Қазалы қарқынды дамып келеді
Халқымызда «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» деген қанатты сөз бар. Еңбегі мен еңсесін тіктеп келе жатқан еліміз жылдан-жылға дамып, көркейіп келеді. Сондай сергек серпінмен Сыр өңірі, оның ішінде қазыналы Қазалы ауданының экономикасы да шапшаң ілгері басуда. Оның барлығы – Елбасының салиқалы саясатының жемісі.
Мәселен, Қазалы ауданында жыл басынан бергі өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 9,2 млрд теңгені құрап, 2,9 пайызға артты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі бойынша 8 млрд теңгенің өнімі өндірілді.
Қазіргі таңда ауданда ірілі-ұсақты бизнесін дөңгелетіп отырған 4 075 кәсіпкер бар. Оларда 8 852 адам жұмыс істейді. Бұл аудан бойынша экономикалық белсенді халықтың 24 пайызын құрайды.
Биыл аудан кәсіпкерлеріне қаржы ұйымдары тарапынан 1,5 млрд теңгеден астам несие беріліп, қолдау көрсетілді. Нәтижесінде, жыл басынан бері жаңадан 484 кәсіпкер тіркеліп, олар 623 адамды жұмыспен қамтыды. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға артық.
Осы орайда, Қазалының маңдайалды өнеркәсібінің бірі «РЗА» АҚ ірі қара өсіру кешені мен сүт зауытының екінші кезеңін іске асыру арқылы мал басын 1 200 басқа ұлғайтуды жоспарлап отыр. «Сыр Маржаны» ЖШС «Ет консервісін өндіру және шұжық шығару цехы» жобасын жүзеге асыру мақсатында Иран Ислам Республикасы инвесторларымен меморандумға қол қойылып, жобаны жүзеге асыру пысықталуда.
Сонымен қатар биыл кәсіпкерліктің дамуына тікелей ықпал етіп отырған «Бизнестің жол карта-
сы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша құны 315 млн теңге болатын 12 жоба екінші деңгейлі банк арқылы қаржыландырылды.
Бүгінде аудандағы «Өндірістік аймақта» 4 жоба іске қосылып, 36 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұдан бөлек, жергілікті тауар өндірушілердің тауарларын делдалсыз өткізу мақсатында «Қазалы Керуен» Біріккен кәсіпорны» ЖШС «Қалааралық автовокзал құрылысы» жобасын іске асыруда. Қазір 90 пайызы дайын. Жоба инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, келер жылы пайдалануға беріледі.
Аудан аумағынан 96 шақырымы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі бойынан сервистік қызмет көрсету нысандарын салуға 5 жер телімі белгіленген. Қазіргі таңда бір нысан пайдалануға берілсе, екі нысанның құрылысы жүргізіліп, қалған екеуінің құжаттары дайындалуда.
Қазалы ауданы – ауыл шаруашылығына негізделген аймақ. Өңірдің еңбекқор егіншілері мен диқандары қажырлы жұмыс атқарып келеді. Биыл ауданда 9,3 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Жыл ішінде салаға 135 млн теңгенің инвестициясы салынды.
Ауылдық округтерде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып күн кешкен 38 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылған. Олардың 27-і – мал шаруашылығы, 9-ы – егін шаруашылығы, 1 – мал шаруашылығы мен мал өнімдерін өндіру және 1 – көкөніс өнімдерін өңдеумен айналысады.
Соңғы екі жылда кооперативтер «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 467 млн теңге, өңірлік инвестициялық орталықтан 32 млн теңге қаржы алып, мал бордақылау жұмыстарын жүргізуде.
Биыл аудан орталығынан құрылған «Бахча» кооперативі Байқоңыр қаласы әкімшілігімен меморандумға отырып, қаладан 7 сауда нүктесін ашып, бақша өнімдерін өткізді.
Келер жылы 9 кооператив құны 117 млн теңге болатын 9 дана ауыл шаруашылығы техникасы мен құрал-жабдықтарын алуды жоспарлап отыр. Осы жылы 17 000 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, егілген 6 700 гектар күріштің әр гектарынан 45 центнерден өнім жиналды. Нәтижесінде, ел қамбасына 30 мың тоннадан астам астық құйылды. «Сыр Маржаны» ЖШС Иран кәсіпкерлерімен меморандумға отырып, сұранысы жоғары «ТоремХошеми» сортты күрішін келер жылы 150 гектар жерге ұлғайтуды көздеуде. Машина-трактор паркі құны 281 млн теңгесі 28 дана ауыл шаруашылығы техника жабдықтарымен толықты.
