Тағылымға толы жылдар мен жолдар
Әрбір адам пендесінің өмірден алар сыбағасы мен қоғам тарапынан көретін құрметінің болатындығы жаратылыстың ерекше заңдылығы. «Кім бай болғысы келмейді, құдайы қаламаса, кім би болғысы келмейді, халқы қаламаса» деген тәмсіл де осы заңдылықтарға сәйкес дамитындығы белгілі. Тек пенделердің осы қағидаттарға сай, іс-әрекеттері көрініс беріп беріп жататындығы бар. Осыны сонау ерте замандардан-ақ түсініп өнегелі жолдарын ұсынып өткен ата-бабаларымыз «жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді» деп ұрпақтарын сабырға шақырып жатады екен. Осындай тіршілік қағидаларының негізінде шахмат тақтасындағыдай шаршы алаңдарында қызмет жасаған ұлдарының бірі, өмірдің тайқазанында ысылып, шыңдалған қайраткер, азамат Нәжімәдин Түрікпенұлы Мұсабаев болатын. Жастайынан әкімшілік басқару саласының қарама-қайшылықтарға толы, шытырман оқиғалы, тіпті, мен айтар едім, тылсым сырларға толы жолдарынан өтіп, ел басқаруды шынайы өнер деңгейінде меңгерген жанның бірі осындай-ақ болар деп ойлаймын.
Тағдыр маған осындай азаматпен бірге қызмет жасауды, өмір тәжірибесін үйренудің мүмкіндігін сыйлапты. Арал ауданын он жылдай басқарғанында, соның сегіз жылдай уақытында бірге болдық. Жаманды-жақсылы қосшылығында жүріп, тарихтың бізге сыйлаған қуанышты сәттерін де бірге бөлістік. Сондықтан да, мемлекеттік қызмет саласындағы басшым, ұстазым, үзеңгілес серігі ретінде, қарапайым өмірдегі ағам туралы қолыма қалам алып, өнегелі жолдарында көрген-білгендерім мен ойға түйгендерімді ортаға салуды жөн көрдім.
2006 жылдың 9 маусымында Аманөткел ауылдық округінің әкімі қызметіне тағайындалған сәттен бастап, ол кісі зейнеткерлікке шыққан 2013 жылдың ақпан айына дейін қызметтес болдық. Демалысқа шықса да, әлі күнге дейін ол кісімен сәлеміміз үзілген жоқ. Кейде үлкен басымен өзі телефон соғып, қуанышты сәттерімізді жібермей құттықтап жататындығы да бар.
Нәжімәдин Түрікпенұлы туралы естелік жазу оңай да, әрі қиын шаруа. Оңай болатыны атқарған қызметтері ел жадында сайрап тұр. Онысын ешбір тарих елдің санасынан шығарып тастай алмайды. Қиын болатын себебі, бірде дана, бірде баладай елпілдеп алдымызға түсіп кетеді. Даналығы өзіне дейінгі ел басқарған ағалары мен әріптестері, абыздар туралы, олардың өмір жолдары, тағылым-тәрбиелерін ортаға салып, суырыла сөйлегендері, ділмар шешендікке ұласып жатады. Реті келгенде өзіңмен бірге қарапайым адам пендесі ретінде, шүйіркелесе сөйлесіп, сырларын бөлісіп, қамқорыңды соғып кететіндігі тағы бар. Асылы адам пендесі ретінде қарама-қайшылығымен, бар болмысымен жарқырап, көріне білу де жаратылыстың біздерге қалдырған тағылымды өнегесі дер едім.
