Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерлік пен кеңдік: Жанқожаның Созақты алуы

Ерлік пен кеңдік: Жанқожаның Созақты алуы

Ұлы жүз Қоқан хандығына бағынған соң, қоқандықтар біздің жерге балшықтан қалың қорған орнатып, ор қазып, Созақ қаласын салдырады. Салықты арттырады. Ұлы жүз жұрты жұтап, қанша арыз-шағымдарын айтса да, оған құлақ аспайды. Мұнан соң үлкендер кеңесе келе, Кенесары мен Жанқожа батырдан Созақ қаласын басып алуға көмек сұрайды. Жағдаймен танысқан Кенесары 3000, Жанқожа 500 әскермен келеді.
Кенесары, үш жүздің батырларын шақыртып:
– Әр жүзге үш күн беремін. Кезекпен шабасыңдар. Егер қамалды ала алмасаңдар, өзім бастап, бірігіп шабамыз, – дейді. Ұлы жүз бен орта жүз сарбаздары кезек-кезек соғысып, қамалды ала алмайды. Кезек кіші жүзге тигенде хан Жанқожаға: – Сені асқан арқалы батыр, жолы жеңіл жеңіскер дейді. Егер қорғанды алсаң, хан боласың. Алтын-күмісің тағы бар. Бірақ азғантай қолмен жауды жеңетініңе күмәнім болып тұрғаны, – дейді.
Жанқожа:
– Менің жүз батырым қоқанның бес жүз жауынгеріне татиды, – деп жүре береді.
Жанқожа Құрманай Төремұрат жырауға:
– Ертең сен нарға мініп, қасыңа он адам алып, қорғанның жанында боласың. Қылышыңның орнына домбыраңды асынасың. Себебі сенің тілің қылыштан да өткір қаруың. Сарбаздардың алдына шығып, қанаттандырып, жігерлі сөздеріңмен рухын жанисың, – дейді.
Келісілгендей, аталған уақытта сұрапыл шайқас сәтін күтіп, жойқын дауыл алдында сілтідей тынып тұрған тыныштықты бұзып, ширап, қаһарлана жырлайды. Домбыраның дәл осы сәттегі сиқырлы күшін тілмен бейнелеу мүмкін емес еді. Тартқан сайын домбыраның үні шарықтап, самғай жөнеледі.
– Арғы атамыз кіші жүз,
Баласы еді бес Шекті.
Жанқожадай ер шығып,
Беріп тұр Құдай тілекті.
Үш алаштың ішінде
Сендерден артық кім текті?!
Сарт пен қалмақ зарпынан
Әзіреттен ауыл, ел кетті.
Жалпақ ауа кезінде
Ақтабан деген жұт өтті.
Қыл белбеулі қырық жігіт ,
Әсіресе ішінде
Қыр мұрынды бір жігіт,
Басқасынан келбетті.
Елді жауға шалдырмай,
Кеседен жауға алдырмай,
Сырға қарай шұбыртты.
Қашаннан халық болып отырған
Қарақалпақты үдіретті.
Жер мен суға ие ғып,
Бізді мұнда көлбетті.
Қайырлы болып бұл қоныс,
Біздердей тұқым дүр етті.
Атаның арын арлайтын,
Мінекей, ерлер, күн жетті.
Атаға ұқсап ұл туса,
Жүрген жері жәннәт-ті.
Дүниені оймен ораған,
Хан болып, халқын сұраған.
Шын ашуы келгенде,
Жауға қардай бораған.
Салтанатың кем емес,
Нәріктің ұлы Шорадан.
Айғыр дауыс Тәттібай,
Дұшпанды еттей тураған.
Одан туған Мырзалы
Қайраты асқан туғаннан.
Қыл белбеулі қырық ердің
Біреуі мынау Киікбай
Бекбайыл, Бажақ сол ерден
Асылдан түскен қиықтай,
Анық батыр ат қонар
Арқаңа сүйеу Жанқожа
Қармойыл сырықтай.
Кенехан қалды кейінде,
Дұшпаннан көңі тынықпай.
Аққасиын мен Беласар,
Беліңе садақ жарасар.
Екіталай жер болса,
Ердің көңлін ер ашар.
Ұмтылыңдар қалаға,
Сендерден қалса, хан ашар.
Дарбазасы ашылса,
Кейінгі іскер қол болар.
Ежелден абырой үлгі алған,
Қамалды бұзып, жол салған.
Қандыкөз туған батырлар,
Екпінінен жау қашар.
Шал Төртқара Тәттібай
Бала да болса, атадай.
Батырдың сәні болмайды,
Өз ел атын қорғамай.
Түріктің пірі Қожахмет,
Қарап жатар күн бе еді?
Жаратқаннан жараның
Төбесіне орнамай,
Жігіттің болмас ажары.
Жау сапырын бұлғамай,
Ажалы жеткен адамдар
Үйде жатса да өледі
Көзінің жасы құрғамай.
Көпжасар, Бажақ, Айдарқұл,
Сатыбалды, Жұмабай,
Аталарың аруақты.
Құттық пенен Құрманай.
Құланбике, Қоңырдың
Кереметі белгілі
Жарқырап мысал туған ай.
Еңіреген ел үшін,
Қайдасың, ерлер, тағыда-ай.
Қызылбас, сәдір, ер Дабыл,
Дәрменқұл ахун, Шағырай!
Ізтілеу, Сәдір, Ерғабыл,
Тоқым қаққан Қыстаубай,
Ізбас, Күкі, Жауқашар,
Көпжасар мен Бердібай.
Іс көрсетер күн бүгін,
Құр атаққа мәз болмай.
Сескенбеңдер, батырлар,
Алланың болар жазғаны,
Неше күн қоршап, шайқасып
Ұлы жүз бен орта жүз,
Қожа, Төре бұзбады.
Таусылған соң амалы,
Ақырында Хан Кене
Жанқожаны қозғады.
Жанқожа десе бұл күнде
Қай мұсылман қозбады.
«Бақтыбайлап» ат қойсақ,
Арқанын тартар қозғаны
Созаққа кірсек атойлап, – дегенінде, жаужүрек ерлер «Бақтыбайлап», қоқандықтарға қары шаба жөнеледі. Жау жағы аң-таң күйде тұрғанда, жігіттер жайратып салады.
Жанқожаның Созақты алғандығы туралы хабарды естіген Кенесары:
– Хан екі сөйлемейді. Осы таққа ие бол! Қалаған алтын-күмісіңді ал! – дегенде Жанқожа:
– Рақмет, маған хандық тақ та, байлық та керек емес. Рұқсат етсеңіз, еліме қайтайын, – депті.

Дайындаған
Жұмабек ҚҰЛБАЕВ
28 қаңтар 2025 ж. 161 0

Құрылыс қарқыны жоғары

29 қаңтар 2025 ж. 105

Тегін мұз айдыны ашылды

29 қаңтар 2025 ж. 270

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031