Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еселі ісімен көпке үлгі

Еселі ісімен көпке үлгі

Көлік және теміржол салалары – қашанда экономиканы алға жылжытушы күш, әрі экономиканың бірден-бір діңгегі десек артық айтқандық емес. Тоғыз торап бойындағы станциялары арасындағы жол қозғалыс қауіпсіздігін сақтап жүк және жолаушылар поездарына техникалық қызмет көрсету «Қазақстан темір жолы» Жүк тасымалы» Қызылорда бөлімшесі филиалының – «Қазалы пайдалану вагон депосына» жүктелген. Қазір мұнда 400-дей адам жұмыс істейді.
Депоның кепілдік иіні бұрынғы 1413 шақырымнан, солтүстігі Жезқазған, батыс Ақтөбе, оңтүстігі Түркістан стансалары арасы болып белгіленіп, 1931,2 шақырымға дейін ұзартылды.
Қазалы пайдалану вагон депосы құрамында 2 негізгі техникалық қызмет көрсету қосыны Сексеуіл және Қызылорда, 3 техникалық қызмет көрсету бекеті Қазалы, Жосалы және Шиелі, 2 вагондарды тапсыру бекеті Арал-Теңізі және Белкөл, 1 вагондарды дайындау бекеті Төретам, 24 бақылау бекеттері бар 1 санаттағы үлкен ұжым.
Депоның негізгі міндеті Қоскөл-Сексеуіл-Түркістан станциялары арасындағы жол қозғалыс қауіпсіздігін сақтап жүк және жолаушылар поездарына, техникалық қызмет көрсету және вагондарға ағымды жөндеу болып табылады.
Осындай қызу жұмыстың бел ортасында жүрген вагондарды ағымды жөндеу тұйығының бригадирі Мұхамбет Мұсаевтың еңбегі ерен. Ол 15 жылдан аса теміржол саласында тер төгіп келеді. Өзінің бойындағы күш-қуатын, білімін, іс тәжірибиесін білікті жұмсап, теміржол транспорты саласында тынымсыз еңбек етуде.
Сегіз қырлы бір сырлы Мұхамбет Нұрмаханұлы ауданның тыныс-тіршілігі үшін пойыздың үздіксіз жүріп-тұруына жауап беретін маңызды саланы алға жылжытуға қабілетті маман ретінде өзгелерге үлгі-өнеге болуда. Аптал азамат ауданның әлеуметтік-экономикалық деңгейінің артуына да өлшеусіз үлес қосуда. Қай мезгілдің болмасын ыстық-суығына төтеп, күн-түн деместен ел абыройы мен ризығын молайтуға атсалысып жүр. Оның тағы бір қызметі – ақаулы вагондарды ағымды ағытып жөндеу болып саналады.
– Біздің жұмыста жүк вагонынан қандай ақау болмасын жөндеп, іске қосуға тырысамыз. Осы жөндеу бойынша биылдыққа 180 вагон ақауына байланысты ағытылып, қатарға қосылған. Көбіне тоқтаусыз жүргендіктен дөңгелек желініп келеді. Ұзақ сапарға шыдас бермей, вагонның сырты сынады, жөнге келтіріп жамаймыз. Сондай-ақ вагонның тежегіші де кетеді. Осы сынды бұзылған кем-кетіктерді орнына келтіреміз. Күніге 8 сағаттық жұмысты аптасына 5 күнде атқарамыз. Демалыс күндері аяқасты ақау шықса, барып жөндейміз. Дегенмен ондай жағдай орын алған жоқ. Бір күнде ең азы бір вагон, кей жағдайда 3-4 вагон жөндеуден өтеді. Теміржолда темірдей тәртіп бұрыннан қалыптасқан. Алғашқы кезде үйренісе алмадым. Әуелгіде ПТО бастығы Нұрлан Мектепов өзінің қамқорлығына алып, жұмыс ережелерін көрсетті. Кейін бригадиріміз Мергенбай Арықбаев бар білгенімен бөлісті. Осы тәлімгерлеріме алғысым шексіз, – дейді Мұхамбет Нұрмаханұлы.
Жүрегі кең, адамгершілігі мол еңбеккерді жанындағы әріптестері де ерекше ықыласпен құрметтейді. Еңбек жолын вагон қараушы-жөндеуші қызметінен бастап, кейін еселі ісімен көзге түсіп, ағымды жөндеу тұйығы бөліміне бригадир болып барған.
Сала маманының айтуынша, қарамағында ағымды жөндеу тұйығының слесары Бақытбек Жұмахметов, ағымды жөндеу тұйығының дәнекерлеушісі Құрманбек Таңатаров пен Сәбит Аңсатбаев және краншы Ақылбек Қалабаевтардың жұмыла кірісуінің арқасында негізгі жұмыстар уақытылы бітеді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
09 тамыз 2022 ж. 273 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930