Өрендерді өнерге баулыған орталық
Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде біліммен қатар өнерге баулудың маңызы зор. Бұған белгілі публицист Виктор Сухомлинскийдің «Өнер – өнегелі, ақылды адамды тәрбиелейтін құрал» деген сөзі дәлел болса керек. Бала өнерге бір табан жақын болса, өресі де биік болары хақ. Жас өнерпаздардың бойындағы талантын танып, жұлдызын жағу – білікті ұстаздардың еншісіндегі іс. Ал осындай өз ісіне берілген мамандар бір жылға жуық уақыт бұрын жас өскіндерге есігін ашқан «Адиля» өнер орталығында топтасқан. Мұнда олар талапты балалардың басын қосып, өнерге қабілетін шыңдап, өрелі өнерпаздарды баулуда.
Орталық директоры жас ұстаз – Рақымжан Мақсатбаев. Әуелете салған әнімен Қазалы жұртшылығына етене таныс жас жұлдыз бүгінде өңірдің мәдениеті мен өнеріне үлес қосудан бөлек, шәкірт тәрбиелеу ісіне де ерекше ден қойған. Осылайша ол қабілетті жеткіншектердің қанатын қомдап, жас таланттардың жұлдызын жағып жүр.
Бүгінде Рақымжан басшылық ететін өнер орталығында барлығы 150-ге жуық бала өнердің қыр-сырын игеруде. Оның 99-ы «DamuBala» 4 пен 17 жас аралығындағы балаларға арналған жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру бағдарламасы бойынша тегін білім алып жатыр. Жас ұстаз қалған оқушылар аталған бағдарлама аясында білім алмаса да, оларға да тегін қызмет көрсетілетінін атап өтті. Ол өнерге жақын балаларға осылай қолдау көрсетуді құп көрген.
Рақымжанмен әңгіме барысында бұл үйірмені ашуға не түрткі болғандығын сұрағанбыз. Ол бұл сауалымызға тосырқамастан:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» тақырыбындағы Қазақстан Жолдауында «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді» деген сөзі ой салды. Осыдан соң көп ойланбай-ақ, өнер орталығын ашу жұмыстарына дереу кірісіп кеттім. Сөйтіп 2022 жылдың ақпан айында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы бұйрықтары аясында «Адиля» өнер орталығы ресми түрде өнерлі жастарға өзінің есігін ашып, жұмысымызды бастаған едік, – дейді ол.
Бүгінде орталықта үйірме оқушыларын кәсіби мамандар дайындайды. Мұнда дәстүрлі ән, домбыра, хореография, вокал үйірмелері тұрақты жұмыс жасауда. Ашылғанына көп уақыт болмаса да кәсіби мамандардың жетекшілігімен талантты шәкірттер біршама шыңды бағындырып үлгерген. Атап айтар болсақ, би жанры бойынша V Халықарлық балалар, жасөспірімдер мен жастарға арналған «Kings of dance» би чемпионатында «Сырғалым» би ансамблі І орын, VІ Халықарлық балалар, жасөспірімдер мен жастарға арналған «Kings of dance» би чемпионатында «Падишах» би ансамблі ІІ орын, «Дарабоз» V республикалық байқауында «Диляра» би ансамблі І орын, VІІІ республикалық бишілер байқауында «Сырғалым» би ансамблі диплом, «Қазақстан үміті» республикалық шығармашлық конкурсында «Диляра» би ансамблі І орын, «Тұмар» тобы І орын, «Жас жұлдыз» республикалық балалар мен жасөспірімдерге арналған өнер байауында диплом, XXV облыстық «Бозторғай» конкурсында «падишах» би ансамблі диплом, облыстық «Биле, биле» бишілер байқауында «Сырғалым» би ансамблі ІІІ орын, «Сиқырлы би» аудандық бишілер байқауында «Сырғалым» бин ансамблі ІІІ орын, «Падишах» би ансамблі І орын, «Ұлы дала ұрпағы» V республикалық байқауында «Еркем-ай» би ансамблі бас жүлде, «Ана туралы жыр» халықаралық байқауында «Диляра» би ансамблі ІІІ орын, «Сырғалым» би ансамблі бас жүлдені иемденді. Ал ән жанры бойынша «Қазақстан үміті» республикалық шығармашлық конкурсында әуелете ән салып, көпті таңдандырған Ерасыл Әбдінағи мен Әлихан Мұсағалилар І орынды иеленді. «Ұлы дала ұрпағы» V республикалық байқауында да Ерасыл Әбдінағи әнді нақышына келтіріп орындап, І орын алды. Дәстүрлі ән жанры бойынша бақ сынаған «Тұмар» тобы «Жарқыра жұлдыз» респбуликалық байқауы мен, «Інжу-Маржан» республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы ұлттық дәстүрлі өнер конкурсында І орынды иеленді. «Ұлы дала ұрпағы» V республикалық байқауында «Алаш өрендері» тобы ІІ орынды иеленсе, облыстық «Juldyz-Star» өнер байқауында «Тұмар» тобы диплом, «Алаш өрендері» күй тартыстан І орынды иеленді. Осыншама жетістіктің бәрі білікті мамандардың жүйелі еңбегінің жемісі деуге болар. Бірақ орталықтағылар мұнымен тоқтап қалмаймыз дегенді айтады. Орталық басшысы Рақымжанның сөзіне сенсек, бұл жетістіктер тек бастамасы ғана. Біз бағындырар белес бұдан да биік, – дейді ол.
Талантты жастардың талабын ұштаған ұжымның жұмысымен қаныққан соң, бұл өнер ордасы болашақта танымы терең, өресі биік өнерпаздар жиналған орталық қана емес, үлкен жұлдыздар шеберханасына айналады деп бек сендік.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