Төбеттер төбелесіне тұсау бар ма?
Төбелестің түрі көп. Ауылдағы бұзықтардың ерегесінен бөлек, ит егелерінің «ерегесі» қазір қызып тұр. «Бойцовский ит» деп мақтанған талайын көз көріп жүр. Күннің атысы мен түннің батысына қарамастан әлгі «батырыңды» рингке дайындайды. Жүгіртеді, салмақ қуғызады, диета ұстатады. Сондағысы иттер төбелесінен олжалы оралып, қанжығасын қаржыға майлағысы келгені. Кейбірі мұны «хоббиім» деп ақталады. Алайда астарына үңіліп, жазықсыз жануарды ермек ететініне бажайлап көрді ме?
Бала күнімізде кішкентай балалардың мысықты ұстап алып, оны олай да бұлай лақтырғанын көріп шошитын едік. Оны қойшы, ауылдағы балалар ешекті, қошқарды ұстап алып «шабатын» да еді. Мойнына, тұяғына әлденені кигізіп қойып қинайтын. Ал өзімнің арыққа су келгенде құрбақаларды ұстап алып, жарылғыш бомбамен баклашканың ішіне төңкеріп жаратын едім. Үйдің үлкендері білмейтін. Далаға ойнауға кеткен біз түрлі «жауыздықты» жасап, үйге дым болмағандай тымпиып кіретін едік. Мұндай шалалықты қазір ұялып қана айта аламыз. «Малдың да киесі болады» деген ата-әжеміз бұл тіршілік иелеріне мейіріммен қарауды, тіпті шыбынды да өлтірмей, үйден қуалап шығарып жіберуді бойымызға сіңіртті. Ес кіре жадымызға жануарларға жауыз болмайды сақтап өстік. Балалық не істетпейді? Қазір қалтафон болғанына қуанамыз да-ау. Өйткені балалар тасада жүріп, әлдекімге тас атпай, түрлі нәрсеге қызықпай үйде, көз алдымызда отырады. Қош. Айтпағымыз бұл емес. Төбеттерді төбелестіруді қызығушылығына айналдырғандар иттерге «иттік» жасап жүр ме? «Бойцовский ит бойларына» бұғау, ақша тігетін төбелестерге тұсау бар ма?
МҰНЫҢ ДА ТАРИХЫ БАР
Ит төбелестіру үрдісі Ежелгі Рим империясынан бастау алған. Римдіктер амфитеатрларында иттерді бір-бірімен, жолбарыс немесе арыстандармен төбелестірсе, кейде тіпті адамдарға айдап салып қызықтаған екен. Мұны біз шетелдік кинолардан көретін едік. Кейін бұл XIX ғасырда Англия мен Францияда кеңінен таралады. Солай Еуропадан бастау алған ит төбелестіру үрдісі біртіндеп бүкіл әлемге жайылды. Ал итті малды қасқырдан қорғайтын күзетші ретінде ұстаған қазақ үшін бір-біріне айтақтап, төбелестіру дегеннің жат нәрсе болғаны белгілі емес пе? Өзгенің қаңсығын таңсық санап, еліктейтін әдетіміз бар емес пе? Шет елде не шығады, сол кейін бізді айналып өтпейді. Заманның көшіне қарай бұл үрдістен біздің ел де тыс қалған жоқ. Бүгінде Қазақстан – ТМД елдерінің ішінде спорттың белгілі бір түрі ретінде төбелескіш иттер спортын заңдастырған жалғыз ел екен.
