Жауды жайратқан Жанқожа баба
Қазақ халқына қасірет әкелген Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама кезінде жоңғар басқыншыларына төтеп бере алмай, Түркістан қаласын тастап шыққан Кіші жүз ханы Әбілқайыр 1723 жылы Сырдың төменгі ағысымен оның салалары: Қуаңдария, Адам-ата, Қазалы, Сағыр бойын, Арал теңізінің шығыс жағалауын мекендеген өзіне қараған тайпалардың ортасына қоныс аударды. Күлтөбенің басында күнде жиын боп, қазақтың ақылгөй даналары: үйсін Төле, қаз дауысты Қазыбек, айыр тілді Әйтекелер бастаған тоқсан би мен басқа да халық қалаулылары 1726 жылы Ордабасы тауының бөктерінде бас қосып, басқыншылардың бетін қайтарып, белін омырар әскер жинақтау туралы шешім қабылдады. Жасақтарды басқаруға Әбілқайыр хан белгіленіп, сол жылы кескілескен ұрыста қалмақтардың беті қайтарылды. Бірнеше жылға созылған ел мен тағдыры шешілер осы соғыста иен далаға атазаманнан иелік еткен қазақтың Қабанбай, Бөгембай, Райымбек сияқты жаужүрек батырлары ерен ерлік көрсетті. Енді ежелден іргелес отырған осы бір беймаза көршісінің сағын сындырған қазақ халқының аз-кем тыныстауы керек еді. Алайда, сырттан келер қауіп бәсеңсудің орнына барған сайын күшейе берді. Осы тұста шеңберін кеңейтіп, күшін молайтып, белін бекемдеп алған оңтүстік жақтағы көршілес хандықтардың онсыз да титықтап, тоз-тоз болып кеткен қазақтарға деген алакөздігі бір сәт те толастамады. Оның үстіне, қазақ феодалдарының ел билігіне таласқан өзара қырқысы да елді жегідей жеді. Қажыған, азап шеккен, ар-намысы тапталған бұқара халықтың қайғы-қасіретін жеңілдетуді, елдің егемендігін сақтап қалуды ойлаған кейбір дала батырлары рулардың басын біріктіріп, жан-жақтан анталаған жауға қарсы тұрды.
Сондай елім деп еңіреген, бабаларының кіндік қаны тамған жерін таптатпау жолында жетпіс жылға жуық жаулармен жағаласып өткен қас батырлардың бірі–аты аңызға айналған Жанқожа Нұрмұхаммедұлы еді. Жанқожа Нұрмұхамедұлы 1774 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Арықбалық ауылдық кеңесінің жерінде дүниеге келген. Талай ақын шайырлар тілге тиек еткен, қазақтар ғана емес, сол замандағы Ресей империясының Обручев, граф Перовский сияқты азуы алты қарас генералдардың өздері де санасуға мәжбүр болған.
Жанқожа Нұрмұхамедұлы – батыр әрі әулие болған. Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы. Деректер бойынша Жанқожа жас кезінен-ақ қомаға тұйық ауыр мінезді, аз сөйлеп көп тыңдайтын, әр кез жанарынан жалын атып тұратын, орта бойлы, екі иығына екі кісі жайғасып отыратындай төртпақ күш иесі болған. Ол ең алғаш 15 жасында халық көзіне түседі.
1789 жылы Қылышбай хан сырт жаулары барымталаған мал мен дүние-мүлікті қайтару мақсатында жорыққа шығады. Осы мезетте жылқыда жүрген 15 жасар Жанқожа бұл хабардан құлақ қағыс болысымен астыртын дайындалып, сарбаздардың соңына ереді. Елден ұзап кеткенде ғана байқаған Қылышбай оған қарсылық білдірмейді. Осыдан соң Жанқожа талай-талай қанқұйлы шайқаста өжеттігімен ерлік көрсетеді. Халықтың қарапайым бұқарасының арашасы болып, шонжарлармен сан рет қырқысады. Ол керемет күш иесі болумен бірге асқан тапқырлығымен, көріпкелдік болжағыштығымен, қолбасшылық шеберлігімен де әйгілі болды.
ХIX ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап, Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын қоныстанған қазақтарға өз үстемдігін жүргізе бастаған Хиуа, Қоқан хандықтары 1830-1840 жылдары жергілікті халыққа өктемдігін одан әрі күшейтті. Хиуа хандығы Жаңадария, Қуаңдария, Қызылқұмнан өтіп, Қосқорған, Арал теңіздеріне дейінгі аралықтағы Сыр бойындағы қазақтарға шапқыншылықтар жасады. Малын барымталап, әйел, бала-шағаларын тұтқынға түсіріп отырды. Қоқандықтар шекара бекітіп, әкімшілік құрды. 1817 жылдан салына бастаған бекіністерінен әркез жасақтар шығарып, бейбіт елге шапқыншылық арқылы алым-салық жинап тұрды. Осындай зорлық-зомбылықтан жапа шеккен қазақтар, жастайынан әділдігімен, батырлығымен елге танымал болған Жанқожаның төңірегіне топтасады.
