Басты мақсат – халық игілігі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы сәуірде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды. Президент қол қойған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қарсы заңда осы мәселе де қарастырылды. Алайда бұл мекеме мемлекетке тиесілі. Басты мақсаты – зардап шеккендерге қолдау көрсету, отбасын сақтау.
Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді. Осылайша бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқықбұзушылық ретінде сараланып келсе, енді осы тектес қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Маңыздылығы зор заң отбасылық ортада зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған. Бұл – қауіпсіз және әділ қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Заңдағы толықтыру бойынша әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қаралып келген қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Айыптылар 80-нен 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алынады. Жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды. Ал педофилдік үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру, кәмелетке толмаған балаларды жыныстық қудалау үшін 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. Кәмелетке толмағанды заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру шарасы қолданылады.
Өткен жылдың шілде айынан бастап, Қазалы ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанынан Қазалы аудандық отбасын қолдау орталығы ашылған болатын. Қазіргі таңда орталық Әйтеке би кентіндегі Қаражан Сансызбаев көшесі №2 ғимаратта орналасқан. Орталыққа жүктелген негізгі қызметі бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдар және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарды дер кезінде анықтап, оларға әлеуметтік, психологиялық-заңгерлік көмектер береді.
Бүгінде орталық «Белсенді – ұзақ өмір терапиясы», «Арт-терапия», «Шаштараз», «Тігін», «Дағдарыс бөлмесі» және құқықтық, психологиялық, әлеуметтік көмек және бейімдеу қызметтерін көрсетеді. Орталық отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға уақытша көмек көрсету мақсатында 3 орындық төсек-жабдықпен қамтамасыз етілген.
Жыл басынан бері орталық мамандарының ұйымдастыруымен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында 46 іс-шара және құзырлы орган қызметкерлерімен бірлесіп, аудан тұрғындарымен 27 кездесу ұйымдастырылды.
Биыл орталық ғимаратында жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен «Кондитер», «Шаштараз», «Тігін» курстары өткізілді. Оған 29 адам қатысып, тиісті сертификаттары табысталды.
Орталықта әр аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері әлеуметтік мамандармен бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі балаларға әртүрлі іс-шара ұйымдастырылады. «Мүгедектер қоғамы» ұйымының бастауымен әр аптаның сәрсенбі күні мүмкіндігі шектеулі жастар арасында іс-шаралар өткізіліп келеді.
Жәбірленгендер мемлекет қорғауында
Сонымен бірге аудан тұрғындарына психологиялық-заңгерлік кеңестер беру мақсатында «Ашық есік күні» акциясы тоқсанына бір рет өткізілді. Нәтижесінде 82 қазалылық тұрғын қамтылып, олар өздеріне қажетті кеңестерін алған.
Бұдан бөлек жыл басынан бері орталық директоры тарапынан 46 адамды жеке сұрақтарымен қабылдап, оларға заңнамаға сәйкес тиісті жауаптары берілген. Оның ішінде, 21-не құжаттарын рәсімдеуге жәрдем берілген. Ал 9-ына өз кәсібін ашуға жәрдем көрсетілген, 6-уына тұрақты және уақытша жұмысқа орналасуға көмек көрсетілген.
– Жыл басынан бері 212 отбасына тұрмыстық жағдайына сәйкес түрлі қайырымдылық көмек берілді. Осы жылы Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Аталған Заңнамалық актілердің басты мақсаты – әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл өзгерістер мен толықтырулар қоғамдағы зорлық-зомбылықты азайтуға, әйелдермен мен балалардың өмір сапасын жақсартуға және олардың құқықтарын бұзуға жол бермеуге бағытталған, – дейді Қазалы аудандық отбасын қолдау ортылығының директоры Нұркен Сералиев.
Нұркен Жарболұлының мәлімдеуінше, заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда 2011 жылғы 26 желтоқсандағы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 1-бабы 29-1) тармақшасымен толықтырылды. Онда алғаш рет заңнамада отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі «111» байланыс орталығы жұмысының құқықтық негіздері белгіленді.
«111» байланыс орталығы азаматтарға кеңес, ұйымдастырушылық және психологиялық көмек көрсетеді. Келіп түскен өтініштер туралы мемлекеттік органдарды ақпараттандырады және мемлекеттік органдар байланыс орталығына қабылданған шаралар туралы ақпаратты ұсынуға міндетті. Сондай-ақ аталған кодекстің 1-тарауы 5-1-баппен толықтырылды. Мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құру және олардың қызметі заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Соған сәйкес аудандық отбасын қолдау орталықтары ашылып, жұмыс істелуде.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 108-1, 109-1 баптарымен толытықтырылды. Яғни денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғуға бұған дейін әкімшілік жаза қарастырылған болса, енді қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ, өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны, 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды. Кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін алғаш рет әкімшілік жауапкершілік енгізілді.