Ауданда төрт түліктің барлық түрінде өсім бар. Қазіргі таңда ауданда 36 115 бас мүйізді ірі қара, 61 869 қой, 46 475 ешкі, 27 435 жылқы, 9 834 түйе және 5 804 құс бар. Негізінен, аудан бойынша барлық мал басының 3,1 пайызы – ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, 29,1 пайызы – шаруа қожалықтардың, 67,6 пайы-
зы – жеке жұртшылықтың үлесінде.
«Құлан» бағдарламасы 211,3, «Сыбаға» бағдарламасы 61,8 пайызға орындалды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша шаруа қожалықтары құжаттарын тапсырып, қаржыландыруды күтуде. Бүгінгі күнге дейін 4375,3 тонна ет, 12 564 тонна сүт өндірілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстарғанда 102 пайызға артық.
Қазалы ауданының жалпы жер көлемі 3 млн 760 мың гектарды құрайды. Оның 1 млн 556 гектары ауыл шаруашылығы жерлері болса, бүгінгі күнде 30 пайызы игерілген.
Ауданның жер көлемі ауыл шаруашылығымен айналысуға жеткілікті әрі мүмкіндігі де жоғары. Ол үшін ең алдымен, пайдаланылмай тұрған жерлерге су апару жұмыстары жүргізілуде. Биыл облыстық бюджеттен бөлінген 79,4 млн. теңгеге аудан аумағындағы 89 ішкі шаруашылық каналы құжаттандырылды.
Осы бағытта карталық су арықтары мен карталық су тастау (сброс) жүйелерін құжаттандыру жұмыстары да басталды. Бұған облыстық бюджеттен 74,2 млн. теңге бөлінді. Каналдар толық құжаттандырылып болғаннан кейін, оларды аудандық меншіктен республикалық меншікке өткізіп, механикалық тазалау жұмыстары жүргізілмек.
Бұдан басқа, келер жылы мемлекеттік жер қорындағы 12 мың гектар жерді шаруа қожалықтары мен жеке тұлғаларға аукцион және конкурс арқылы беріледі. Осының барлығы ауданда кәсіпкерлік саласының одан ары дамуына мүмкіндік береді деп көзделуде.
Қазалы ауданы бойынша тұрғын үй сұранысын азайту мақсатында 5 жаңа қоныстану аймағы игерілу үстінде. Өткен айда инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген Әйтеке би кенті мен Басықара автожолы бағытындағы 56 гектар жер учаскесінен тұрғын үй салу үшін 200 адамға жер учаскелері берілген болатын. Алдағы уақытта қалған 180 және 210 гектар жер учаскелері бойынша тағы 1000-нан астам тұрғынға жер берілмек. Қазір аталған жер учаскелеріне жол салу, электрмен жабдықтау, ауызсумен қамту, газ жүргізу жұмыстары жүруде.
Биыл Қазалы ауданында 4 миллиардтан астам қаржының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Әйтеке би кентіндегі № 216 мектепке қосымша құрылыстар салу жұмысы, Бірлік, Лахалы, Майдакөл, Шиелі, Шәкен елдімекендеріндегі 5 апаттық жағдайдағы мектептер мен Жалаңтөс батыр ауылынан 150 орындық ауылдық клуб құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Жанқожа батыр ауылында 50 млн теңгеге спорт кешені салынуда. Келер жылы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар өткен жылы басталған Әйтеке би кентіндегі 150 төсектік аудандық аурухана Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында пайдалануға беріледі.
Келер 2018 жылы да бірқатар құрылыстарды бастау жоспарланып отыр. Әйтеке би кентінен 600 орындық мәдениет үйі мен аудан әкімдігінің ғимаратын бастауға 400 млн теңге қаржы бөлінді.
Жаңа тұрғын үй аймақтарын инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 300 млн теңгенің жобасы қолдау тапты. Сондай-ақ «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына сәйкес Әйтеке би кентінен 18 пәтерлік 6 жалдамалы көп қабатты тұрғын үй құрылысын салу жобасы әзірленді. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне келер жылы беріледі.
Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентіндегі тұрғын үйлердің 49 пайызы, яғни 3 990-ы көгілдір отын игілігін көріп отыр.
«Су – тіршілік көзі» екені рас. Сыр топырағында су мәселесі өзекті тақырыптың бірі болса, оны шешу үшін түрлі жұмыстар жасап жатырмыз. Биыл Қазалы ауданында 14 мың текше метрлік су қоймасы салынды. Қазіргі таңда аудан халқы үздіксіз ауызсумен қамтылған. Сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қазір Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласына ішкі су желісін жүргізу жұмыстары жүргізілуде.
