Үкімет неге жәрдемақы мен зейнетақыны қатар төлей алмайды? Тамара Дүйсенова жауап берді
Фото: Azattyq Rýhy
Мәжіліс депутаттары зейнет жасына жеткен мүгедектігі бар азаматтарға зейнетақымен қоса жәрдемақы төлеуді ұсынып, үкіметке депутаттық сауал жолдаған. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың айтуынша, екеуін қатар төлеу бюджетке ауыртпашылық түсіреді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттардың айтуынша, қазір мүгедектігі бар жандар зейнет жасына келгенде не зейнетақы, не жәрдемақыны таңдауға мәжбүр.
«Бүгінде 1-ші топ 95 496 теңге, 2-ші топ 79 435 теңге, 3-ші топтағы мүгедектер 69 886 теңге жәрдемақы алады екен. Сол себепті Әлеуметтік кодекске өзгертістер енгізу арқылы осы жәрдемақымен зейнетақыны қоса беру керек. Ондай болмаған жағдайда еңбекке қабілетті мүгедектерді жұмыспен қамту қажет», - деп санайды халық қалаулылары.
Алайда Үкіметтің позициясы басқаша. Вице-премьер Тамара Дүйсенованың сөзіне сенсек, егер мүгедектігі бар азаматтың зейнетақысы бұрын алған жәрдемақыдан аз болса, онда қосымша ақылар арқылы зейнетақы көлемі жәрдемақының мөлшеріне дейін жеткізіледі.
Ал егер мүгедектігі бар адамдар зейнет жасына толғанда, зейнетақы алуға негіз болмаса, (мысалы құқығы жоқ, объективті жағдайға байланысты зейнетақы қорында жарналары жоқ, мүлдем жұмыс істемеген) мүгедектігі бойынша алып отырған жәрдемақы сақталады. Сонымен қатар, оларға оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша қарастырылған техникалық құралдар (кресло-арба, протездік бұйымдар, ноутбуктар, есту аппараттары, ұялы телефондар) мемлекеттік бюджет есебінен тегін және өтеусіз негізде тұрақты пайдалануға беріледі.
«Бұл нормалар халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Осыған орай, бір мезгілде зейнетақы мен жәрдемақы төлеу бюджетке айтарлықтай ауыртпашылық түсіретінін ескеріп, қазіргі уақытта аталған мәселені қарастыру жоспарда жоқ екенін хабарлаймыз», - делінген Дүйсенованың депутаттарға берген жауабында.
Үкімет ұсынған ақпарат бойынша, 2025 жылы жәрдемақы мөлшері жалпы ауруы бойынша I топ үшін 101 702 теңге, II топ - 81 362 теңге, III топ - 55 474 теңге, бала кезінен мүгедектігі барларға I топ үшін 101 702 теңге, II топ – 84 598 теңге, III топ 74 428 теңгені құрайды.