Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірге еніп келсе робот түрлер, арада алмасқаны адам рөлдер

Өмірге еніп келсе робот түрлер, арада алмасқаны адам рөлдер


Фото: Жасанды интеллект
«Кірпіш нокиа» мен «лягушка самсунгты» ұстағанға мәз болып, «құрт» ойын ойнағанға мақтанатын дәуір әлде-е-еқашан өткен. Агентке кірерге «50 единица» іздеп, желі тартпай «80%-те» тұрып қалатын уақыт та ескінің естелігі болып қалды. Көзді ашып-жұмғанша жаңа дәуірдің есігінен еніп, құлтемірдің «кнопкасыз» экранын теріп, уақытымыздың бәрін желіге беріп күніміз өтуде. Өткені былай тұрсын, цифрланған әлемнің жаңа құбылыстары таңқалдырудан жалықтырған емес. Неге деймісіз?
Жасанды интеллект деген дүние шықты. Түрлі саланы меңгеріп қызмет еткен, науқастарға ота жасаған роботтар, қалаған дүниеңді жасап беретін фото, видео, музыка интеллекттері, тіпті газеттерде мақала жазатын, әуенімен өлең жолдарын жазатын жасанды интеллекттің де дәуірі жүріп тұр. Ол ол ма? Қазір жасанды интеллект арқылы генерация жасалған виртуал инфлюенсер көбейген. Дижитал блогерлер шын өмірде болмаса да, әлеуметтік желіде парақша жүргізіп, тіпті келелі мәселелерді қозғайды. Онымен қоймай әлемдік брендтермен келісімшарттар жасасып, жарнамадан қыруар ақша табатынын қайтесіз?
Әлемжеліде жасанды блогерлердің бейнежазбалары қызу талқыға түскенімен, бұл жайында жазылған ақпараттар жоқтың қасы екен. Курсив медианың ақпаратына сүйенсек, виртуал инфлюенсерлер кәнігі блогерлерден кем түспейді. Мәселен, Айтана Лопестің адамнан ешқандай айырмашылығы жоқ. Блогтарын шолып шықсаңыз, ешқандай да компьютерлік графиканы байқамайсыз. Қызғылт шашты виртуал блогердің Instagram әлеуметтік парақшасында 317 мың фоллоуері бар. Fit_aitana нигімен тіркелген ол парақшасына жасанды интеллект арқылы жасалғанын жазып қойған. Ол Victoria’s Secret іш киімдерін, Olaplex косметикаларын, сонымен қатар өзге де әлемдік брендтерді жарнамалайды. Financial Times-тың мәліметі бойынша, оның әлеуметтік желідегі бір посты 1 мың доллар тұрады екен. Айтана деген ешқандай да образ не лақап ат емес. Ол кәдімгі виртуалды инфлюенсер. Ал Ким Кардашьянның KKW Beauty атты косметикасын таныстыратын – Нунуюри, Louis Vuitton жарнама беретін Имма, H&M-мен келісімшарт жасасқан Куки сынды блогерлер де бар.
Valuates аналитикалық порталының дерегі бойынша, 2022 жылы нарықтағы құны 1,4 миллиард долларға бағаланған болса, 2029 жылға қарай 5,9 миллиард долларға баруы ықтимал. Виртуал инфлюенсердің қатысымен жасалған жарнама шынайы инфлюенсерлермен салыстырғанда 11 есе көп ауқым алған. Billion Dollar Boy-дың маркетиңг және инновациялар жөніндегі жаһандық директоры, бұрын Meta-да инновация бөлімінде басшы болған Бекки Оуен бұған қатысты: «Мұндай постар брендтің тауарларын шын блогерлер жарнамалағандай көп сатылуына әсер етпейді. Бірақ компанияның таныла түсуіне, есте қалуына әсер етеді» дейді.

ЖАСАНДЫЛАРДЫ ЖАСАУШЫ КІМ?

