2025 жылы Қызылорда облысында 1 400 дана бейнебақылау камералары орнатылады
Фото: ntime.kz
Қазіргі таңда аймақта 18 969 бейнебақылау камералары жұмыс істесе, оның 7 148-і жедел басқару орталығына қосылған. Одан бөлек, облыс орталығындағы азаматтар көп шоғырланатын орындарда "SOS" дабыл батырмасының 15 құрылғысы орнатылған. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында тиісті сала мамандарымен "Ақылды қала" тұжырымдамасының қауіпсіздік бағыты талқыланды.
– Аймақты цифрландыру "Ақылды" қалалардың эталондық стандарты аясында жүзеге асырылады. Бүгінде облыста 20 дана "Аркан" жылдамдық өлшеуіш құралдары қаладағы жол-қозғалыс оқиғаларының алдын алуға жұмыс істеуде. Сонымен қатар, облыстық жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасы мен "Көркем Телеком" ЖШС мекемесі меморандумға отырып, Қызылорда қаласына пилоттық режимде 100 дана бейнебақылау камералары және 10 дана "Стационарлық жылдамдық өлшегіш" қондырғылары орнатылып, іске қосылды. Өңірдегі бейнекамералардың артуы қылмыс санының азаюына өз ықпалын тигізуде. Алдағы уақытта 1 400 дана бейнебақылау камераларын, 19 дана интеллектуалды қиылыс пен 58 дана жылдамдық өлшегіш және жедел басқару орталығын қайта жаңғырту жоспарланып отыр.
Бейнебақылау камераларының саны артып, толығымен жұмыс жасауы арқылы өңірдегі жол-қозғалыс ережелерін бұзушылықтар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 636-ға азайған.
– Яғни, жүргізушілердің арасында көлік құралдарын басқару мәдениеті жақсарған. Сондай-ақ, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында "Қауіпсіз мектеп" жобасы жүзеге асырылды. Қала бойынша 44 білім беру ұйымдары толық бейнебақылау камераларымен, дабыл батырмасы және полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған,- деді Қызылорда облыстық полиция департаменті ақпараттандыру және байланыс басқармасының бастығы Алмат Жүнісов.