Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоймасы – өрісті, қойнауы – ырысты

Қоймасы – өрісті, қойнауы – ырысты

Қазалы ауданының орталығынан 75 шақырым қашықтықта орналасқан Алға ауылдық округіне қарасты Ү.Түктібаев ауылы әлеуметтік тұрмысы түзу, халқының өсу көрсеткіші жыл санап артып келе жатқан елді мекен. Мұнда өмірге келген 26 баланың өзімен бір уақытта туған бауыры бар.
Ыңғайлы жолына, жарықшамды көшелеріне, жаңа нысандарына қарап, ауыл демесең, ауданнан айтарлықтай айырмашылық таппайсың.

Батыр түлеген топырақ

Ауыл негізі 1939 жылы қаланған. Алғаш Алға, Жаңабасшылық, Бозкөл және Жаңажол колхоздарын біріктіру кезінде құрылған. 1956-1966 жылдары Карл Маркс атындағы колхоз, кейін совхоздың бөлімшесі, 1966-1985 жылдары Октябрь күріш совхозы болған оған 1997 жылдан бастап, Алға ауылдық округі, Ү.Түктібаев ауылы аты берілген.
1941 жылдың шілдесінде колхозшы болып жүрген Үрмәш Түктібаев ел басына сын туғанда, майданға аттанып, пулеметші, кейіннен пулеметшілер бөлімшесінің командирі болады. Ұрыс алаңында 4 рет ауыр жарақат­танады. Солтүстік-Батыс майданында жауға қарсы күрес үстінде қаза табады.
Соңғы демі қалғанша, ортақ Отанын жаудан азат етуге атсалысқан айбынды сарбаз еңбегіне сай Қызыл Жұлдыз орденімен наградталса, 1945 жылдың 24 наурызында КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығымен, Кеңес Одағының батыры атағы беріледі.
Кеңес Одағының батыры атанған 497 қазақстандықтың бірі, даңқты жерлестерінің өмір жолын өнеге еткен жергілікті жұрт ердің ерлік дастанын елдік мұраға балап, қанаттана түседі.

Егіздер ауылы

Кешегісінен бүгіні жарқын жердегі жүзеге асқан жұмыстар жергілікті жұртты жадыратады. Ауылда өскен жастардың өздерінің болашағын дәл осы мекенмен байланыс­тыруы бізді қуантты.
Қазірде 1800 адамға қоныс болған округтегі отбасы саны – 315. Оның 529-ы жастар. Ауылда 24 «Алтын алқа», 52 «Күміс алқа» иегері тұрады.
Әдетте «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері дегенде, көз алдымызға ақ жаулықты аналар мен кимешекті әжелер елестейтін. Бұл күнгі сапарымыз осы стериотипті түбегейлі өзгертті. Әр үйден 4-5 баласы бар жас отбасын кездестіру қалыпты жағдайға айналған. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Жұртшылық «егіздер ауылы» атап кеткен мекенде өткен ғасырдың 70 жылдарынан бері 24 егіз, 1 үшем туылған.
Егіздердің үлкені Асқар–Гауһар Орынбаев, Айгүл–Нұргүл Бегалиева, Алтынбек–Болатбек Әләуов, Қанат–Жанат Жүгінісов, Жадыра–Жазира Күнімаева, Берік–Серік Боранбаев, Қазыбек–Гүлжайна Бағыбергенов, Меруерт–Назым Есмаханова, Бақыт–Баян Әбдіхалықовтар өздері таңдаған салада елге қызмет етіп жүрген жандар. Олардан кейінгі Алмагүл–Алтынгүл Махамбетиярова, Ержан–Нұржан Аймахов, Жанарыс–Бекарыс Сапаев, Алмат–Самат Есмаханов, Еділ–Жайық Абзалов, Нұрқанат–Ерқанат Шаттықов, Нұрсұлтан–Сара Әлшоразовтар – еңбек жолдарын бастаған Тәуелсіздік түлектері.
Егіздер Бекзат–Саят Шаттықов, Айбек–Айдана Талғатов, Еркемай–Еркетай Бақытов, Ғалымжан–Аружан Қасымов, Шапағат–Толғанай Аманжолов, Ақтілек–Ақниет Жақайымов, Ақжан–Маржан Берікқызы – мектеп оқушылары, Дінмұхаммед–Нұрмұхаммед Серікұлы мен үшемдер Айғаным, Айғант, Асылым Қуанышқызы балабақша жасындағы бүлдіршіндер.
«Бұрын көп уақыт бала сүймеген жандар осында келіп, ниет етіп, армандарына жетіп жатады дегенді жиі еститінбіз. Әр бала – нығмет. Ауылда әр үйдің егізі бар. Алла қалап, біздің шаңыраққа шаттық болып келген үшемдерімнің қылығына сүйсініп, тілегін тілеп отырмыз», – дейді Қуаныш Алтынбаев.