Бірге қызметтес болған жылдарында көзім жеткен бір мәселе, ол кісі өзі тағайындаған кадрлерін қызғыш қыстай қорып, қолынан келгенше қорғап бағатын. Себебі, қай округ, қала болмасын ел ішінде алуан-түрлі пікірлердің болатындығы белгілі жәйт. Қай жерде қандай пікірлер мен мәселелердің барлығын алдын-ала зерттеп, соған сәйкес берілетін жауаптарын дайындап жүруге машықтанған жан. Ең бастысы адамның жан дүниесі мен ниет пиғылдарын аяқ асты туындаған жағдайдың өзінде зердесінен тез өткізіп үйренген де, үйлестіре білетін психолог. Ауылдық округ әкімдеріне сын садағы бағытталған сәттерінде, кәдімгі «майдан қыл суырғандай» тігісін жатқыза отырып, жігіттердің үстіне су тигізбей алып шығатын. Ондай сәттерінде құдайдың берген шешендік өнерімен тіл безеп, суырыла жөнелгенінде мәселе көтеріп отырған адамның өзі айтып отырған ойларынан жаңылып қалатын жағдайлары болатын. Осындай сәттерінің бірінде « ағалар мен жаңадан қызметке кіріскен сары ауыз балапан әкім емеспін. Өзім қойған басшыны қашан өзінің іс-әрекеттерінен өздері зардап шегетін жағдайға жеткендерінше қорғау міндетім. Сондықтан маған ондай ретсіз тілектеріңді айтпай-ақ қойсаңыздар» деген сөздерінің куәсімін. Нәкеңнің бойындағы осындай қасиет, қырларына өзге саланың азаматтары қызыға қарап, құрмет тұтуға тырысатындықтарының талай мәрте куәсі де болдық.
Ұзақ жылдар Жақсықылыш кентінің әкімі болып қызмет атқарған Әуесханов Нағашыбай ағамыз, 2007 жылы аяқ астынан қызметінен босатылатын болып шықты. Себебі, жыл аяқталар тұста СТК-ға бөлінген қаржыны игеру керек деген желеумен жұмсалған қаражаттың әлегі. Жұмсалды деген аты болмаса кент әкімінің ешқандай кінәсі де жоқ. Тәртіптің кеңестің шешімі келген сәтте, аудан әкімі Н.Т.Мұсабаев, әріптесі Н.Әуесхановқа, мен тәртіптің кеңестің шешімін орындауға міндеттімін, амалым жоқ. Саған беретін кеңесім ізден, арыздан. Менің көмегім қашан өз ауызыңнан мен болдым деген сөз шықпайынша, орыныңа адам тағайындамаймын. Мәселе, жеті айға созылды, Жоғарғы соттың шешімі шығып, ағамыз ақталды. Жеті айға дейін ұсталған бос лауазымға Н.Әуесханов қайта тағайындалды. Сол бір кезеңдерде қалыптасып, бірін-бірі аңдыған уақыттарда мұндай қамқорлықты кім жасайды құрметті оқырман. Бұдан кейін бірнеше жыл қызметін жалғастырған ағамыз, зейнет жасына жетіп абыроймен құрметті еңбек демалысына шығып көңілі жайланды. Жақсыдан шарапат дегеніміз осы емес пе.
Нәкең өзінің сеніп тағайындаған кадрлерін сынақтан өткізіп тәрбиелей алатын сезімтал басшы болатын. Орынбасарларына қаратып, сендерден келешек әкім шықпайды, шықса Мұхтардан ғана шығады деп, оған үлкен сенім білдіре сөйлеген сөздері біздерге жетті. Мұхтар Әуесұлы сол кезде аппарат басшысы болатын, соған сай үлкен жауапкершілік жүктеп, жұмыстың ауыр салмағын да артып отыратын. Бір сөзбен айтқанда Н.Мұсабаевтың тай қазанында он жылға жақын шыңдалып, әкімшілік басқару саласында пісіп жетілді. Нәтижесі белгілі Мұхтар Әуесұлы ағасының сенімін ақтап Арал, Қазалы аудандарын сегіз жыл абыроймен басқарып, бүгіндері Ауыл шаруашылығы министрліне қарасты үлкен департаментке жетекшілік жасап жүр. Сенімге ие болу ауыр жүк болумен қатар, оны алып жүрудің салмағы тіпті де зіл батпан. Ең бастысы сенімнің ақталғаны, ықылас-пейілдің ортаймағандығы дер едім. Бұл мысал тек Арал ауданындағы кадрлық мәселе ғана. Қазалы мен Жаңақорғанды, немесе Қызылорда қаласы және облыс әкімінің бірінші орынбасары кезінде тәрбиелеп өсірген інілері қаншама. Осының бәрінде қаншама қажыр мен қайрат , төзім мен сабыр, сенім мен келешек тағдырлардың жатырғандығы белгілі емес пе, қадырменді ағайын.
