Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » “Қырағы көздер” қызметі

“Қырағы көздер” қызметі

Кеңес үкіметі кезінен теміржол саласы елдегі үлкен отбасы саналды. Одан бергі уақытта да мыңдаған қызметкерге жұмыс беріп, жолаушылар мен жүк тасымалы бағытындағы тіршілігі біткен емес. Темірдей тәртіпке бас иген салада түрлі функционалдық міндет арқалаған зауыттар мен мекемелер жеткілікті. Олардың бірі күзетпен айналысса, ендігісі пойыз жүргізушілерін реттейді. Ал біз айтқалы отырған Қазалы пайдалану вагон депосы ауданға кіріп, вокзалға аяңдаған темір тұлпардың техникалық ақауын жөндейді. Осы күнге дейін абырой биігінен аласармай келе жатқан Арғын Орымбаев басқаратын мекеме 412 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Пайдалану вагон депосы қызметкерлерін сыртынан көргендер «қырағы көз, сақ құлақ» деп те атап жатады. Оның өзіндік себебі бар. Алыс сапардан өкпесін қолына алып келген темір жүйрік осы мамандардың тексеруінен өтеді. Пойыз келіп тоқтағанда қос сайманын қолынан тастамай, темірді тарс-тұрс ұрғылап жүрген сары жиделілерді бұрын байқаған боларсыз? Сол шеберлердің көздерінің қырағылығы, құлақтарының сезгіштігі арқасында алып вагондардың ақауы анықталып жүр. Техниканың кемшіл тұсы дер кезінде орнына келтірілгенінің арқасында сіз бен біз қалаған қаламызға, жүктеріміз иесіне жетіп жатыр.
– Техниканың ақауы дыбысы арқылы дереу табылып, қалпына келтірілмесе, пойыз апатқа ұшырауы мүмкін. Сондықтан пайдалану вагон депосы қызметкерлеріне ылғи қырағы болуды ескертіп отырамын. Ал ақауды алыстан байқайтын мамандар бізде жеткілікті, – дейді мекеме басшысы. Бұған сенбеске амал жоқ. Өйткені өткен жылдың он екі айы мен биылғы алты ай ішінде аталған мекеме мамандары тарапынан қозғалыс қауіпсіздігі бұзылу жағдайы тіркелмеген. Жұмысқа тиянақтылық болғанда кемшіліктер саны да кеми түсетіні анық. Мәселен былтыр ВЧД-6 мекемесі пойыздарға 405 мың мәрте қызмет көрсеткен. 2021 жылдың жартысында вокзал маңына келіп тоқтаған тұлпарлардан 205 мың кемшілік анықтап, тиісті міндеттерін атқарған.
Мекеме мамандарының айтуынша, өткен жартыжылдықта барлығы 615 вагонға ағымды жөндеу тұйығы жеткізіліп, механиктердің шебер қолынан жөнделіп шыққан. Сол сияқты тағы 4703 вагонның тежегіш құрылымына сауықтыру жүргізілген. Яғни жаңартылып, талапқа сай жөндеу көрген. Бұдан бөлек вагон паркін сақтандыру да осы мекеме қызметкерлерінің құзырына кіреді. Жыл басынан бері 5 вагон зақымдалып, жөнделіп шыққанын алдымен айтайық. Ал оның жарамсыз күйге түсуіне кінәлілер айыппұл арқалаған көрінеді. Шығын соммасы 1 230 651 теңге бағаланып, толықтай өндірілгені белгілі.
Бұған дейін вагон паркінен техниканың қосалқы бөлшектерін ұрлау жағдайы тіркелгені жасырын емес. Алайда сақтық шараларын қайта пысықтау мен жүйелі жоспардың арқасында өткен жылдан бері вагон бөлшектерінің ұрлауға тосқауыл қойылған. Жауапты мамандар жүк тиеу үшін ауданға ақсап келген 15389 вагонды жүк тиеуге дайындап бергендерін де айтып отыр.
Қазіргі таңда елде COVID-19 инфекциясының таралуына байланысты бірқатар шаралар қолға алынғаны белгілі. Әсіресе адам көп шоғырланатын жерде ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін індетке қарсы екпе қарқыны күшейді. Осы тұста әріптестері мен жақын-жуықтарының денсаулығы үшін алаңдаған мекеме қызметкерлерінің 100 проценті вакцинаның бірінші компонентін алған. Ал екінші препаратын алушылар саны сәл кемшіл.
Депо басшысы Арғын Орымбаев биылғы жылдың алты айында біліктілігімен көзге түскен мекеме мамандарының есімін атай кеткенді жөн көрді. Өйткені біраз уақыт бұрын вагон арбаша бүйірінен сызат және доңғалақ жұбынан табылған ақаулар дер кезінде еңсеріліп, апаттың алды алынған. Осы тұста Бекболат Рзаев, Үсен Темір, Болатбек Тлеуов, Алтай Нүрпейісов, Ербол Құлжанов, Сейтімбек Оңбаев, Дархан Тажимов, Руслан Піртаев, Айбосын Сүндетов, Түстібай Альбиев, М. Ержанов сияқты өзі ісінің шеберлеріне айтар алғыс шексіз.
Жұмысына асқан жауапкершілікпен қарап, көзді алдайтын кемшілікті адаспай тапқан мекеменің бес қызметкері «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен, бір азамат «Түрксіб-90» медальімен, екі маман Қазақстан Темір Жолы АҚ басшылығынан Құрмет грамотасы, тағы бес адам Алғыс хатпен марапатталғанын да айта кетейік. Өткен жылы сол сияқты «Қозғалыс қауіпсіздігі» төсбелгісі төрт бірдей шеберге табысталған.
Ауызбіршілігі үйлескен, жұмысы өрге басқан ұжымды қалыптастыру кез келген басшының қолынан келер дүние емесін көріп жүрміз. Осындай қасиеттері үшін де шын маман жүздеген қызметкерге басшы ретінде тағайындалады. Қазалы пайдалану депосының бастығы Арғын Орымбаев та теміржол саласындағы ең үлкен награда иесі – «Құрметті Теміржолшы». Бұдан бөлек мұнда Рабат Әлібеков есімді шебер мен вагон қараушы Айбосын Сүндетов аталған атаққа ие болған. Өткен жылы қызметте қырағылық танытқан Қазалы техникалық қызмет көрсету бекетінің вагон қараушысы Айбосын Сүндетов те Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму Министрі Б. Атамқұловтың бұйрығымен «Құрметті Теміржолшы» биігіне көтерілді.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
31 шілде 2021 ж. 475 0

Ана сүтінің маңызы

21 сәуір 2025 ж. 58

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930