– Кибербуллинг дегеніміз – біреуді цифрлық технологиялардың көмегімен қудалау, яғни әлеуметтік желілерде біреу туралы жалған ақпарат тарату немесе біреудің келісімінсіз фотосуреттерін орналастыру, хабар алмасу платформалары арқылы тіл тигізетін хабарламалар жіберіп, бопсалау, өзін басқа адам ретінде таныстырып, оның атынан келісімінсіз хабарламалар жіберу болып табылады.
Буллинг, кибербуллинг жасағаны үшін ескерту жасалады не 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Ал егер буллинг не кибербуллингті 12 жастан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған бала жасаса, олардың ата-анасына не оларды алмастыратын адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – дейді Нұркен Сералиев.
Оның айтуынша, «Автомобиль көлiгi туралы» 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 22-бабы 4-тармақпен толықтырылды. Онда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында он алты жасқа толмаған, ата-анасы және (немесе) өзінің заңды өкілі ертіп жүрмеген адамды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіріп кетуге тыйым салынды. «Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы заңының 12-1 бабымен, білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндеттелді.
Маман не дейді?
Құқық қорғау саласының қызметкерлері де ҚР Конституциясының 17-бабына сәйкес «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды дегенді хабарлап отыр. Олардың мәлімдемесіне сүйенсек, ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды» делінген. Алайда шындық бұдан әлдеқайда алыста жатыр.
– Қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық белең алған әлеуметтік мәселе болып табылады. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» ҚР Заңының 4-бабына сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылық тек ғана күш көрсетуден емес, сексуалдық, экономикалық және психологиялық түрлерден тұрады. Отбасының кейбір мүшелері тұрақты түрде қорлау, ұрып соғу, балағаттаудың құрбаны болып отырады. Тұрмыстық зорлықтың құрбаны үнемі күйеуінен таяқ жейтін әйел, туыс ер азаматтардан жыныстық қысым көретін қыз, анасы ұратын бала, өз балалары бас тартқан қарттар болуы мүмкін. Қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы үндеместік жағдай орын алған. Көрші үйде орын алып жатқан зорлық-зомбылыққа ол отбасының ері мен әйелінің ішкі мәселесі деп аса мән бермейміз. Мәселен, әйелі күйеуінің ұрып-соққанын өзгеге айтуды ұят санайды. Себебі оған өзін кінәлі сезінеді. Анасы туған ұлынан қорлық көреді. Өзін кінәлі сезінеді, себебі дұрыс тәрбие бере алмады. Ешкім ешқандай жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы тиіс емес. Өйткені тұрмыстық зорлық-зомбылық ол – қылмыс. Оған төзіп отырудың қажеті жоқ. Егер зорлық-зомбылық көшеде орын алса, 102 нөміріне қоңырау шалыңыз. Көрші үйде орын алса, тексеріңіз, зорлық-зомбылық болуы мүмкін деп ойласаңыз бұл да тиісті орындарға хабарлауды қажет етеді, – дейді Қазалы АПб Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны Сәуле Бишекова.
Маманның мәлімдеуінше, өткен жылдың 15 сәуіріне дейінгі заң шеңберінде отбасында болған денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру мен ұрып-соғу деректері әкімшілік құқық бұзушылық ретінде сараланып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Араға бір жыл салып, дәл сол күні Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары бастамашылық еткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойды. Енгізілген өзгерістерге сәйкес ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру криминализацияланды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қатысушыларымен профилактикалық әңгімелесу жүргізіліп, жәбір көрсетуші өз іс-әрекетінің қылмысқа апаратынын сезінетін болады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алды деп санасаңыз бұл туралы 102 нөміріне қоңырау шалып хабарлаңыз, сіз орын алуы мүмкін қылмыстың алдын алған болып саналасыз.
Әлемде миллиондаған әйел зардап шегуде
«БҰҰ әйелдер» мәліметтері бойынша, әлемдегі 736 миллион әйелдің ішінде 15 жастан асқан әрбір үшінші әйел физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Жыл сайын 45 мыңнан астам әйел серіктестерінің қолынан қаза табады. Төрткүл дүниенің 155 елі тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңдар қабылдады. Ал 140 елде жұмыс орнында жыныстық зорлық-зомбылық бойынша заңдар бар. Алайда осы заңдарды сақтау және қол сұғушылықтың жазасыздығы мәселелерінің түйіні әлі де күрмеулі. Дегенмен жаңа заң мен отбасын қолдау орталықтарының мамандары қоғам санасы мен мәдениетін оң бағытта өзгеріске ұшыратады деген үміт зор.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА