Қазалы ауданында спорт алаңдарының саны артуда
Биыл Қазалы аудынанда 4 спорт алаңы салынды. Бұл спорттық нысандарға қаражат аудандық бюджеттен бөлінді.Қазалы ауданында салауатты өмір салтын орнықтыру мақсатында спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Атап айтар болсақ, жылдың басынан бері аудан орталығы – Әйтеке би кенті мен бірқатар елді мекендерде спорт алаңдары пайдалануға берілді.
Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевтың тұрғындарымен кездесуі барысында елді мекендерге спорт алаңдарын салу жөнінде өтініш-тілектер көптеп түседі. Халықтың бұқаралық спортқа бет бұрғаны олардың талап-тілектерінен-ақ көрініп тұр. Соның нәтижесінде биылғы жылы аудандық бюджеттен қаржы қарастырылып, 4 спорт алаңы салынды.
Қазіргі таңда Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы және Шәкен, Байқожа ауылдарында пайдалануға берілген спорт алаңдарында жасөспірімдердің спортпен айналысып, шеберлігін шыңдауға барлық жағдай жасалған.
Халық игілігі үшін жасалған бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатын болады. Бүгінгі күнге дейін Қ.Пірімов ауылында заманауи талаптарға сай салынған спорт кешені пайдалануға берілсе, жақын күндері Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев атындағы ауылда спорт кешенінің құрылысы басталады.