Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жанқожаның Созақ қамалын алуы

Жанқожаның Созақ қамалын алуы

Қоқан әміршісіне арқа сүйеген Созақ ханы халыққа тізесін батырып, ойына келгенін істеді. Зәбір көрсетті. Бұған шыдамаған халық көтеріліс жасап, Кенесары мен Жанқожа батырдан көмек сұрап, кісі жіберді.

Хабарды алысымен Кене хан да, Жанқожа да белгілеген жерге әскерлерімен барады. Жанқожаның бес жүз адамын азсынып өзінің үш мың адамына кеулі толған Кенехан Жанқожаға қарап:
– Жауды көп қашырады, атағы Бараққа қалады дегендей, адамың аз екен ә, дейді. Сонда Жанқожа таңқалған пішінмен: Ау, Кенехан! Көзің көптен қорқып қалған ба қалай? Көптің де көбі бар, аздың да азы бар. Мен аз едім, анау көп екен деп қолындағы мал-жаныңды тегін бересің бе? Көптің де, аздың да құдайы бар емес пе? – дейді.
Созаққа жақын барып ертең қалаға қалай соғыс ашу керектігін бұлар ойласқанда Кенехан: Біз үш жүздің баласымыз. Соғысты әр жүз ретімен жүргізсін. Соғыс мерзімі әр жүзге үш күннен берілсін. Егер осы тоғыз күннің ішінде бірде-бір жүз соғысып Созақты ала алмаса, үш жүз бірігіп соғысатын боламыз. Ерте ертемен ұлы жүз Созаққа аттансын, – дейді. – Ал қалған екі жүздің адамдары не істейді? – деп сұрақ қояды Жанқожа. Сонда хан:
Алыстан арып-шаршап келген адамдар кезекті күнге дейін аттарын тынықтырып өздері демалып жата берсін, – дейді. Ертеңіне ұлы жүздің әскері Созаққа аттанғанда Жанқожа өзінің батырларымен ойласып:
Қазіргі мына жүріп жатқан соғыстан еш натиже шықпайды. Өйткені, Созақ ханы екі жылдың ішінде мұндай соғыс әдісіне үйреніскен. Соғыстың әдіс-айласын өзгертпесе босқа арамтер болады. Шығын да шығады. Оның үстіне Қоқан жағынан әскер келіп қалса онда Созақты алу былай тұрсын, өзіміздің аман құтылуымыз екіталай. Бұл жағын Кенесарының ойлауы керек еді. Менің айтарым: мейлі олар өз қалауынша соғыса берсін, біз кезегіміз келгенше Қоқанның жолын күзетіп қайтайық. Құр мұнда босқа жатқаннан ештеңе шықпайды, – дейді.
Олар түнімен жүріп Қоқанның жолындағы бір бұлаққа барып қонады. Әр бағытқа бірнеше шолғыншы жібереді. Қоқанның ханы жағдайды естіп, жедел түрде Созақ ханына көмекке сегіз жүз адамға бас етіп Тоған батырды жіберген екен. Тоған батыр бастаған сегіз жүз әскер Жанқожа батырдың жасағы жатқан жерге екінші күні жақындап келіп қалады. Батыр өз жасағын тездетіп сапқа түрғызып, Қоқан әскерінің алдынан қарсы шығады.
Қоқандықтар да бұларды көріп, кім екенін білу үшін жаушы жібереді. Келген жаушы кіші жүздің атақты батыры Жанқожа екенін айтып барады.
Мұны естіген Тоған:
– Жекпе-жек! Жекпе-жек! – деп ат ойнатып ортаға шығады. Дарменқұлдан ұлықсат алып Тоғанға қарсы Жанқожа да ортаға қарай жүреді. Тұрпаты үйген төбедей, қолы келсап- тай, саны бөренедей, ала көз ожар қара Тоған найзасын батырға безеніп тұрды. Жанқожа да сабырлы кейіппен көзінен от шаша екі қабағының арасы тастай түйіліп, найзасын оңтайлы ұстап қарсы келеді.
Найзаларын енді салады-ау дегенде, жерді қара түнек тұман басып, көзге түртсе көргісіз тас қараңғы болады да қалады. Екі батырдың не істеп жатқанын әскерлер білмеді. Тұман ашылғанда жұрт Тоғанның екі қолы артына байланып Жанқожаның алдында жаяу келе жатқанын көреді. Сосын соғысқа екі жақ кірісіп кетеді де, көп ұзамай қоқандықтар жеңіліс табады.
Тұтқындарды жаяу айдаған Жанқожа Созақты қоршап жатқан Кенесарыға келеді. Жанқожа Қоқан жаққа кеткен күні Кенесары:
– Бес жүз адаммен менің қолымнан не келуші еді деп Жанқожа бастаған кіші жүздің әскері қашып кетті, – деп сыртынан даттаған болатын. Сондықтан, Кенехан Жанқожаның келгенін жақтырмады, не бітіргенін білгісі де келмеді. Келесі күні Жанқожа тұтқындарымен Тоғанды Кенеханға апарып оқиғаны баяндады.
Кенесары Тоғанға: – Сені Жанқожа қалай байлап алды, – деп сұрады. Сонда ол:
