Ел қорғаны – Жанқожа
Қазақ халқы өзінің еңбегі орасан ұл-қыздарын ұмытпай, олардың айтулы істерін ұрпақтары жадында мәңгі сақтап жүруі үшін, тарихқа мөр басқандай ерекше таңбалап кеткен. Аты аңызға айналған қазақ халқының нар тұлғалы батыры – Жанқожа батыр сондай сый-құрметке лайықты. Себебі Жанқожа баба елі үшін жастығын, жанын пида еткен нағыз хасбатырдың өзі.
Жанқожа батыр туралы шынайы деректер ұзақ уақыт бойы бүркемеленіп келді. Мұрағаттарда шаң басып жатқан олардың кейбірі жоғалды да. Тек тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін шындықтың беті ашыла бастады
ХІХ ғасырдың басы Ресей империясының отарлауымен қатар көрші Қоқан, Хиуа мемлекеттері де өз үстемдіктерін көрсетіп, жергілікті халыққа қысым көрсетті. Нақты айтқанда, Хиуа хандығы Жаңадария, Қуаңдария, Қызылқұм, Қосқорған, Арал теңізіне дейінгі аралықтағы Сыр бойы қазақтарына шабуыл жасап, тонаған. Қазақтар елі мен жерін қорғау жолында аянбай күресуге тура келді.
Алып империямен қатар Ортаазиялық Қоқан, Хиуа мемлекеттерінің зорлық-зомбылықтарынан жапа шеккен қазақтар, жастайынан әділдігімен, батырлығымен елге танымал болған Жанқожаның төңірегіне топтасты. Жанқожа 17 жасында Кіші жүз құрамындағы Әлімұлы тайпасының жергілікті рулары сайлап алған Қылышбай ханның Хиуа бекінісіне жасаған жорығы кезінде жасаққа елеусіз еріп барып, ешкімге дес бермей тұрған қарақалпақ батыры Тықыны жекпе-жекте жеңеді. Осыдан кейін Жанқожа бабаның жанына жауынгер жігіттер жасақталып, батырдың қиын да қилы жорығы басталады.
Бар ғұмырын халқының азаттығы жолына сарп еткен, талай хан мен сұлтанды, Хиуа мен Қоқан бектерін Сыр бойынан қуып, ел мерейін үстем қылған Жанқожа батырдың да уақыт санап абыройы асқақтай түседі. Алайда ол өле-өлгенше өзінің жастайынан таңдап алған жолынан – халқының азат өмірін көзінің қарашығындай сақтау, зорлық-зомбылыққа қарсы күресу жолынан әсте тайған емес.
Бүгінгі күнге дейін елім деп еміреніп өткен Жанқожа батырды Сыр жұрты есінен бір сәтке де шығарған емес. Тіпті бабаны ұлықтау мақсатында Қызылорда облысының қақ төрінде батыр құрметіне ескерткіш қойылған. Ал Қазалы ауданында 1992 жылы халық батыры және көріпкел әулие Жанқожа Нұрмұхамедұлының құрметіне арналып кесене салынды. Кесене құрылысын салуға мекемелер мен кәсіпорындар, мыңдаған жекелеген азаматтар қаржылай көмек көрсетті. Ауданның атқамінерлері тарапынан жыл жаңарған сайын аталған орынды көріктендіріп, абаттандыру жұмыстары да жүргізіліп келеді.
Биыл халық батырының 250 жылдық мерейтойы тойланбақ. Соның бастауы ретінде кесене алдына Жанқожа батырдың алып мүсіні қойылуда. Қазан айының ортасын жоспарланып отырған ауқымды шарада жылқы шауып бәйге алып, көкпар тартылып, ұлан-асыр той болмақ.
Жанқожа Нұрмұхаммедұлы өзінің асқан батырлығымен, халқына деген сүйіспеншілігімен, адалдығымен, адамгершілік қасиетімен ел аузында аңызға айналып, есімі ұрпақтар жүрегінде сақталып қалды.
Дайындаған
Серік АҚМЫРЗА