Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қырағы қозғалыс қауіпсіздігін қадағалаушылар

Қырағы қозғалыс қауіпсіздігін қадағалаушылар


«Шойын жол салынғалы жатыр. Ол жолдың көрінісі домбыраның екі ішегі сияқты. Онымен поезд деген отпен жүретін арба келеді екен... Қара бұқасы болады дейді» дейтін қазақ даласына жақсылық жаршысы болып келген теміржол қолданысқа енгеннен бері даму драйвері, экономиканың күретамырына айналып үлгерді. Темір жол көлігі жолаушылар мен жүк ағындарының үлкен көлемін еңсереді. Қажетілікті қамтамасыз етіп, жедел, тұрақты жұмысымен жұртшылық көңілінен табылып жүрген саланың қауіпсіздігі мен техникалық жағдайы маңызды. Осы жолда жүйелі жұмысымен көрініп келе жатқан ұжым – Қазалы пайдалану вагон депосы.
Тарихы іргелі, ісі ілгері
Қызу қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етушілер қызмет ететін орын тарихы бастауын өткен ғасырдан алады.
Еуропа мен Азияны тоғыстырған Орынбор–Ташкент темір жолы салынған алғашқы паравоз депосының құрамында болған вагон цехы 1928 жылы өз алдына вагон телімі, кейін дербес депо болып мекеме ашылады. Сол кезеңнен бастап Қазалы пайдалану вагон депосы тұрақтылықпен алға жылжып келеді. Уақыт талабына сай жауапты жұмыс жүгін көтеріп келе жатқан депо өз саласында мақтаулы. Алған асу, жеткен жетістіктері көп. Бірақ «Темір жолда – темір тәртіп» қағидасын ұстанатын депо жұмысшы-қызметкерлері ешқа­шан тоқмейілсімейді, жауапкершілік жүгін жоғары ұстайды.
«Құрметті теміржолшы», аудандық мәсли­хаттың төрт шақырылымының депутаты Арғын Орынбаев басшылық ететін мекемеде 398 жұмысшы-қызметкер еңбек етеді. Ұжым ісінің ілгерілеуіне күш-жігерін жұмылдырған 197 зейнеткерлерді деподағылар өздерінен ешқашан бөлмейді.
Кепілдік иіні Сексеуіл бекетінен басталып, Түркістан бекетіне дейін жететін вагон қараушылар поездардың қозғалыс қауіпсіздігін қадағалайды. Ал контейнерлік поездардың Илецкі техникалық қызмет көрсету бекеті мен Сай-Өтес, Түркістан облысындағы Арыс техникалық қызмет көрсету бекетіне дейінгі аралығына жауапты. Депоның негізгі міндетіне поездардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтаумен бірге ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу де жатады.

Ұқыпты ұтылмайды
Күн сайын мамандардың барлығы медициналық тексерістен өтіп, жұмысқа әзірлігі қаралады. Техникалық сабақтар тұрақты жүргізіліп, үнемі кәсіби тұрғыдан жетілдіріп, ізденіс үстінде жүруі талап етіледі. Тәлімгерлік тәсіл де тиімділігін көрсетіп, жолға қойылған.
Пойызбен келе жатып, елсіз жерлердегі теміржол бойында жүрген маманды көрсеңіз, ол вагон қараушы. Алыс-жақын, мезгілдің қай кезі, ауа райының қандай жағдайы болсын, тежелуге, тоқтауға болмайды. Олардың жауаптылығына сенген қаншама жолаушы, тонналаған жүк жолмен жүйіткуде. Пойыздар легі үздіксіз ағылып жатқан станса бойынан вагон қараушылар бірнеше жылжымалы құрамды қарап үлгеруге міндетті. Қалыпты ырғақ бұзылған жағдайда, вагон бірден құрамнан ағытылып, жөндеуге жөнелтіледі.
Бір ғана мысал, бүйір рамасы ақаулығын анықтауға мұндағылар маманданған. Бірнеше рет үлкен апаттың алдын алып, жағдайды өз уақытында реттеген жауаптылар ісіне бұрын ас мән берілмесе, қазір еңбегі лайықты насихатталады.
Вагон қараушы қарауыл емес, ауыр көліктің өн бойындағы жағдайды тап басатын білікті дәрігер сынды. Техника «тамыршылары» вагонның сырт­қы көрінісінен-ақ ақау бар-жоғын анық­тауға қабілетті. Сырын сұрағанымызда, ес­кілеу вагондардың ақау шығу қаупі басымдылығын білдік.
Вагон қараушыға денсау­лығы жақсы болудан бөлек, қауіптілікті болжай алатын қасиет тән болуы қажет. «Ұқыпты ұтылмайды» деген халықтың нақылы осындайда ойға оралды.
Ұзақ жылдар тер төгіп келе жатқан тәжірибелі вагон қараушылардың қалың шоғыры қалыптасқан. Бізді қуантқаны, ұрпақтар сабақтастығының үлкен үлгісі болды. Бір отбасының бірнеше адамы, әкелі– балалылар, ағайындыларға көптеп кездестік. Еңбек тізбегін қалыптастырған депода төртінші буынға жалғасқан теміржолшылар барын білдік.
Тәуелсіз Қазақстанның даму бағытына бет алуында өнімділік үлкен маңызға ие. Осы жылдар ішінде еңсесін тіктеп, бәсекеге қабілетті, іскер де ұйымшыл ұжым бір де бір рет поездар қозғалысына қауіп төндіретін ақауларға жол бермеген. Қырағылық – қауіпсіздік кепілі деген осы шығар.