Нәжімәдин Түрікпенұлына тән қасиеттердің бірі, өзі тағайындаған кадрлерін мүмкіндігінше орындарынан қозғамай, жастары келгенде зейнеткерлікке абыроймен шығарып салатын және олардың өмірлік тәжірибелерін одан кейін де пайдалануға тырысатындығы. Арал қаласын бірнеше жыл қатарынан басқарған А.Үмбетовты осылардың қатарына жатқызуға болады. Екі шақырылымда да сенімге ие болып мәслихат хатшысы атанған Ә.Әуезовпен арадағы ұзақ жылдарға созылған сыйластықтарына сырт көздер қызыға да, қызғана қарайтын. Сол сыйластықтары жарасымды достыққа ұласып, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Қатар қызмет атқарғандарында, екі билік өкілдерінің бір-бірлеріне деген құрметтері, екі азаматтың да өмір жолдары өнегеге толы десек, артық айтқандық болмас деп ойлаймын ардақты ағайын.
Ағамыз өзі Арал ауданының басшылығында болған жылдары орынбасарлары мен бөлім басшыларын іс-сапарларға сиректеу жіберетін. Оның себебі, де жоқ емес. Облыстағы басшы азаматтарға деген салмағы мен сөзінің өтіміне байланысты болатын. 2012 жылы Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырларына байланысты үлкен мәселе пайда болды. Ескірген су құбырлары кез-келген жерден жарылып, Арал мен Қазлыға шіліңгір шілденің ми қайнатар ыстығында ауыз судың өзі жетпей жатты. Облыстан келетін көмек те дер кезінде келмей, аудан бюджетінің бұл салмақты көтере қоятын шамасы болмады. Облыс әкімі Б.Б.Қуандықов өткізген селекторлық кеңесте осы мәселе қаралып, Арал ауданының әкімі жағдайды дереу баяндаңыз деген өктемдеу талап та естіліп жатты. «Менің мемлекеттік қызметте жүргеніме қырық жылдай уақыт болды. Осы жылдардың ішінде жұмыстың жоспарлануы да, мердігері де, қаржысы да бір мезгілде шешілген жұмысты бірінші рет көріп отырмын. Құрметті Болатбек Баянұлы, бұл тікелей сіздің табандылығыңыздың арқасында ғана мүмкін болды» деген жауап та Нәжімәдин Түрікпенұлы тарапынан назарға ұсынылды. Берілген сұрақтың қанағаттанарлық жауабын естіген аймақ басшысы, «Балжан Мөрәліқызы дереу уәде етілген қаржыны босатыңыз, сөзбұйдаға салынбасын» деген тапсырмасын да беріп үлгірді. Қаншама қиын болса да, мәселенің қиюы келіп, шешімін тауып, екі аудан халқының ауыз суға деген зәруліктері қанағаттандырылуға негіз қаланды.
Сол тұста Су ресурстары комитетінің төрағасы И.Әбішовте Аралға келіп, Қосамандағы жағдайды көзімен көріп, тиісті көмектерін жасады. Осының негізінде Арал мен Қазалыдағы суға деген қажеттілік шешімін тапты. Жұмысты ұйымдастыра біліп, дер кезінде берілген көмектерді тиімді пайдалана білу ол кісінің іскерлік мектебінің бір көздері ғана болатын.