Көрікті нысандар – көшелі істер

Ауылдағы басты әлеуметтік нысанның бірі – Б.Әбдіразақов атындағы №88 орта мектепте 21 класс комплектісі бар. Білім алып жатқан 382 оқушыға 8 педагог зерттеуші, 22 педагог сарапшы, 27 педагог модератор мұғалім білім беруде. 2024 жылы мектептен 11-сыныпты бітірген 34 оқушының 23-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысса, түгелдей грант иегері атанған. Түлектердің орташа көрсеткіші 78,4 балды құраған.
Мектеп ғимаратында орналасқан 50 орындық №20 «Жайна» балабақшасында мектеп жасына дейінгі 2-5 жастағы 50 бала тәрбиеленуде. Яғни 30 бала мектепалды даярлықпен қамтылған.
2014 жылы типтік жобада бой көтерген 150 орындық ауылдық клубта жыл басынан бері 55 іс-шара өткізілген. Мәдениет ошағында би, домбыра, ән, драма, көркем сөз және қолөнер үйірмелері тұрақты жұмыс істейді. Қазіргі таңда ауылдағы 65 жасөспірім осы үйірмелерден қызығушылықтарын арттырып, өнерге машықтанып жүр.
Клуб ғимаратында орналасқан ауылдық кітапхана оқырмандардан үзілмеген. 19400 дана кітап қоры бар мекеменің 800-ге жуық тұрақты оқырманы бар.
Округтегі көрікті нысанның бірі – спорт кешені. Кейбір үлкен қалалардан табылмайтын заманауи ғимарат барлық соңғы талаптарға лайықталып салынған. 2023 жылы пайдалануға берілген кешенде күрес, волейбол, футбол спорт түрлерінен балалар жаттығады. Осы уақыттар арасында бұл жасөспірімдер бірнеше рет жеңіс тұғырынан көрінген.
2014 жылы құрылысы қаланған дәрігерлік амбулатория денсаулығына дауа іздегендерге өз қызметін ұсынып келеді. Күндізгі 11 төсектік жатын орынмен қамтамасыз етілген «Түктібаев» ауылдық дәрігерлік амбулаториясыда 1 жоғары білімді дәрігер, 2 фельдшер, 10 мейіркеш, 1 акушер жұмыс істейді. Биылғы жылы емдеу орнына су жаңа жедел жәрдем көлігінің кілті табысталыпты.