Еңбек бағалануымен құнды
Тұрақты жұмыс жүйесі, адал еңбектің арқасында депо жұмысшы-қызметкерлері ұлттық компания басшылығы тарапынан, одан өзге салалық, өңірлік, аудандық мақтау-марапаттардан тыс қалмаған. Өздеріне жасалған қолайлы жағдай жұмысшылар жауапкершілігін арттырып, ынталандыра түсетінін айтады.
Жақсы жұмысшыға қайда да құрмет бар.
Биылғы жалы «Қазақстан темір жолына 120 жыл» толу мерекесіне орай Нұрлан Тілеуқұлов, Айбек Қараманов, Айболат Жарболов, Ерлан Бисенов, Әділхан Ақылбеков, Әділхан Тынымбаев, Нұрдулла Орымбаев медальмен наградталған. «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының Құрмет грамотасы, Алғыс хатын Жұмахан Нұрымбетов, Құрманбек Таңатаров, Ерлан Есмамбетов, Дәуренбек Ұзынтілов, Қайрат Көлбаев Қылышбек Үкіматов, Болатбек Рахатов, Кенжебек Жаманғараев, Құрманғазы Хизатов алған.
Поездардың қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төндіретін, табылуы қиын ақауларды анықтаған Жаңабай Баев, Нұрлан Төлегенов, Қараман Нұрманов, Сейтмек Онбаев, Алтай Сейтмағанбетов марапатталған. Кәсіби мерекесіне бірнеше маманға аудан әкімінің Құрмет грамотасы табысталған.
Құрметті теміржолшылар Рабат Әлібеков, Айбосын Сүндетов, Нұргүл Сұлтамұратова, Қазақстан темір жолы ғимаратының құрмет тақтасына суреті ілінген Түстібай Әлібиевтің жүрген жолдары үнемі үлгі етіледі.
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен оның еңбек ұжымы арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған ұжымдық шарттың аясында жұмысшы-қызметкерлер мен зейнеткерлерге арналған әлеуметтік пакеттердің толық беріледі. Жыл ішінде көлік қызметкерлері күні мерекесіне орай үстемақы, 50 баланың жазғы демалу-сауықтыру лагеріне жолдама, білім күніне 214, отбасы күніне 69, мүгедектер күніне орай 6, балаларды қорғау күніне 3 жалғызбасты ана немесе әкеге әлеуметтік көмек көрсетілген.
Мұнан бөлек тіс салдыру, балалы болуына, жақындарының қайтыс болуына байланысты көмек, мерейтойларға, некеге тұрау, зейнетке шығуға материалдық ақы, теміржол көлігімен пайдалану жолақысы, мекемедегі ауған соғысы ардагерлеріне құрмет, шипажайларға жолдамаға берілген.
Зейнеткерлер де көрсетілген әлеуметтік көмектердің түрлерін пайдалана алады екен.
Деподағы 398 мүшесі бар бастауыш кәсіподақ ұйымы мерекелер мен мерейтойларда көпшілік-мәдени іс-шаралардың ешбірінен тыс қалмайды. Мұқтаж жұмысшы-қызметкерлерге қайырымдылық көмектер қарастырылған. Жастар арасында спорттық іс-шаралар тұрақты өткізіліп отырады.
Көп жылдар қызмет еткен аға буын зейнеткерлікке шықса, олардың орынын жас буын жалғастыруда. Еңбек әліппесін осы орыннан бастаған қаншама жұмысшы түрлі салаларда еңбек етуде.
«Жас келсе – іске» деп жаңадан келгендердің толық машықтануына жан-жақты жағдай қарастырылған. Конкурс арқылы емтиханнан өтіп, алғашқы еңбек жолын бастағандар қатарында мамандар бөлімінің маманы Самат Атабай, вагон қараушы-жөндеуші Еркін Сайфулмалик, вагондар паркінің сақтау инспекторы Әділет Қуандықов және тағылымдамадан өтіп жүрген Жандос Шыңғысұлы барын білдік.
«Қиындық пен қауіп-қатерлі міндетке толы көлік кешенінің жетекші саласы – жолаушылар мен жүк тасымалының басты қатынас құралы. Ұжым кәсіби шеберліктерінің нәтижесінде барлық темір жол бекеттерінде тәулік бойы жолаушылар мен жүк пойыздарының қозғалысының ырғақты және үзіліссіз жұмыс істеуіне күш жұмылдырып келеді. Осы бағытта ұжым ұзақ жылдар ішінде «саусақ біріктіру арқасында ине іліктіріп», талай сынға төтеп беріп, қалыптасты. Алдағы міндет осы бағыттан таймай, поездар мен жолаушылар қауіпсіздігін сақтай отырып, нәтижелі жұмысты жандандыру», – дейді тәжірибелі теміржолшы, Қазалы пайдалану вагон депосының бастығы Арғын Қайырбайұлы.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА


04 желтоқсан 2024 ж. 2 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031