Әлемде иттің 116 түрі болса, оның ішінде ең ірісі әрі азулысы қазақы төбет. Алайда соңғы жылдары елде төбет тұқымы азайып барады. Статистика бойынша, 1939 жылы елдегі төбеттердің саны 19 мыңға жуықтаса, бүгінде олардың саны мыңға жетер-жетпес қана. Олардың олай сиреуіне себеп те жоқ емес. Ел басына төнген қиын-қыстау кезеңдер төбеттердің де қиын кезеңіне айналды. Мәселен, 30-шы жылдардағы кәмпескелеу заманында тұқымы тәуір төбеттерді байлар өздерімен бірге сырт елге ала кетсе, соғыс жылдары майданға аттандырған иттердің қатарында қазақы төбеттер де көп болыпты. Онсыз да қатары сиреген төбеттердің ит ататындардың құрығына іліккендері бар. Тоқсаныншы жылдардағы қиындықта төбет итін түрікмендер мен орыстарға бір қап ұнға айырбастап жібергендер туралы әңгімені де бар.
Төбеттерді «күрестіру» 90жылдардан бері қызу талқыланып келе жатқан тақырып. Қазақ итті қашаннан жеті қазынаның бірі санайды. Сенімді серігі етіп, аңшылық-саятшылыққа алып шығады, үйінің малын күзеттіреді. Құндылық пен қасиетке келгенде иттің ең жақсысын асыраған қазақтар төбетті, тазыны бағалы санаған. Әсіресе, қансонарға шыққанда төбет пен тазының атқаратын жүгі ауыр болған.Тарихи әдебиеттерден Ақан серінің құмай тазысы Базаралының қандай құнды жануар болғанын білеміз.
Тоқсаныншы жылдары итін төбелеске апарған иесі үй жануары арқылы көп ақша тапқан екен. Мұндай спорттың жанкүйерлері ставкаларда сұмдық джекпоттарды жұлып алып жүргенін ашық дерек көздерінен көріп, біліп жүрміз. Тіпті, иті арқылы қымбат ше-телдік көліктерге қол жеткізгендер де бар.
ЕРЕЖЕСІЗ «ЖЕКПЕ-ЖЕК»
Ит төбелесінің өз ережесі бар. Олар белгілі бір салмақ бойынша сынға түсіп, жеңісіне қарай атақ-дәрежеге ие болады. Иттер бес салмақ бойынша, яки 50, 54, 60, 66, 72 салмақтар басты салмақ, ал одан жоғарылар ауыр салмақта күш сынасады. Алаңға шыққан иттерге халықаралық дәрежедегі төрешілер төрелік етеді.
Қазақы иттердің арасында қазақы ит, төбет ит, қазақы тазыдан кейін алабай иттер реттілікпен тұрады. Бұлардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттері де жоқ емес. Мәселен, алабайды азиялықтар ғасырлар бойы мал бағу және сауда керуендерін күзету үшін пайдаланған. Кең далада отар-отар қойды алдына салып жүрген алабайлар өздерін де малшылармен қатар сол отардың иесі сынды сезініп, оған қауіп төнген кезде кез келген жыртқышпен аянбай алысқан. Ал бүгінде иттің бұл түрін қалалықтар тар аулада, торда бағып, баптайды. Ит төбелестіріп, алабай иттің бабын жасап жүрген Қуандық Сәдуақастың айтуынша, төбелес кезінде екі иттің күші тең түсетін жайттар жиі кездеседі. Мұндай кезде төрешілер он секунд уақыттан соң иттерді бір-бірінен айырып жібереді. Он бес минуттан кейін иттер алаңға қайта шығады. Егер осы уақытта иттің бірі төбелеске шықпай, жатып алса, жеңіс қарсыласына бұйырады.