«Жол азабын жүрген біледі» демекші алыс аумақтардағы, елдімекендердегі ағайынның орталыққа қатынауына, Әйтеке би кенті ішіндегі жолдарды жөндеуге белсене жұмыс істеп келеміз. Биыл Қазалы ауданында барлығы
562 млн теңгеге жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Келер жылы жалпы құны 5 млрд 643 млн теңгеге ұзындығы 141 шақырым болатын аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен елдімекен ішілік көшелер орташа және күрделі жөндеуден өтпек. Олар: «Қазалы – Қожа-
бақы – Бозкөл – Кәукей», «Өркендеу елдімекеніне кіреберіс – Жанкент, «Қожабақы – Бекарыстан би», «Басықара – Абай – Өркендеу» аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен Әйтеке би кентінің 68 шақырым болатын 55 көшесі.Сонымен қатар Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығындағы автомобиль жолын қайта жаңғыртуға жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін облыстық бюджеттен 16,8 млн теңге бөлінеді. Осы автомобиль жолдары бойындағы көпірлерді жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Көптен бері өңірде шешімін күтіп келген маңызды сұрақтың бірі – көпір мәселесі оң шешімін тапты. Өткен айда «Әлсейіт» өткеліндегі темір-бетон көпірінің құрылысы басталды. Көпірдің жалпы сметалық құны – 2 млрд 791,346 млн теңге. Биыл оның құрылысын бастауға республикалық, облыстық бюджеттерден 550 млн теңге бөлінді. Дарияның арғы бетіндегі 15 мың халық келер жылдан бастап төте жол арқылы аудан орталығына қатынайтын болады. Сондай-ақ жақында ғана «Бозкөл – Тасарық» аудандық маңыздағы автомобиль жолының 22 шақырымындағы темір-бетон көпірінің құрылысы аяқталды.
«Қожабақы – Бекарыстан би» аудандық маңыздағы автомобиль жолының 25 шақырымындағы темір-бетон көпірін қайта жаңғырту мәселесі де көп ұзамай шешілетін болады.
Қазалы ауданында атқарылып жатқан жұмыстар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталып отыр. Жалпы, жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрады. Жыл басынан бері жұмыс іздеуші ретінде хабарласқан 2 652 адамның 994-і тұрақты жұмысқа орналасты.
Халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды жаппай кәсіпкерлікке ынталандыру мақсатында биылдан бастап жүзеге асырыла бастаған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған» бағдарламасының бірінші бағыты аясында биылға қысқамерзімді қайта даярлау курсына 400 адам оқытылса, кәсіптік оқуға 211 адам жолдама арқылы оқу орындарына жіберілді.
Біздің қоғамның басты байлы-
ғы – адам және адамның денсаулығы екені рас. Оны айбынды Ата заңымыз да айғақтайды. Осы орайда тұрғындардың денсаулығы, олардың дұрыс ем алуы – біздің күнделікті назарымызда. Қазалы ауданында тұрғындардың денсаулығын жақсарту күн тәртібінен түскен емес. Ауданда ана өлімі жоқ. Сәбилер шетінеуінің көрсеткіштерінде төмендеу тенденциясы бар. Өткен жылы құрылысы басталған 150 орындық аурухана осы айда пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтау мәселелері шешілуде. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен «Ангиограф» медициналық аппараты алынып, Ресей елінің мамандарымен келісім жасалынды. Қазір жаңа ғимаратқа қондыру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа аурухана жанынан аудандық емхана салу жоспарлануда. 250 адамға арналған емхана құрылысын салу жобасы әзірленуде.
«Спорт – денсаулық кепілі» екендігі шүбәсіз. 80 мыңға жуық халқы бар Қазалы ауданынан шыққан Олимпиада жүлдегері, әлем чемпионы Марина Вальнова сынды спортшылардың ізінен жас дарынды ұл-қыздар өсіп келеді. Осы орайда ең алдымен, бұқаралық спорттың тамырына қан жүгірту керек.
Дәлірек айтсақ, Қазалы ауданында 23 000 адам, яғни халықтың 27 пайызы спортпен тұрақты түрде шұғылданады.
Жыл көлемінде 210 спорттық шара өткізілді. Қазақстан Республикасының 5 спорт шебері, 15 спорт шеберлігіне үміткер және 16 спортшы І разряд нормативі орындалды. Спорт түрлері бойынша облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардан 22 алтын, 27 күміс, 39 қола медальға қол жеткізілді. Бір спортшы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Қазіргі таңда аудан бойынша 30 жасанды спорт алаңдары бар. Оларды бүгінгі талаптарға сәйкестендіру мақсатында кезең-кезеңімен жаңалау жоспарлануда.
Келер жылы 10 жасанды спорт алаңы жөнделіп, 2 жаңа алаң салынбақ. Сонымен қатар орталық стадионға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Қазір Жанқожа батыр ауылында құрылысы жүріп жатқан 1 спорт кешені келер жылы пайдалануға беріледі.
Мұрат Ергешбаев,
Қазалы ауданының әкімі