Жолдың жайын жүрген біледі

Осыдан он жыл бұрын бұл ауылға бару қиындық тудырғанын жергілікті көпшілік ұмытқан жоқ. Аудан орталығы – Әйтеке би кентінен бұл жерге жету үшін Қазалы қаласы, Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл ауылдарын басып өтуден бөлек, қалқымалы көпір «Әлсейіттің» азабын тартқан ағайын бүгінде жақсарған инфрақұрылымды игіліктің жаршысына балайды. Қоғамдық көлік, жеңіл автокөліктермен жету қиындығы артта қалған. Біз де тегіс жолмен аз уақытта діттеген жерге жетіп қалдық.
Кеңес Одағының батыры туған топырақ екенін ұғындыратын ауыл паспортынан басталатын орталық көшелердің дені жөнделген, жарыққа қосылған, жаяу жүргінші жолы да салынған. Жастар мен қонақтар серуендеуге арналған саябақ, балалар алаңдары да ауыл ажарына ажар қосып тұр. Абатты ауылда тазалық пен қоршаған ортаны қорғау мәселесі жолға қойылғанына куә болдық. Оған жергілікті тұғындар дағдыланған. Көшеге бейберекет қоқыс тастамайды, тұрмыстық қалдықтарды шығармайды. Кейінгі жылдары отындарды да аулаларына жинап қоятын болған.
Ауылдықтар топтап көшедегі су желілерінде кезекте тұрмайды. Тораптық ауызсу құбыры желісі орталықтандырылған, сервистік жүйеге толықтай қосылған. Ауызсу тұрақты беріледі.
Елдімекенді аяқсумен қамтуға арналған «Ішкі», «Шлюз арық», жайылымдық жерлерді суландырып тұрған «Бірқазан» каналдары бар.
Округтегі ұзындығы 14 шақырымды құрайтын 18 көшенің негізгі, халық көп шоғырланған 6 көшесі түнгі жарықпен қамтылған. Ұзындығы – 5,1 шақырым көше сәнімен бірге, түнгі тыныштық, қалыпты тіршілікке септігін тигізгенін тұрғындардан білдік. Жарықтандырылмаған 12 көшеге кезек бойынша желі тарту жұмыстары жоспары жасалған.
Қазіргі таңда 7 көше қатты қабатты, 3 көше топырақты және 8 көше қиыршық тасты. 2025 жылғы жоспарға сәйкес, көшелерге орташа жөндеу жұмыстары мен жарықтандыруға жоба смета құжаттары дайындалып, бюджеттік өтінім тапсырылыпты.
«Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауылдың шет жағындағы көшелерге демеуші азаматтар тарапынан 15 дана күн сәулесінен қуат алатын диотты жарықшамдар орнатылған.