– Төбелес кезінде иттің жеңілгенін даусынан аңғаруға болады. Ұтылған ит қыңсылап, ырылдап, тістерін ақситады. Кейбір иттер жеңілгенін сезсе, құйрығын артқы аяқтарының арасына тығып алып, алаң¬нан сытылып шығады. Әрине, кез келген итті төбелестіруге болады. Бірақ ит ұстаушылар үлкен айқастарға негізінен спорттық мақсатқа пайдаланатын төбет, алабай, кавказ овчаркалары секілді иттердің түрін шығарады. Ит иесін емес, иесі итті күзетеді Сыртқы пошымы зор, төбелеске бейім, тұрқы таудай төбеттер бір қарағанда мықты көрінгенімен, күтім жасамасаң ауруға бейім келеді. Оларды күшік кезінен мәпелеп, түрлі ауруға қарсы егіп отырмаса, ерте ажал құшады. Егер күшік кезінен жаттықтырып отырсаң алысқанын алып жығатын азулы етіп өсіруге болады. Дегенмен ол үшін ерінбей еңбек ету керек. Иттің мықты болуы оның дұрыс тамақтануына байланысты. Сондықтан мал сататын базардан таңның атысымен ерте барып, шикі ет пен ішек-қарын әкеліп беремін. Күн сайын далалыққа апарып серуендетіп қайтамын. Ал күз, көктем айларында иттер тұратын қораның ішін тас кенеге қарсы улаймын. Өйткені тас кене жабысса, ит екі күнде өліп қалады. Аурудан айыққан күннің өзінде ит бұрынғыдай болмайды. Былайғы уақытта төбеттерді тұрақты түрде серуендетіп, жүгіртіп, шомылдырып, жаттықтырып отырамын. Суға жиі шомылған иттің тыныс алу жолдары жақсарып, айқас кезінде жеңіске жетуіне септігін тигізеді. Бұл жұмыстардың барлығы былайғы жұртқа ерсі көрінуі мүмкін. Алайда бұл менің қызығушылығым, күнделікті жұмысым, – дейді Қуандық
Иә, төбелескіш иттерге қызығатындар көп. Егер күзет мықты болмаса төбеттердің қолды болып кетуі әбден мүмкін. Демек ит иесін емес, иесі итін күзетеді дегенге саяды.
ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?
Анаубір жылдары мәжілістің жалпы отырысында "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған еді. Сол кездегі Экология, геология және табиғи ресурстар министрі заң жобасы азаматтардың жануарларға мейіріммен қарау қағидасын қалыптастыруды қамтамасыз ететінін жеткізген болатын. Заңда жануарларды асыруға, тасымалдауға, өсіруге және оларға ветеринарлық қызмет көрсетуге қойылатын талап нақтыланған. Сонымен қатар құжатта жануарларды жансыздандыру ережесі айқындалған. Заң жобасы арқылы ит төбелестіруге, анестезиясыз ветеринариялық операция жүргізуге, жануарларды өлтіруге, оларға дер кезінде көмек көрсетпеуге, сонымен қатар қатыгездікпен аулауға тыйым салынады.
Қазақта ешқашан ит төбелестіру дәстүр саналмаған. Тазы мен итті қашықтыққа жүгіртіп, мықтысын анықтау ойындары болған. Қазақстанда жануарларды қорлағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. ҚР ҚК 316-бабына сәйкес мұндай қылмысқа барғандарға 500 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 90 күнге қамауға алу жазасына кесіледі.
Айт кеткен жөн, Қылмыстық кодекстің 316-бабына сәйкес жануарлардың өліміне немесе мертiгуiне әкелетін қатыгездiкті жасағандар, бұл әрекетін бұзақылық ниетпен немесе асқан қатыгездікпен балалардың көз алдында жасаса – 120 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл төлейді немесе 120 сағаттық қоғамдық жұмыстарға тартылады. Сонымен қатар, отыз тәулікке қамауға алу жазасы қарастырылған.
ДІН ҮКІМІ ҚАНДАЙ?
Ит төбелестіру мен оған ақша тігу харам болып санала ма? Islam.kz сайтының жауабы бойынша, Шафиғи ғалымы Имам Науәуи (р.а.) былай деген: «Хайуандарды бір-біріне айтақтап төбелестіру харам саналады. Өйткені Абдулла ибн Аббастан жеткен хадисте: «Хайуандарды бір біріне айтақтап, өшіктіруден Алла елшісі тыйды».
Ал харам болуының мәнін хадисші ғалымдар былай деп түсіндіреді:
«Тыйымның себебі – құр ермекке жануарларға жапа шектіріп, оларды бостан-босқа қалжырату болып табылады».
