Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Чемпиондар ордасы

Чемпиондар ордасы


Мемлекеттің ең басты құндылығы адам ресурсы десек, адам денсаулығы – қоғамның өлшеусіз байлығы. Дене шынықтыру мен спорт, саламатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды рухани тәрбиелеу азаматтар денсаулығын жақсартудағы ең маңызды құралдардың бірі. Жеңіс пен жеңіліс, қуаныш пен өкініш, сенім мен үміт қатар жүретін спорт әлемінде осы кезге дейін біршама белестерді бағындырдық. Әлемдік, халықаралық додаларда топ жарып, ел қоржынына жүлде салған спортшыларымыз да жетерлік. Ал оларды дайындайтын кім?
«Қазалы ауданының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің «Қазалы спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бар. Ол Қазалы аудан әкімінің 2013 жылғы 25 шілдедегі №188 қаулысымен «Қазалы спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып құрылып, 2013 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жұмыс атқарып келеді. Спорт клубқа қарасты 120 орындықты спорт кешені 2014 жылдың қараша айында пайдалануға берілген. Спорт клубының директоры Нұртуған Өтегеновбен байланысып, мекеменің жай-күйімен таныстық.
Бұл жер болашақ буынды салауатты өмір салтын ұстануға, дене шынықтыру мен спортты тұрғындар арасында насихаттауға, аудан тұрғындарын дене шынықтыру мен спортпен белсенді айналысуына сеп болып, жастарды табандылыққа баулиды. Спорт клубы алдағы уақытта республикалық және облыстық сайыстарға қатысып, жоғарғы жетістіктерге қол жеткізуге жұмыс жасауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар спорт клубында ерікті түрде келетіндерден бөлек бүгінгі күні 818 жасөспірім әр түрлі үйірмелер бойынша жаттығуда.
– Қазалы ауданы орталығы, Әйтеке би кентінің өзінде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға, оның ішінде ұлттық спорт түрлеріне қызығушылық танытушы жасөспірімдер саны күн санап өсіп келеді. Аталмыш спорт түрлері бойынша облыстық спартакиадаларда топ жарып, Халықаралық және Республикалық жарыстарға жолдама алып жүрген өрендер жетерлік. Қазалы ауданының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің күнтізбелік жоспарына сәйкес, мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша жыл басынан бері 65 спорттық іс-шара өткізілді. Бүгінгі таңда екі ауысым бойынша жұмыс жасайды. Мұнда футбол, волейбол, баскетбол, қазақ күресі, дзюдо, таеквондо, жеңіл атлетика, қол күрес, тоғызқұмалақ және шахмат түрлері қамтылған. Қосымша гір көтеру мен қол күресі бар. Оған арнайы жаттықтырушылар мен нұсқаушылар тұрақты жұмыс істейді, – дейді спорт клубының басшысы.
Клуб үйіндегі қайнаған қызу дайындық толастаған емес. Жаттықтырушылардың еселі еңбегінің арқасында чемпиондар шығуда. Мәселен, Пайзулла Набиев – асық ату және бес асық жаттықтырушысы. Оның құрамасындағы жасөспірімдер түрлі байқауда бас сынауда. Жақында ғана Сырдария ауданында өткен ауыл спортшыларының XXXVI-ші «Алтын күз» спартакиадасында асық ату, бес асықтан ерлер мен әйелдер арасында жүлделі III орынды иеленді. Сонымен қатар осы спорт түрлері командалық құрама бойынша облыстық ірік­теу жарыстың қорытындысы бойынша екі мәрте Қазақстан чемпионатына жолдама алған. Қазақстан чемпионатына жолдама алған жерлестеріміз Ақтау қаласында 2008-2010 жылы туылған жасөспірімдер арасында өткізілген Қазақстан чемпионатында чемпион атаныпты. Асық атудан №165 орта мектептің оқушысы Аңсар Мырзахмет чемпион атанып, Қазақстан Республикасының ұлттық құрама сапына енген. Ал бес асықтан №134 орта мектептің оқушысы Аяна Тұрсынбай да чемпион атанып, Қазақстан Республикасының ұлттық құрама сапына еніпті. №97 орта мектептің оқушысы Дана Наурызбай мен №134 орта мектептің оқушысы Нұрсая Әзілхан II орында топ жарған.
Армрестлинг – бүкіл әлемде кеңінен таралған спорт түрі. Қазақ мұны «қол күрес» деп атайды. Осы спорт түрінің Қазақстанда жақсы дамығанын айта кету керек. Оның ішінде Қазалы ауданындағы спорт клубында шыныққан шымыр жастар талай додада көзге ілініп жүр. Клубтағы қол күрес жаттықушысы – Мерей Рахан. Шалқар қаласында өткен қол күрестен 2007-2015 жылы туылған жас жеткеншектер және жасөспірімдер арасындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ашық біріншілігінде жүлделі орындармен оралса, Ақтөбе қаласының 155 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған ашық біріншілікте жеңімпаз атаныпты.
Қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі, ақыл-ойды дамытуға арналған ойын – тоғызқұмалақ. Спорт клубындағы ұлттық ойынды дәріптейтін осыбір ойын түрі қызығушылардың ақыл-ойын шынықтырып, түрлі сайыстарға қатыстырып жүр. Клубтағы тоғызқұмалақ үйірмесінің жаттықтырушылары – спорт шеберлері Сәбит Шүленбаев пен Ұлдана Маханбетамин. Тоғызқұмалақтан ерлер мен әйелдер арасында Қызылорда облысының командалық чемпионатында жүлделі І орынды жеңіп алған. Сонымен қатар, ардагерлер арасында жекелей облыстық чемпионатында І орынға ие болып, республикалық жарысқа жолдама алыпты. Сырдария ауданында өткен ауыл спортшыларының XXXVII-ші «Алтын күз» спартакиадасында тоғызқұмалақтан ерлер арасында жүлделі II орын бұйырыпты. Биыл аталған үйірме бойынша 3 шәкіртке спорт шеберіне үміткер атағы берілген. Ақтау қаласында тоғызқұмалақтан ересектер арасында Қазақстан Республикасының командалық чепионатында Қызылорда облысының қыздар командасы классика түрінен жүлделі ІІІ орын иеленіпті. Сырдария ауданында өткен ауыл спортшыларының XXXVII-ші «Алтын күз» спартакиадасында да тоғызқұмалақтан әйелдер арасында жүлделі III орын бұйырған.
Сонымен қатар спорт клубында баскетбол үйірмесі бар. Жаттықтырушысы – Құдайберген Медетов. Үйірменің жеткен жетістіктері аз емес. Мәселен, Қызылорда қаласындағы «Мың бала» спорт кешенінде өткен «AUYL SPORT – 2024» Қызылорда облысының ауыл балалары арасындағы өңірлік лигада баскетболдан 2009-2011 жылы туылған кіші жасөспірімдер арасында чемпион атаныпты. Қазалы спорт клубының баскетбол бөлімшесінің жеңімпаз ұлдар командасын және жаттықтырушысы Құдайберген Медетовті І дәрежелі дипломмен марапаттаса, баскетболдан «Үздік қорғаушы» номинациясымен Нұрлат Темірбек марапатталыпты. Қызылорда облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының ұйымдастыруымен Қазалы ауданында өткен баскетболдан 2009-2010 жылы туылған балалар-жасөспірімдер арасындағы облыс біріншілігінде II орынды, Сырдария ауданында өткен ауыл спортшыларының XXXVII-ші «Алтын күз» спартакиадасында баскетболдан әйелдер арасында жүлделі III орынды қанжығасына байлапты.
Ал футбол бөлімшесіндегі жаттықтырушы Дархан Искаков шәкірттерін табандылыққа үйретіп, түрлі байқауда бақтарын сынатып жүр. Мәселен, Қазалы ауданының футбол құрама командасының бас бапкері, Қызылорда облысында басталған 2 айналымнан тұратын футболдан XI облыс чемпионатына 8 команда қатысып, «Қазалы» командасы II орынды иеленген. Сонымен қатар, аудан командасы құрамындағы ойыншылар үздік атанған. Оның ішінде Жандосбек Нәбиев – «Үздік ойыншы», Нұрым Қанатбай – «Үздік қақпашы». Сырдария ауданында өткен ауыл спортшыларының XXXVII-ші «Алтын күз» спартакиадасында футболдан жүлделі I орын алып, топ жарған.
Мирамбек Қарабалаев – жеңіл атлетика жаттықтырушысы. Осы жылдың өзінде Қазақстанның барлық аймағында түрлі мара­фондарға қатысып, жас ерекшелігі бойынша І орынды жеңіп алған. Сондай-ақ тамыз айында Қарағанды қаласында жеңіл атлетикадан ардагерлер арасында өткен Қазақстан чемпионатында ардагерлеріміз Бақсыбай Боранбай мен Мырзахан Меңдібаев ағаларымыз жеңімпаз болды.
– Дене шы­нықтыру және спортты тұр­ғындар арасында на­си­хаттауға, болашақ буын­­ды салауатты өмір салтын ұстануға, ау­дан тұрғындарының ден­сау­лығын қорғау мен ны­ғайтуға, оларды дене шынықтыру және спортпен белсенді айналысуына қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз. Ат спорты бойынша соңғы екі жыл ішінде көкпар, аударыспақ және теңге алу жарыстары жиі ұйымдастырылып келеді. Осы ұлттық құндылығымызды одан әрі дамытуды қолға алу жоспарланып, кезеңдер бойынша жарыстар ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Спорт резервтерін дайындау олардың оқу-жаттығу процесін ұйымдастыру және споршылардың шеберлігін арттыру мақсатында тұрақ­ты түрде түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету жұмыс­тарын тұрақты жүргізіп келеміз. Бұқа­ра­лық спорттық-салауаттылық және кәсі­би-спорттық іс-шараларын ұйымдастыру, спорт саласында ақпараттық, жарнамалық және баспасөз ісін ұйымдастыру жұмыстарын ойдағыдай орындаудамыз. Сол себепті аудан тұрғындарын спортқа баулу мақсатында олардың қызығушылығын арттырамыз деген сенемін, – дейді спорт клубының директоры Нұртуған Өтегенов.
Иә, «спорт – денсаулық кепілі». Шынығып шымыр болған талай тарланды көрдік. Олардың жеңісінің артында жаттыққан үйірмесі мен жаттықтырушысы тұр. Спортшыларымыз бай­рақ­ты бәсекелерде топ жарып, аудан абыройын асқақтата берсін дейміз.

Айнұр ӘЛИ
19 қараша 2024 ж. 53 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 66

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 61

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930