Айтананы жасап шығарған барселоналық The Clueless агенттігінің негізін қалаушылардың бірі Диана Нуньес. Оның Financial Times-қа берген сұхбатында инфлюенсерлердің айтып жүрген толағай табысы туралы естігенде таң қалғанын айтады. Солай ойлана келе, сондай инфлюенсерді өзіміз жасап шығарсақ қалай болады деп әдемі кейіпкерді ойлап тапқан. Адам қиялынан шыққан туынды болған соң виртуал блогерлер өте әдемі, сұңғыла бойлы, қас-кірпігі қиылған, хас сұлу болады. Дене бітімінде бір мін жоқ Дегенмен виртуал инфлюенсерлерді жасайтын ер адамдар әйелдердің дене бітімін идеал қылып шығарып, содан пайда көріп отырғаны жөн емес. Әйелдің әдемі мүсінін осы мақсатта пайдалануға болмайды дегенді «адам» блогерлер алға тартты. Өтірік образдарды көрсетіп қана қоймай, кей бағдарламалаушылар блогтың жасанды интеллект арқылы жасалған кейіпкердің жүргізетінін айтпайды екен. Яғни қайсысы фейк, қайсысы шын екенін ажырату расында қиын. Жақында ғана әлеуметтік желіде желдей ескен Лос-Анджелестегі ауқымды өртті айтпасқа болмас. Көпшілік оның шындыққа жанаспайтынын, бұл жасанды интеллект арқылы жасалынған видео екенін алға тартты. Сонымен қатар көпшілікті қызықтырған «Игра в Кальмара» сериалының 2 кезеңі қызу талқыда жүр. Ал рейтинг көтергісі келген кейбірі бұл ойынның өмірден алынғанын, расымен бар ойын екенін жариялап, жасанды интеллект арқылы тарихтан видео жасап шығарған. Сайып келгенде сериал авторы мұның қиялынан шыққан туынды екенін жасырмады. Жалпы бұл мәселе саяси деңгейде де біраз көтерілген. Ұлыбританияның жарнама стандарттары агент­­тігі виртуал инфлюенсерлердің саны өте қатты өсіп жатқанын білетінін, бірақ әзірге елде жасанды интеллект арқылы жасалғанын көрсетуді міндеттейтін ереже жоғын айтқан. Ал Үндістанда жағдай сәл басқаша. Ол жақта инфлюенсерлерге өзі жайлы шын ақпарат көрсету міндеттелген.

ҚАЛАУЫН ТАПСА ҚАР ЖАНАДЫ

Осы сөзі тура мағынада ойлап көрейікші. Расымен қалауын тапқанға ғажайып та есігін ашқан заман болды. Әлгінде айтқан жасанды блогерлер генерацияланғанын ашық жазады. Хештегтерінде де #aimodel деп көрсетеді. Бірақ аудиторияның барлығы дерлік оның шынайы адам емесін біле бермейді. Мәселен, Isntagram әлеуметтік желісінде 158 мың оқырманы бар Милла София деген блогер бар. Ол парақшасына «Хельсинкиде тұратын 24 жастағы виртуал қыз» деп жазған. Жасанды интеллект арқылы жасалғанын да көрсеткен. Оның жағажайда, қаланың көрікті жерлерінде тұрып түскен суреттеріне мыңдаған лайк басылып, жүздеген пікір жазылады. Оның Youtube-арнасы, жеке сайты, patreon-да аккаунты бар. Сайтында өзі туралы қысқаша ақпарат берген. Қай жерлерде модель ретінде жарнамалағанын, қай басылымдар ол туралы жазғанын, жиі қойылатын сұрақтарға жауапты да сайттан табуға болады. Ал патреон арқылы инфлюенсер жұмысына қолдау білдіру мүмкіндігі бар екен.
Жасанды интеллект арқылы генерацияланған тревел-блогер Лили Рэйн қазір айына 20 мың долларға жуық табыс табады-мыс. Бұл туралы британиялық Daily Star жазған. Лилиге жазылып, сол жазылғаны үшін ақы төлейтін Fanvue деген платформа бар. Блогер осылай ақша табады. Туристік жерлерден суреттер де, ашық-шашық суреттер де бар. Оқырман соған ақша төлеуге дайын. Ол шын өмірде бар ма, жоқ па адамдарды алаңдатып жатқан жоқ. Лилиді жасап шығарғандардың сөзіне сүйенсек, жасанды интеллект модель Лилиге қарағанда шын тревел-блогер қыздардың танымалдығы жоғары. Бірақ шын блогерлерге саяхатқа шығу үшін көп қаражат керек. Макияж, киім, шаш деген мәселе тағы бар. Ал жасанды блогер үшін қиялдан туындаған керемет өмір де, қымбат жерлер мен қымбат киімдер де қолжетімді.
Айтпақшы, дижитал стримерлер де пайда болған. Мәселен, қытайлық Xiaoice компаниясы нейрон желісі арқылы танымал блогерлердің имитациясын жасайтын жасанды стримерлерді ойлап тауыпты. Олар TikTok немесе Twitch сияқты танымал сервистерде эфирге шығып отырады. Шығып қана қоймай, тауарларды онлайн сатумен айналысады. Өкініштісі – шын адамдардың жұмысын тартып алатыны. Мысалы блогерлердің дижитал көшірмесін 1100 долларға жасап алып, тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн тоқтаусыз стримге шығарып қоюға болады. Бұл компанияларға өте тиімді. Дижитал стример ұйықтамайды, тамақ ішпейді, киіндіріп, оның бет-аузын әрлеп әуре болмайды.
Жасанды интеллект арқылы мәтін жазу, сурет өңдеу, визуал жасау сынды нарыққа дижитал блогерлердің қосылғаны көпшілік күтпеген дүние. Ұят та болса айтылған жөн, қазір дипфейк анайы видеолар да белең алып келеді. Қорқынышты емес пе?