Білгенге ауыл – береке көзі

Ү.Түктібаев ауылындағы экономикалық белсенді халық саны – 841 адамды құрайды. 804 тұрғын жұмыспен қамтылса, 378 адам өз бетінше жұмыс тапқандар.
Округтегі 42626 гектар жердің жайылымдық үлесі – 5201 гектарды құрса, егістік жер көлемі – 7000 гектар. Елдімекеннің жер көлемі – 7346 гектар.
«Мал-жаның аман ба?» деп сұрайтын ағайыннан төрт түлігі туралы да сұрадық.
Мүйізді ірі қара – 2649 бас болса, қой мен ешкі –3319 бас­ты құрайды. Жылқы саны – 2597 бас.
Сөз басында ауылдың қалаға ұқсайтыны туралы айтқан едік. Соған тағы бір себеп – орталықтағы қос шағын маркет, бір тұрмыстық заттар дүкені. Бағасы аудан орталығынан арзан сауда қатарларында іздегеніңнің бәрі бар. Азық–түлік, қолдан дайындалған тәттілер, құрылыс заттары, киім-кешек, ыдыс-аяқ, кәдесый, өзге де қолданысқа қажеттінің барлығын оңай табуға болады. Балғын, сапалы, арзан тауарларды тұтынушылар тек түктібаевтықтар ғана емес, көршілес ауылдар мен Арал ауданының кейбір тұрғындары.
Көктем, қыс, күз мезгілінде Сырдария суы тасып, «Қарлаң» көпірі алынған кезде, Аранды Қожабақы, Бірлік ауылдарының азаматтары қажетті затын осы ауылдан алатын көрінеді.
«Білгенге ауыл – береке көзі. Мұнда да тетігін тапқанға, табыс таудай. Оған ауыл азаматтарының үлгілі ісі дәлел.
Дерекке көз жүгіртсек, барлығы 72 кәсіпкерлік субьектісі тіркелген.
Жыл басынан бері 6 азамат қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, кәсіптерін өрлетуде. Округтегі «Қоғалы» шаруа қожалығы мал басын көбейту мақсатында «Сырдария-1» несие серіктестігі арқылы 75 миллион теңге қаржы алып, шаруашылығын ұлғайтқан», – дейді ауылдық округ әкімдігінің маманы Қуаныш Мұқашев.
Маманың айтуынша, округте 17 шаруа қожалығы мал басын көбейтуді мақсат тұтса, 1 шаруашылық күріш өсірумен шұғылданады.
Сыр салысын баспаған «Ақмаржан» шаруа қожалығы биылғы жылы 450 гектар жерге егін егіп, 35 центнерден өнім алған. Шаруашылықта 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, мерзімінде 15 адам маусымдық жұмысқа алынады.
Округтегі «Рза-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бөлімшесі 498 гектар жерге күріш егіп, 54 центнер өнім алған. 300 гектар жерге жаңа жоңышқа орналастырған. Серіктестікте 50 адам тұрақты жұмыс істейді. Рзаагролықтар заманауи мүмкіндіктерге иек артып, өнімділікті ұлғайтуға үлес қосқан.
Тұрғындар өз-өзін жұмыспен қамту мақсатында 40 гектар жерге бақша дақылдарын еккен. Бақшалықтардан жиналған қауын, қарбыз, асқабақ, картоп, қызанақ, қияр сынды көкөністер Қазалы, Арал аудандары, Байқоңыр қалаларына сатылымға шығарылған.
Алмас Бегалиев басқаратын ауылдағы әлеуеттің артып, тұрақтылық пен татулықты түзу ұстауға қоғамдық ұйымдар да үлкен үлесін қосқан.
Орынбет ишан мешітінің имамы Ғабдулла Ізәт түрлі бағытта рухани мазмұнды шараларды ұйымдастыруда көпке үлгі. Жыл ішінде жүзеге асқан жастарды салауатты өмір салтын қалыптастыруда ұлттық спорт түрлерінен, отбасы құндылығын арттыруға байланысты танымдық шара, ардагерлер арасында спорттық сайыс және тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық көрсету, шын мәнінде, тұтастыққа ұйыстыратын тағылымды бастама.
Жақында мешіт жанынан 230 адамға арналған жаңа асхана ашылуын ауылдағы жағдайдың жақсарғанының нышаны деуге болады.
Бүгіні берекелі, ел іші мерекелі, қоймасы өрісті, қойнауы ырысты мекенде көңіл қуантар істер көп. Алда атқарылатын көшелерге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, жарықшамдар орнату, каналдарға механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу, тұрғындарды өзін-өзі жұмыспен қамту мақсатында кәсіпкерлікке баулу, мемлекеттік гранттармен несилендіру, салық базасын ұлғайту сынды кезегін күткен істер де ауқымды.
«Тәуелсіздік алған тұстағы тоқырау кезеңінде «ауылдың болашағы жоқ» деген пікір саналарына ұялаған азаматтар ойы бүгінде өзгерген. Ауызсудың жетуі шалғайдағы ауылдың да мемлекет тарапынан тыс қалмағанын ұғындырды. Қазір ауылдан кету үдерісі біршама тоқтаған. Жастар отбасын құрып, кәсіп көзін тауып, туған жерін түлетуде. Ендігі тілек көгілдір отын игілігін халық кешікпей тұтынса», – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеген Жәниет.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
24 желтоқсан 2024 ж. 193 0

Ауданда ахуал тұрақты

20 сәуір 2025 ж. 119

ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

19 сәуір 2025 ж. 118

Ерліктің ерен үлгісі

19 сәуір 2025 ж. 114

Жазықсыздың наласы

19 сәуір 2025 ж. 101

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930