Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тал бесіктегі тәрбие немесе «тәйттің» сұрауы қандай?

Тал бесіктегі тәрбие немесе «тәйттің» сұрауы қандай?


Біз кімді тәрбиелеп жатырмыз? Елдің тұтқасын ұстар кім? Осы сұрақ қазір көптің көкейінде жүр. Себебі де жоқ емес. Әлеуметтік желі былай тұрсын, көзбен көріп жүрген жасөспірімдердің шектен шыққаны ойландырмай қоймайды. Әсіре сілтеу емес, мұндай қылық тентектікке жатпас, нағыз озбырлық. Ол қайдан шығып жатыр?
Шамамен 5-6 сынып оқушылары болса керек. Дүкенге шыққанымда көгілдір отынға арналған арнайы жәшікті тінтіп жатыр екен. «Тоққа түсесіңдер, жақындамаңдар» дедім жай ғана. «Махаббаттан басымыз айналып бара жатыр, тәте» деді біреуісі. «Не махаббат керек, сабағыңды оқысаңшы» дегенімде иланғандай боп кетіп қалып еді. Сәлден соң шықсам мына көрініске тап болдым. Үй алдында орналасқан жәшік сырты мың сатпақ. Түрлі-түсті бояу. Олай да бұлай шимайлаған. Бұрын «пәленше + түгенше» деген жазусызу болды ғой. Бірақ мынауың тіпті сұмдық. Жазылған әр сөзін оқып шықсаң, жағаңды ұстайсың. Жиіркенішті. Кішкентай баланың бұлай бүлінгенін, санасының таяз болғанын көріп қарным ашты. Оған кімді кінәлайсың?
Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күнін» оқыдыңыз ба? Есіңізде болар, онда Найман-ана жайында хикая өрбиді. Қысқасы, романда ана мен оның баласы суреттеледі. Жуандар жас сарбазды жорықта қолға түсіріп, шашын тақырлап алып тастайды. Одан соң басына түйенің терісін кигізеді. Суы кеуіп, күн қақтағанда адамның жан дауысы шығады. Басын қысқан тері өскен шашты кері қайтарып, миына жібереді екен. Сосын барып адам мәңгүрт болады. Найман-ана баласын елге алып кетуге келгенде айтқан әңгімесін ұлы «естімейді». Құлынымдаған ана сөзіне тіпті селт етпейді де. Ақыры сол мәңгүрттігі анасын өлтіруге жеткізеді. Себебі санасы ақылдан алшақ еді. Ой жоқ, бірақ орындауды біледі. Ал қазіргінің мәңгүртін жасау анау айтқандай қиын емес. Олар өз-өздерін мәңгүрт етуде. Қазір қалтафонсыз жастарды елестете алмайсың, солай ғой? Көпшілік соның құлы. Көн теріден мәңгүрт болғанды білдік. Ал құлтемірдің мәңгүрттікке душар қылғанын көрдік пе? Білмедік те. Баланың жат қылыққа бейім болып, рухани қуатының азаюына тағы не түрткі? Бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Оқушы күндіз де, түнде де не бүлдірсе, кінә – мұғалімде. Жас түлектің көше кезіп, мектеп бітіру кешін тойламауы үшін де ұстаз жауапты. Кеш бата жорыққа шыққан оқушы инспекторға ұсталса, ұстаз кінәлі. Ал бесіктен белі шықпай жатып, оқушы қыздың аяғы ауырласа, тағы да ұстаз жауапты. Бала тәрбиесі мұғалімнің мойнына жүктелген міндет емес. Оған қоғамның кез келген мүшесі жауапты. Әрине, қай сала болмасын ұрпақ болашағын баянды етуге атсалысады. Бірақ тәрбиеге келгенде бұған ұстаздар ғана жауапты көрінеді бізге. Ол рас, қоғамдық санада қай кезде болмасын мұғалім жауапты деген көзқарас қалыптасқан. Қоғамға мұғалімге тексеруші, бақылаушы, жазалаушы кейіпте қараудан бас тартып, болашақты қалыптастырар тұлға ретінде қарау қажет-ақ. Өйткені ұстаз – баланың шырағын жағушы, білім нәрімен сусындатушы. Ал тәрбиені беретін – ата-ана. Бірақ олар да балам жаман болсын демейді ғой. Онда таяқтың екінші ұшы қайда?
Қазір жаһандану дәуірінің дәурені жүріп тұр. Әйтеуір жағаласып жан бағудамыз. Батыстың балағына, шығыстың шынтағына жармасып, әлемдік жарысқа ілесіп келеміз. Мақсат та сол, бірінші болу. Мейлі, озық отыздыққа ендік делік. Бірақ сыртымыз жылтырағанымен, ішіміздегі түтін тұншықтырмай ма? Ажырасудың көптігі, некесіз бала, жауапсыз әке, көкек ана, ең жаманы ұрпақ болашағы алаңдатпайды ма? Біреуіне «қой» десең «21 ғасыр» деген жауабы дайын тұрады. Заман талабына сай болғысы келеді екен. Бірақ оның бәрін жаһанданудан көрудің түк мәні жоқ. Мұның барлығы үш болдыны ұмытқаннан шыққан дерт. Тәрбиенің басы «тәйт» еді, оны тыйдық. Қойғандағы жеткеніміз осы, батыстан келген жын-жыпырды жинап алдық. «Жаман болады, ұят болады, обал болады». Осы үш боладыдан жерідік. Қазір қысқа жіпті күрмеуге келтіре алмаған заман туды. Дарқан даламыз бар. Бірақ оның бетінде бір илеу құмырсқа секілді тарыдай шашылған қазағы бар. Сол қазақы тәрбиенің бастауын «тәйттен» қайта бастағаны жөн болар-ау?! Таяқтың екі ұшы болса, біз көтерген мәселенің ұшында шектеу жоқ іспетті. Тағы бір ойды қозғап көрейік. Бізде әжелер институты болған. Жөнсіз сөйлеп, ерсі күлсең «тәйт әрі, сен нашар баласың» дейтіні бар-тын. Қазіргі әжелер өз миссиясын жете түсініп жүр ме?
