әуе компаниясынан өтемақы алудың қандай заңды жолдары бар

Әуе компаниясы әр кешіккен сағат үшін тариф құнының 3%-ы мөлшерінде айыппұл төлеуі керек.
Қазақстанда азаматтардың әуе тасымалы кезінде құқықтары нақты заңнамамен қорғалады. Бірақ рейстердің кешігуі немесе тоқтатылуы, билет қайтарудағы қиындықтар, сапасыз қызмет көрсету секілді мәселелер жиі туындайды. Azattyq Rýhy тілшісіне адвокат Дәнілхан Шағатаев тұтынушылардың қандай құқықтары барын және оларды қалай қорғауға болатынын заң тұрғысынан қарапайым түрде түсінідіріп берді.
Жолаушының қандай негізгі құқықтары бар?
Қазақстан заңнамасына сәйкес, жолаушы ретінде құқықтарыңыз Азаматтық кодекстегі «Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңда, сонымен қатар әуе компанияларының ішкі ережелерінде бекітілген.
Жолаушылар тасымалы үшін ашық кез-келген бағытқа әуе билетін сатып алуға; Билеттің шарттарына сәйкес борттан орын алуға; белгіленген нормалар шегінде өзімен бірге қол жүгі мен багажды тегін алып жүруге; рейс кешіктірілген немесе тоқтатылған жағдайда тасымалдаушы компания тарапынан қажетті қызметтерді алуға құқығы бар.
Сондай-ақ мүгедектігі бар және қозғалысы шектелген адамдар арба мен зембілді тегін алып жүре алады.
«Билет сатып алар алдында міндетті түрде әуе компаниясының жолаушылар мен багажды тасымалдау ережелерімен танысқаныңыз дұрыс. Әр компанияның өз ерекшелігі бар. Мысалы, кейбір әуе компаниялары жолаушының билетіндегі аты-жөнінде үш әріпке дейін қате кеткен болса, рейске жібереді, ал басқалары алдын-ала түзетілмесе мүлде ұшққа мінгізбеуі мүмкін», - деп кеңес берді адвокат.
Қандай жағдайда билет ақысын толық қайтарып алуға болады?
Билетті қайтару немесе айырбастау ережелері көбінесе компанияның ішкі шарттарында көрсетілген. Билет қайтарылмайтын санатқа жатса да, заң бойынша, кейбір жағдайларда жолаушы билет құнын толық өтеткізе алады. Рейс тоқтатылған немесе өзгертілген жағдайда билет қайтарымды немесе қайтарымсыз болғанына қарамастан ақысы толық беріледі.
Жолаушының немесе оның жақын туысының қайтыс болуы, я болмаса ауыр науқасқа ұшырағын кезде құжаттық дәлелдер ұсынса, компания билеттің ақшасын қайтарып береді.
Лоукостер ұшақтар көбіне ақшаны тікелей қайтармай, ваучер түрінде береді. Алайда, рейс тоқтатылған кезде олар ақшалай толық қайтаруға міндетті.
Егер рейс өзгерсе немесе тоқтатылса, компания жолаушыға заңмен қарастырылған қосымша қызметтерді тегін ұсынуға тиіс: оған ыстық тамақ беруден бастап, қонақүйге орналастыруға дейінгі қызметтер кіреді. Бұл талаптар орындалмаған жағдайда, әуе компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Рейс бұзылған жағдайда жолаушы қандай шығынды өндіріп ала алады?
Бұл жерде тек материалдық емес, моральдық шығын туралы да айтқан жөн. Рейстің кешігіп не болмаса ұшақ мүлде ұшпай қалғаннан кейін адам ашуланып, күзейліске түсіп, ұзақ уақыт әуежайда күткеннен қажып, шаршайды. Оның үстіне күйіп кеткен билет, қонақүй, экскурсия, көлік броньдары, жаңа билет алуға, тамақтануға кеткен шығындар бар. Багаждың бүлініп, не жоғалып кетуі де қосымша шығын болып есептеледі. Мұндай жағдайда, әуе компаниясы техникалық ақауға, экипаждың жеткіліксіздігіне байланысты рейсті тоқтатса, жолаушы залалды толық өтеуді талап ете алады.
Алайда, егер жағдай форс-мажорлық, яғни ауа райының қолайсыздығы, төтенше жағдайлар болса, онда компания тек билет құнын қайтарады.
Рейс кешіккенде немесе тоқтатылғанда жолаушы қандай құқықтарға ие?
Егер рейс тасымалдаушы компанияның кінәсінен кешіксе немесе тоқтатылса, заң бойынша жолаушы тегін қызметтерге құқылы. Сондықтан әуе компаниясы:
7 жасқа дейінгі баласы бар жолаушыға ана мен бала бөлмесі ұсынуы керек;
5 минутқа екі телефон қоңырауы, оның ішінде халықаралық байланыс линиясына қоңырау шалуды немесе электрондық пошта хабарламаларын жіберуді қамтамасыз етуі керек;
2 сағаттан астам күткенде - салқындатылған сусындар,
4 сағаттан астам күткенде - ыстық тамақ ұсынуы керек;
Ұзақ кешіккен жағдайда - қонақүйде орналастыру және әуежайдан қонақүйге - қонақүйден әуежайға жеткізуді ұйымдастыруы керек;
Сонымен қатар, тасымалдаушы рейс кешіккені немесе тоқтағаны туралы дереу хабарлауға міндетті.
Егер рейс 5 сағаттан артық кешіксе, жолаушының таңдауы бойынша әуе компаниясы ең жақын рейспен жолаушыны жеткізуі тиіс немесе билет құнын толық қайтарып беруге міндетті. Сонымен қатар, әр кешіккен сағат үшін тариф құнының 3%-ы мөлшерінде айыппұл төлейді, бірақ бұл сома билет құнынан аспауы керек.
Қорытындылай келе, рейс тоқтатылған немесе кешіккен жағдайда жолаушының құқықтары әрқашан заңмен қорғалатынын атап өтейік. Тасымалдаушы компания міндетті түрде қажетті қызметтерді тегін ұсынуға тиіс. Егер заң талаптары орындалмаса, жолаушы сотқа немесе тұтынушылар құқығын қорғау органдарына шағымдана алады.
«Ең бастысы, құжаттық дәлелдер жинау. Билет, түбіртек, әуежайда жасалған жазбалар, хабарламалардың бәрі сіздің құқығыңызды қорғау кезінде маңызды дәлел бола алады. Егер рейс тасымалдаушының кінәсінен тоқтатылса, сіз толық өтемақы талап етуге құқылысыз», - деді адвокат Данильхан Шағатаев.