Мақсаты айқын, мұраты асыл орталық
2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен «Арт спорт» бірегей жобасы жарық көрді. Аталған жоба бүгінге дейін еліміздегі көптеген балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға септігін тигізіп келеді. Яғни, жоба негізінде спорт және шығармашылық, өнер орталықтары ашылып, баланың мектептен тыс қосымша дамуына жағдай жасауда. Ауданда «Арт спорт» жобасының игілігін көріп, қазалылық балалардың бағын ашып жүрген орталықтар бар. Соның бірі – Адиля өнер орталығы.
Рақымжан Мақсатбаев басшылық ететін өнер орталығы «Арт спорт» жобасы аясында 2022 жылы алғаш лентасы қиылған. Орталық есігі өнерді жаны сүйген әрбір бала-балғынға ашық. Бүгінде мұнда бес тәлімгер – бишілер үйірмесі, эстрадалық вокал, дәстүрлі ән және домбыра үйірмелерін тұрақты жүргізіп келеді.
– Иә, 2022 жылы аталған жобаның барын жақын досымнан естіп, соның аясында өнер орталығын ашуды ұйғардым. Өнер орталығының ашылғанына екі жылға жуық уақыт өтсе де біздің мектептен тәлім алған балалардың жетістігі аз емес. Бұйырса биыл да қоржынды бас жүлдеге толтырдық.
Орталықты ашуыма себеп болған, сыр өңірінен, оның ішінде Қазалыдан аты барша елге танымал, әнші Мәдина Ералиева апайымыз, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев секілді музыка майталмандары секілді киелі топырақтан жұлдызы жанған жандарды шығару болды.
Расында өнер үйінің ашылғанына аздаған болса да, орталық шәкірттерінің бағындырған белесі, алған асуы көп. Мәселен, 2022 жылы «Көктемнің жарық жұлдызы» атты Республикалық өнер байқауында Нұрай Ерқосаева мен Айару Мараттар қанжығаға бірінші орынды байлаған. Бұдан бөлек, сол жылы «Інжу-маржан», «Juldyz Star», «Мен қазақпын», «Үйірме – өнер бастауы», «Ұлы дала ұрпағы» сынды әртүрлі аудандық, облыстық және республикалық байқауларда жүлделі оралған.
Шығармашылық үйірмелерінің өткен жылы да жеткен жетістігі аз емес. Дәлірек айтсақ, «ҚАЗАҚСТАН ҮМІТ», «Kings of dance», «Дарабоз», «Бозторғай», «Қызылорда FEST», Алматы қаласында өткен «ART BAYTEREK» сынды өнер додасында тұғырдан көрінген. Биыл да әртүрлі республикалық және халықаралық байқауларда алды бас жүлдеден көрінсе, арты екінші және үшінші орындарды иемденген.
Үйірмеде тәлім алып жүрген оқушылардың ата-аналары орталыққа шын ризашылығын білдіріп жүр. Солардың бірі – Айнұр есімді ата-ана.
– Шынымды айтсам, балам мектептен соң үйде іші пысып, зерігіп жүруші еді. Ата-ана ретінде бұл маған уайым болды. Сөйтіп, күндердің бір күнінде жақын танысымнан ауданда «Адиля» өнер орталығы барын естідім. Баламмен ашық сөйлесіп, келісіп, өнер орталығындағы үйірмелердің біріне бердім. Қазір шүкір, бұрынғыдай уақыты зая кетті деп уайымдамаймын. Жалпы өнер әрбір қазақтың бойына қанмен сіңген қасиет ғой. Орталықта тәлім алушы әр бала келешекте жұлдызы жанып, аға-әпкелері секілді үлкен сахнаны бағындырады деп сенемін, – дейді ол.
Расында «Арт спорт» жобасы өз жемісін беріп, Адиля секілді орталықтардың көбейіп, баланың бос уақытын ұтымды пайдалануы кемел келешекке кепіл болатындай.
Орталық директоры Рақымжан:
– Келешекке жоспар көп. Ең бірінші Қазалы ауданындағы ең мықты өнер орталығына айналсақ дейміз. Содан кейін шәкірттеріміз тек Қазақстанда ғана емес шетелдерде өнер көрсетіп, ауданның абыройын әлем деңгейіне танытса, көтерсе миссиямыздың орындалғаны, – дейді ол.
Алға қойған мақсаты – айқын, мұраты – асыл орталыққа тек сәттілік тілейміз. Қасиетті Қазалы топырағынан жұлдызы ерекше жанған өнерпаздарды шығуына сеп болатынына сенеміз.
Серік АҚМЫРЗА