Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаутаң қағып бала жүр

Жаутаң қағып бала жүр

Жұмыс уақыты аяқталысымен үйге беттедім. Діттеген жерге жетіп, есік алдына жақындағаным сол ақ еді, бір топ бала жүгіріп келді:
– Аға жарапазан айтайын деп едік, – деді арасынан кішкене бойлы, пысықтау келгені.
Бұлардың ісін балалыққа санаған мен:
– Ал, айта ғой, – дедім.
Рұқсат алған соң, барлығы бірдей топтаса айта бастады. Бірі бірінен асып түсіп жатыр. Олар жарапазанды аяқтап болғаннан кейін, қалтама қолымды сұғып, барымд бердім. Сол кезде әлгі пысық балақай:
– Аға, рахмет! Ертең тағы айтамыз, – деді де, әрі қарай жүгіріп кетті.
Сәл алыстаған соң, жарапазанды ораза айында ғана айтпаушы ма еді? Балалардың көңілін қимайын деп, керісінше осылай әр адамнан ақша сұрау әдетіне жол аштым ба? деген ойға қалдым.
Соңғы кездері көше бойын жағалаған кішкентай балалар әрбір өткінші жанға жаутаң қағып жүргенін байқап жүрміз. Әйтсе бұл іспен тек жас өскіндер емес, тепсе темір үзер ересек жігіттер мен базар маңын торуылдаған адамдар да айналысып жүр. Көшеде қайыр сұрап, жұрт мазасын алғандар арнайы Кодекс бойынша жауапқа тартылады. Мұндайда әкімшілік Кодексінің 449-шы бабы бойынша іс қаралатын болады.
Кент тұрғыны қайыр сұраушы жандарды күнделікті кезіктіріп жүргенін, мұның оғаш, яғни қазаққа тән іс-әрекет емес екенін айтып қынжылды.
– Қазір қайыр сұраушы балалар бағдаршамның қызыл түсі жанғанда, тоқтаған көліктерді аралап сұрауды әдетке айналдырған. Бұндай бұрын соңды жоқ тұғын. Соңғы 1-2 жылдықта көбейіп кетті. Қайыр сұраушы балаларды мөлтек аудан жанынан өтсеңіз де байқайсыз. Бәлкім балалық болар... Кім біліпті? Алайда елдің басына қандай қиын сәт келсе де ешқашан қайыр сұрамаған. Балғындарға соны ұқтырар ата-ана болса екен дейсің. Көшпенді дәуірді былай қойғанда, небір қиямет-қайымды бастан өткерсе де, ешкімге алақан жаймаған еді. «Бөрі арығын білдірмес» деп ешкімнің есігін сығаламады. Соғыстан кейінгі жылдары да өте ауыр тұрмыс кешті. Сол кездері көрінгенге көзін сатып, көшеге шыққан жоқ. Қайыршылық әдетке айналып кетпесін десек, алдын алу қажет, – дейді кент тұрғыны Тұрар Берікұлы.
Қайыршылық қазақ еліне көктен түскен жоқ. Мұның барлығы шетелдік фильм мен түрлі бағдарламаның жемісі. Соның кесірінен келер ұрпақ ақша табудың жеңіл жолын ғана іздейтін болды. Бірі әлеуметтік желідегі аты шулы блогерлердің жасап жатқан конкурстарына қатысып, көлік ұтып алмаққа ниет етеді. Ал енді бірі көшеде кезіккен жаннан түрлі жолдармен қайыр сұрауды көздейді.
Жоғарыда көрсетілгендей оқиғаны бас­тан өткерген тұрғын, балалардың бұл ісіне қапалы екенін айтты.
– Расыменде біздің өңірде ақша сұрайтын балалар қатары көбейіпті. Жақында бір оқиғаға куә болдым. Дүкенге барған едім. Керек-жарағымды алып, шығып келе жатқанмын, екі кішкентай бала жүгіріп келіп, дүкен алдындағы көлік жүргізушісіне:
– Аға, жарапазан айтайықшы, – деді.
Жүргізуші үн қатпастан тыңдап отыра берді. Балаларда айтып бітірген соң, ол екеуіне 500 теңгені суырып берді. Сонда жанына жетіп барған мен балаларға сұрақ қойдым:
– Балалар мұндайды әдетке айналдыр­маңдар. Жарапазан айтар уақыт әлде қашан аяқталған. Бұлай сұрауларыңа не себеп? Ата-аналарың біле ме? – дедім.
Олар да мүдірместен:
– Апай балмұздақ жегіміз келіп еді. Ал, әке-шешеміз білмейді, деп дүкенге асыға кіріп кетті. Мен балғындардың бұл ісіне қатты қапаландым. Көлік жүргізушісіне де келесі жолы бермеуін сұрадым. Себебі бұлай жалғаса берсе, ол нәрсе әдетке айналып кетері сөзсіз, – дейді Қаракөз Серікқалиқызы.
Бұлай жалғаса берсе ел болашағы не болмақ? Сығандар секілді көрінген жерден сығалауға апармайды ма? Қоғамның қайыр сұрау мәселесінің бір ұшығы осында жатқандай. Бұл нәрсенің алдын алмасақ ұрлық-қорлық, қайыршылық сынды ерсі әдеттерді тоқтату қиынға соғатыны анық. Ол үшін ата-анаға салмақ салу керек секілді. Мүмкін сонда ғана балалар жаутаң қағуды доғарар.

Серік АҚМЫРЗА
21 маусым 2022 ж. 297 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031