Жанқожа ауылы Қарақұмды жайлап, Ырғызды қыстайтын. Қоқан хандығының Созақ бекінісіне орналасқан әкімдерінің жергілікті халыққа салынатын алым-салықтан тыс көрсеткен зорлықтары қазақтардың бас біріктіріп, бұл қамалға шабуыл жасауына себепкер болады. И.Аничковтың мәліметінде, Қоқан әкімі Дәурен Созақ қалаларының бектері Отыншы, Сушымен бірігіп, Сарман биді өлтіреді.
Созақта тұратын Құрман би араша түсуін өтініп, Жанқожаға арнайы хабар жібереді. Жанқожа елден қол жинап, Созаққа жорыққа аттанып, жолда Жаңақорған, Желек бекіністеріндегі қоқандықтарды қуады. 1830 жылдың күзінде Созақ бекінісін қоршауға алып, көмекке келген қоқандық Таған палуанды жекпе-жекте қолға түсіреді. Одан кейін Жанқожа жасақтарымен бекініс қақпасын бұзып кіріп, Созақты басып алады. Қоқан бектері Отыншы мен Сушыны қолға түсіріп, баласын өлтірген өтеуі үшін Құрман биге тапсырады. Кейбір деректе Жанқожа Қоқан хандығының Шымқорған, Қосқорған, Күмісқорған тәрізді бекіністерін де талқандаған. Жанқожа батырға арқа сүйеп, алым-салық төлеуден бас тартып, Хиуа бегі Бабажанның озбырлығына көнбей жүрген Сырдың төменгі сағасындағы қазақтарды тәртіпке келтіру үшін Хиуа ханы Аллақұл жасақтарымен түрікмен Аймұхамед палуанды жібереді.
1836 жылы Ақирек деген жерде елге озбырлық көрсеткен Аймұхамедті Жанқожа жекпе-жекте өлтіреді. Басшысы мерт болған палуанның жасақтары бас сауғалап, қашады. Жанқожа бұдан кейін де Сыр бойындағы қазақтарды хиуалықтардың езгісінен құтқару үшін, олардың бекіністеріне жиі-жиі шабуыл жасап отырады. Батырдың қайсарлыққа толы жорықтары нәтижелі болып, Хиуа бекіністері көп шығынға ұшырайды.
Елде бекініс салған Ресейдің патша шенеуніктері мен әскерлері ауық-ауық елдің тыныштығын бұзып, егде тартып отырған Жанқожаға да маза бермейді. Орынбор шекаралық комиссиясының Сырдария жүйесі бойынша өкілі И.Осмаловскийдің көмекшісі есептелетін тілмаш Мұхаммедхасан Ахмеров шабармандарын пара жинауға Жанқожа ауылына жұмсайды. Жанқожа оларды «орыс заңында мұндай салық мүлде жоқ» деп қуып жібереді. Осындай келеңсіз құбылыстарға ашуланған Жанқожа көтеріліске шығуға мәжбүр болады. 1856 жылы желтоқсанның соңғы күндерінде көтерілісшілер Қазалыны қоршауға алады. Қаратөбе маңындағы Л.Булатовтың отрядына бірнеше рет шабуыл жасайды. Көтерілістің бас кезінде Жанқожаның 1500-ден аса сарбазы болса, 1857 жылы қаңтарда олардың саны 5000-ға жетеді. Жағдай Орынбор генерал-губернаторы В.Перовскийді айрықша алаңдатты. Ол генерал-майор Фитингофт бастаған 300 атты казак, 320 жаяу әскер, 1 зеңбірек, тағы басқа да қаруларымен қоса сұлтан Елікей Қасымов бастаған бірнеше жүз қазақ жасағы бар жазалау отрядын аттандырады. Екі жақ Арықбалықтың тұсында кездесіп, бірнеше дүркін шайқас болады. Жақсы қаруланған жазалаушы отрядқа көтерілісшілер қарсы тұра алмай, шегінуге мәжбүр болады. Екі күн бойы ізіне түскен жазалаушы отрядттан жасырынған көтерілісшілер Қызылқұмға ойысып кетеді. Дегенмен жазалаушы отряд жолда кездескен қазақ ауылдарын шауып, тонайды. Фитингофт бастаған жазалаушы отряд көтерілісші халыққа қарсы тағы бірнеше рет жорыққа шығып, қазақ ауылдарын жауыздықпен қара аспан төндіреді. Көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін Жанқожа сатқындық жасаған рубасыларына азаланып, Дауқара жаққа, одан Бұхар хандығы жеріндегі Ерлер тауына жалғыз кетіп қалады. Екі жылдан соң қайта оралады. Қызылқұмда жалғыз отырған Жанқожаны Елікей Қасымов бастаған казак отряды қаскөйлікпен өлтіреді.
Азаттық жолында басын бәйгеге тігіп, ел қорғаны болған халық батыры Жанқожа бабамыз елжандылық қасиетімен, көреген әулиелігімен ұрпақтар жүрегінде мәңгі сақталған тұлға. Елім деп еңіреген, бар саналы ғұмырының жетпіс жылын жаулармен шайқасып өткізген ержүрек хас батырлардың бірі – Жанқожа Нұрмұхаммедұлы көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналған.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА