2025 жылы жәрдемақы мен зейнетақы жүйесінде қандай өзгеріс болады?
Фото: BAQ.KZ
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға қатысты депутаттардың сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұған дейін депутат Таңсәуле Серіков бір мезгілде зейнетақы мен мүгедектігі бойынша жәрдемақыны алу құқығын беруді ұсынған болатын.
Мемлекеттен берілетін мүгедектігі үшін жәрдемақы және жасына байланысты зейнетақы – әлеуметтік төлемдердің түрлері және олар әртүрлі өмірлік тәуекелдерге негізделген.
Әлеуметтік кодекске сәйкес мүгедектігі бар адам зейнеткерлік жасқа жеткен кезде оған жәрдемақыны төлеу тоқтатылып, зейнетақы тағайындалады. Оның көлемі еңбек өтіліне, алған жалақының мөлшеріне қарай есептеледі. Егер де тағайындалатын зейнетақы бұрын алған жәрдемақыдан (тиісті санаттары үшін) аз болса, онда жәрдемақының мөлшеріне дейін жеткізіледі (қосымша ақылар арқылы), - деді Тамара Дүйсенова.
Ал егер мүгедектігі бар адамдар зейнеткерлік жасқа толғанда, зейнетақы алуға негіз болмаса (құқығы жоқ, объективті жағдайға байланысты жинақтаушы зейнетақы қорында жарналары жоқ, мүлдем жұмыс істемеген) мүгедектігі бойынша алып отырған жәрдемақының мөлшері сақталады.
Сонымен қатар, оларға оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша қарастырылған техникалық құралдары (кресло-арба, протездік бұйымдар, ноутбуктар, есту аппараттары, ұялы телефондар және т.б.) мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен тегін және өтеусіз негізде тұрақты пайдалануға беріледі.
2025 жылы жәрдемақы мөлшері жалпы ауруы бойынша мынадай болады:
- I топ үшін 101 702 теңге;
- II топ – 81 362 теңге;
- III топ – 55 474 теңге.
Ал мүгедектігі бала кезінен болса:
- I топ үшін 101 702 теңге;
- II топ – 84 598 теңге;
- III топ – 74 428 теңге болады.
Бұл нормалар халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Осыған орай, бір мезгілде зейнетақы мен жәрдемақыны алу бюджетке айтарлықтай ауыртпашылық түсіретінін ескере отырып, қазіргі уақытта аталған мәселені қарастыру жоспарда жоқ екенін хабарлаймыз, - делінген Премьер-министрдің орынбасарының ресми жауабында.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасындағы инклюзивті саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленіп жатыр.
Биыл 6 қарашада Үкімет отырысында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселесі қаралды. Онда орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар өзекті мәселелерге қатысты есеп берді және жаңа бағыттар ұсынды. Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес тұжырымдама биылдың соңына дейін қабылданады. Осыған орай, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде Ұлттық жоспардың іске асырылуын жалғастыру аталған тұжырымдама шеңберінде жалғасын табады, - деді Дүйсенова депутатқа берген жауабында.