– Балабақша енді ашылғанда немерелерімді бермедім. Шеттей бала. Қаз-қатар тізіліп отырады. Тамақ-шайынан бөлек тәрбиесі бар. Әке-шешелері келемін дегенше ертегі айтып, қиялын қанаттандырып отыратынбыз. Ненің жақсы, ненің жаман екенін ұғындыратынбыз. Қазіргілер бала бағудан қашады. Балаға қарағаннан гөрі түріктің, үндінің сериалын көріп, одан қалды телефон шұқылағанды жақсы көреді. Бала балабақшада. Үйге келгенімен ол да әлгі телефонға жармасып телміреді де қалады. Отбасындағы тәрбиеден азық алмаған бала бар «жақсыны» телефоннан іздейді, көреді, соны жасауға талпынады. Содан соң ғой, ата-әже түгіл әке-шешені тыңдамайтыны, – дейді 93 жастағы кейуана Ұлболсын Үргенішбайқызы.
Балаларға пайдасы тиетін тыйым, баланы бұзатын ата-ана тыйымы да бар дейді психологтар.
– Ата-аналардың көпшілігі бала өзі қалағандай киінуіне тыйым салады. Ата-анаға баланың киімін дайындап беріп, соны киюін талап ету оңай. Соның ішінде, жасөспірім баланы ата-анасы қалағандай киінуге көндіру қиын. Кейде кешкілік анасы мен баласы оның таңертең не киетінін келісіп алады да, таңертең ұйқыдан тұрғасын бала оны киюден бас тартуы мүмкін. Сол үшін екеуінің арасында келіспеушілік басталады. Анасы оның сөз бергенін айтып, енді орындамағанына ашуланады. Бұл жағдай барлығына жағымсыз әсерін тигізеді. Қатынас бұзылады және балаға да зиян. Әр күні анасы баланың киімін дайындап, осыны киесің деп айтқанның кесірінен баланы біреудің ойына тәуелді етеді. Ата-аналар жіберетін келесі қателік – ол баласына өз ойын айтуға мүмкіндік бермеу. Әрине, оларға өздерінің және баланың ойы бір жерден шыққаны ыңғайлы. Бала өз ойын айтып үйрену арқылы сыни ойлауы дамиды. Әлемдегі үлкен жаңалықты ашқан адамдар басқаларға сенбей, өз ойын қорықпай айтып, соны тексеріп көргендер екенін ескеріңіз. Күнделікті өмірде ата-анасы оны қатты жақсы көре тұра, өздері байқамай баланы өзгерткісі келетін сөздер айтады. Мысалы, даусы қатты шығатын балаға әрдайым жайлап сөйле, өте жылдам әрекет жасайтын балаға ақырын қозғал (ойлан) немесе жай жүретін балаға жылдам қозғал деп айта береді. Бұл ең қарпайым мысалдар. Әр бала дүниеге өзіндік ерекшелігімен келеді. Сол ерекшелігі оған болашақта қажет болады. Ал оны ата-анасы өзгертемін деп баланың өзіне деген сенімділігін жоғалтып жібереді, – дейді мамандар.
Бірақ «жасама» деген дүниені жасайтын бала да бар. Оған қаншалықты тыйым салғанымен қоршаған ортадағы құбылыс соған итермелейді. Қазір не көп, қыздың жігітке, жігіттің қызға айналып, киген жыртық-жамау киімдерін стиль қып алғандар көп. Таңсық емес. Бұрынғыдай бетін шымшып, «ойбуйлайтындар» да аз. Сондайдың кесірі емес пе, кеше ғана әлемжеліні дүрліктіріп бір оқиғаның орын алғаны. Мектепте белдемше киген ер бала психологтің бөлмесінен шыққан соң өз-өзіне қол жұмсап, кінәлілерді жұрт екі жақтап талқылауда. Кімге опа? Бұрын үлкендер «бір құлағынан кіріп, екіншісінен шығып кетеді» деп отырушы еді. Қазақтың әдебиеті, барлық болмысы өткен-кеткені құлақтан құйылып, санада сақталып, бүгінгі күнге дейін жетті емес пе?
Габриэль Гарсия Маркес деген жазушының «Жүз жылдық жалғыздық» деген туындысында қалашық тұрғындары ұмытшақ ауруына ұшырайды. Барлығын, тіпті адам атын да ұмытып қалады. Аурудың дендегені соншалық, заттардың атын еске түсіру үшін атауын жазып, жабыстырып қояды екен. Біз де сол. Әлгі жазушының кейіпкері секілді болып барамыз. Өйткені құймақұлақтар азаюда. Қауіп пе?

Айнұр ӘЛИ
28 қыркүйек 2024 ж. 104 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031