Ендеше, иттерді ермек үшін бір-біріне талаттырып қою, осылайша оларға азап шектірудің күнә екені даусыз. Ал оған ақша тігу немесе өз-ара ақшаға төбелестіру – құмар ойыны болып есептеледі. Сондықтан ол да харам. Ханафи ғалымы Халил Ахмад әс-Сәһаринфури жоғарыдағы хадиске жасаған түсіндірмесінде былай деп өткен:
«Хайуандарды тобелестіру – еріккендік болғандықтан әрі жануарларға жапа шектіріп, олардың өліміне алып келетіндіктен тыйым салынып отыр. Мұнымен қатар, екі жақты ақша тігілетін болса, онысы құмар болмақ».
Жануарларды қинау, төбелестіруді шариғаттың өзі құп көрмейді. Еш себепсіз хайуандарға жапа шектіру, оларды азаптау, қасақана зиян тигізу күнә. Тіпті, құмырсқа екеш құмырсқаны да себепсіз өлтіруге дінімізде тыйым салады. Қиямет күні Алла тағала алдында оларға шектірген зардаптарымыз үшін сұралатынымызды ұмытпаған дұрыс. Алла Елшісі бір хадисінде былай дейді: «Кімде-кім ермек үшін (ғабәсән) бір шымшықты өлтірген болса, әлгі шымшық қиямет күні Аллаға: «Уа, Раббым! Түгенше мені құр ермекке өлтірді, мені жеу үшін өлтірмеді», – деп шиқылдайды».
ӘЛЕМДЕГІ ЖАЙ ҚАЛАЙ?
Жануарларға қатыгездік жасағандарға әлем елдерінде қолданылатын жаза түрлері қандай? АҚШ-та 150 мың доллар айыппұл немесе 1,5 жылға түрмеге тоғытылатын үкім бар екен. Польшада 5 жылға дейін, Украинада 8 жылға дейін, Беларусьте 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал біздің елімізде иттерді қансыратқандарға қолданылатын жаза тым жеңіл. Содан бұл жағымсыз құбылыстың беті қайтар емес. Үй жануарларын үйдей пәледен құтқарғымыз келсе, алдымен Қылмыстық кодекстің жануарларды қорғайтын тарауларын қайта қарап, тиісті өзгерістер енгізіп, жазаны қа-таңдата түсу керек. Солай емес пе?
Түйін:
Іріктеу туры, жартылай финал, финал, көрермендер, трибуна, кубоктар және құнды сыйлықтар. Ит төбелесте де қарапайым чемпионаттағы сияқты ұйымдастырумен өтеді. Ал рингке шығатын кәнігі жануар ғой. Олар да өмір үшін күреседі. Жанын тәуекелге тігеді. Басын бәске салады. Оның барлығы иесі үшін. Қарсыласын жеңсе, иесін байытады. Ал қарсыластан жеңіліп қалса, онда үй жануарының халі мүшкіл дей беріңіз. Әбден сілікпесі шығып, қансыраған итті емдеу оңай шаруа емес.
«Біледі қарт тұрмысты, күле қарайд күйкіге: қыдырмалау келеді бұ қаланың иті де, мал айдау, ат жетектеу – ескі мода, ескі ұғым, жаңа мода мұндағы – ит жетектеу кешқұрым». Дәл осы сөз астарын оқып па едіңіз? Бұл – Жұмекен Нәжімеденовтің Мұздыбай қарт туралы жазған өлеңінен үзінді. Ал қазақта итке қатысты жағымды сөздерден гөрі «ит тірлік», «иттің итақайы», «ит өлім», «ит мінез» секілді жағымсыз тіркестер көп айтылады. Алайда біреуге ат баққан, енді біріне ит баққан жағады. Тек қаржы не жеке пайдасы үшін емес, Құдай жаратқан, өзіне жүктелген міндетін атқаруы үшін ғана бағу керек. Ендеше, иттерді ермек үшін бір-біріне айдақтатуды қойып, қатегез спорттың қанымызға сіңіп кетуінен сақтанайықшы!
Айнұр ӘЛИ