Сол кезеңдерде Арал қаласының абаттандырылуына байланысты көптеген жұмыстар атқарылды. Қаланың мөлтек аудандарында демалыс орындары салынып, гүлзарлар жасалынды, қаншама құрылыс жұмыстары жүргізілді. Оның бәрі айтуға ғана жеңіл шаруалар. Сол біткен жұмыстарды аралап көруге күндіз уақыты болмаса, кешкі, түнгі мезгілдерде барып көретін. Көңілден шыққан жұмыстарды көріп, кәдімгідей ләззат алып пейілденіп шығатын да, келесі жоспарларға құшырлана кірісетін. Тұрғындар тарапынан бүлдіріп кету әрекеттері орын алған жағдайлары болса, көңілін алай-түлей сезімдер басатындығына талай рет куә болдық та.
Осыншама жауапты жұмыстардың бел ортасында жүрсе де, ауылдар мен қаланың орталығындағы белгілі адамдардың қуаныш-қызықтары мен қайғыларына ортақтасуға уақыт таба білетін қыры да бар. 2008 жылы аудан орталығынан үш жүз шақырым шалғай орналасқан Құланды ауылдық округінің әкімі Қалыбаев Жарастың әкесі, соғыс және еңбек ардагері, Әбішкен ақсқалдың қайтыс болғандығы туралы хабар алдық. Жұмыс күнінің аяғына жақын жолға шыққан аудан әкімі кештете Ақбастыға жетіп, ертеңінде жұмысында отырды. Бір сөзбен айтқанда шаршау деген мәселе ол кісінің әдетінде жоқ болатын.
Өзіне ғана тән болмысына сәйкес тыным таппайтын ағамыз, зейнет демалысына шықса да, аудан мен облыс тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне қатысты сұрақтарға үн қосып, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып келеді. Аталған мәселелерге келгенде облыстық ардагерлер кеңесінің трибунасын, адамдардың бас қосатын жиындарын пайдалануды дағдыға айналдырған. Салт-дәстүрлер мен имандылық иірімдерін ортаға салып тәрбиелік ойларын, замана көшіне ұштастыруды пікірталас өзегіне негіз етіп алуды жөн көреді. Сонымен қатар облыс әкімі болған ұстазы, марқұм Сейілбек Шаухамановтың қиын-қыстау уақытта ел тізгінін ұстағандығын, ұйымдастырушылық қабылеті мен іскерлігін, кадрлардың тепе-теңдігін сақтаудағы ұстанымдарын кездескен сәттерінде біздерге айтып отырудан жалығып көрген емес. Ең бастысы елдің ауызбіршілігін сақтай біліп, халықты нарықтық экономика талаптарына бейімдей алғандығын, осының нәтижесінде тұрмыс-тіршіліктерінің бірте-бірте дұрыс жолға қойыла бастағандығын аңыздай қылып жіткізуді өзінің парызындай көреді.
Кейінгі жылдары бүгінгі аймақ басшысы Н.М. Нәлібаевтың жастық жігері мен қабылет-қарымы, атқарып жатырған жұмыстары туралы айтып отыруды үлкендік парызы, аға буын өкілі ретіндегі міндеті екендігін айтып келеді.
Осындай тағылымды тірліктерімен қатар Жалаңтөс баһадүр қорын басқарып ізгілікті, имандылық жұмыстарын дәріптеумен қатар, өнер иелерін де құрмет тұтып келеді. Оның айғағы есімі бүкіл елге танымал әнші, сазгер Үкітай Ерниязовты қордың алтын медалымен, белгілі өнерпаз, жыршы Марат Сүгірбаевты Құрмет Грамотасымен марапаттап ел назарын аудара білді. Өте орынды құрмет, ел есінде қалар тірлік.
Нәжімадин Түрікпенұлының Арал ауданындағы тағылымға толы, жылдарымен, жүріп өткен жолдарының шежіресі осындай болып өріліп келеді.
Дәрменов Тәңірберген,
Қызылорда қаласы