КЛОНДАР 24/7 ҚЫЗМЕТТЕ

Қазір Taobao, Douyin, Kuaishou және осы секілді басқа да танымал электронды коммерция сервистерінде тоқтамай стрим жүргізетіндер көбейген. Бұлар – клондар. Сағатқа қарамастан таңғы төртте де жүргізе береді. Адамдар ұйықтап жатқанына қарамастан тауар сатып, қызметін жалғастырады. Кейбірі олардың дижитал көшірме екенін білмейді. Бірақ анықтап мән беріп қарайтын болсаңыз, қимыл-әрекеттері, артикуляциясы жасанды екенін байқауға болады. Нейрон желісі арқылы шын адамдардың негізінде жасалған клондар көбіне тиімді болып тұр. 2017 жылы Нанкинде негізі қаланған Silicon Intelligence деген стартап бар. Ол мәтінді аудиоға айналдырумен айналысып бастаған. Компанияның негізін қалаған Сима Хуапенг жасанды интеллектінің тікелей эфир жүргізуге қолдануға болатын әлеуетін байқап, идеяны іске асырып көрмек болады. Басында тірі адам сияқты қозғалып, сөйлей алатын аватарды жасауға жарты сағаттай үйрететін роликтер керек болған. Ал араға бір жыл салғанда нейрон желісін оқытуға керек видеолардың хронометражы 10 минутқа дейін қысқарған. Қазір тіпті бір минут та жеткілікті. Сонымен бірге өндіріс те арзандаған. Бүгінде дижитал клонды жасауға бірнеше мың доллар болса болды. Осы соманың ішіне модельдің бір жылдық техникалық қызметі де кіреді. Осылайша көшірме жасап алып, виртуал қызметкер арқылы брендтің заттарын 24/7 таныстырып, сата беруге болады. Бар болғаны бренд қызметкерлері аватар жасалған соң атауы мен тауарлардың бағасын айтып берсе болғаны. Әрі инфлюенсерге трансляция жүргізуге қатысты сценарий әзірлеп беруіңіз керек. Қалғаны клонның қолында.

Түйін: Қазір қалтафонсыз жастарды елестетіп көріңізші. Мүмкін емес пе? Кейбірінде екеу, қайсыбірінде үшеуден бар. Көпшілік – соның құлы. Қоғамдық көлікке отырыңыз, орын берер жастар аз. Талайының құлағында құлаққап. Қылп етері жоқ. Айтқаныңды тыңдамайды, дауысты естімейді. Терінің көн терісінен мәңгүрт болғанды білдік, қалтафоннан мәңгүрттікке душар болғанымызды байқаймыз ба? Ал жасандылар біздің елге де еніп келіп, талай қызметті қолға алса ше? Өмірімізге араласып, жұмысымыздың барлығы солардың құзіретіне енсе ше? Жұмысың жеңілдегенмен, әр ісіңді цифрланған дәуірге тәуелді етсе ше? Сену қиын, бірақ біртіндеп жүзеге асуда. Жасанды жүйені сіз емес, бізді ол басқарса не істемекпіз? Құрылғылар адамның емес, адам құрылғының құлы болса, қауіптің қарусыз-ақ келгені. Сол кезде қорқынышты түстен оянғандай қолымызды шымшып отпасақ игі.

Айнұр ӘЛИ
18 қаңтар 2025 ж. 47 0

Қара шаңның қасіреті

17 қаңтар 2025 ж. 90

Есірткі туралы ертегі

17 қаңтар 2025 ж. 75

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031