Қалай байланғанымды өзім де білмеймін. Мен ортаға шығып Жанқожаны жекеге шақырғанымда күн ашық еді. Ол маған туралап найза салым жерге келгенде тұман түсіп, тас қараңғы болды да қалды. Үстімді қара зіл басып екі қолым қимылдамай есімнен танып қалдым. Есім кіріп көзімді ашып қарасам екі қолым байланып Жанқожаның алдында айдалып келе жатқанымды көрдім, – деді.
Ертеңіне кіші жүздің кезегі келіп Жанқожаның жасағы Созаққа шабуылға көтерілді. Батыр қаланы айналып шығып сарбаздарына айтты:
- Біз елден шыққанда Созақтың қамалын бұзып, Қоқанды ол маңайдан қуып, ұлы жүзге бостандық алып береміз деп шықтық қой. Үш мың әскерімен қамалды бұза алмай Кенесары кезекті бізге берді. Біз бес жүз-ақ адамбыз. Көп әскерімен олар қамалды неге бұза алмады, біз шағын адаммен қамалды қалай аламыз? Дарбазаны қалай бұзамыз? Осыны айтыңдар, деді сұраулы жүзбен. Бұған ешкім жауап бере алмады. Батыр тағы да:
Олардың қамалды бұза алмаған себебі: арынан жаны қадірлі болды. Ары үшін жанын қимады. Ал біз ар үшін жанды қисақ аз болсақ та қамалды бұзып Созақты аламыз. Кәнекей, ар үшін жанды қиямыз ба? Бүган не дейсіңдер? - дегенде, бөрі де бір адамдай дауыстап:
– Арымыз үшін жанымызды қидық, – десті.
Батыр риза болып ақ батасын беріп:
– Енді соғыс тәртібі былай болсын, – деді. – Үш жүз адам осы жерде қалсын. Сауыт, дулыға қигендер алдында, кимегені сонында жүріп екі жүз қадамдай жер қалатын етіп қамалға жақын барамыз. Жау да қарап қалмай оқ атады. Мақсат қалай да Қорғанның түбіне жету. Қорғанның түбіне жетсеңдер оқтың атылуы тоқтайды. Сол жерге жеткесін Қорғанның іргесімен жағалап дарбазаға жетіп, қақпаны салмағы ауыр балтамен шабу қажет. Бірақ мына нәрсе ұмытылмасын: дарбазаны бұзып жатқан адамға іштен күрекпен шоқкөз тасталады. Сол кезде кейінірек тұрған біздің отыз-қырық мергеніміз қабырғаға асылған шоқкөз тастайтындарды атып құлатып тұруы керек. Қақпа ашылды дегенше кейін тұрған үш жүз атты әскер құйындатып көзді ашып-жүмғанша дарбазаның үстімен ішке өтуі керек. Міне, осылай еткенде ғана Созақты аламыз, – деді батыр.
Дәрменқұл мен Жанқожа екеуі бастап қорғанға қарай жаяу жүгірді. Бораған оққа қарамай бұлар қорғанға аман жетті. Қатты қарсылық көрсеткен қорғаушылар жанқиярлықпен шайқасқан батырдың жасағына төтеп бере алмай қамал алынды. Созақтың ханы бедеу атымен қорғанның құпия есігінен қашып кеткенін Наурызбай батыр байқап қалып, қуып жетіп айдап әкелді.
Созақты Жанқожа батыр алып көңілі жайланған соң, Қоқанның түтқындарының тағдыры қаралды. Жанқожа батыр жеңістің сағасы өзінде болғандықтан алғашқы сөзді өзі алып тұтқындарды не істейміз деп ойын ортаға салды. Оған Кенесары:
– Бастығы Тоған батыр етіп қоқандықтардың бәрін қыру керек, – деді.
Сонда Жанқожа:
– Ау, Кенехан. Әлі де ойланайық. Бұлар бес-алты жүз, бір тайпа халық емес пе? Түгелдей қырып тастап қанын мойныңа жүктемекпісің? Бұларды өлтіргенмен қара жер тоймайды. Бірін қалдырмай қырып тастағанмен қоқандықтар таусылмайды. Соғыстық. Жендік. Елімізді, жерімізді жаудан құтқардық. Кегімізді алдық, дұшпанның соғыста өлгені өлді, тірісін өлтірмейік. Еліне қайтам дегені қайтсын, осында қалам дегені қалсын, – деді батыр.
Кенесары сонда батырға:
– Осының билігі өзінде болсын. Не істесең де өзің біл, – деп келісті.
Жанқожа:
– Созақтың ханын қарттың билігіне берейік. Баласының кегі үшін ол не істесе соны істесін, – деп үкім шығарады. Тоған еліне қайтарылып, қалғандары түтқыннан босатылды.
Тоған кетерінде:
– Мен тірі түрғанда енді қазаққа Қоқаннан жау келмесіне ант етемін, – деп уәдесін беріп кетеді.

Өмірзақ АХМЕТОВТІҢ
«Көсемдік пен шешендік» кітабынан ФОТО: ашық дереккөзден алынды
05 қазан 2024 ж. 87 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 65

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 60

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930