Құмжиектен көкпар дүбірі естілді

Құмжиектегі көкпар Қазалы ауданының 95 жылдығына орай ұйымдастырылды. Ұлттық спортқа, ауданға жанашыр азаматтар жүлде қорын тағайындап, ат жалын тартып мінетін жігіттер жарыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Сайыс басталмас бұрын сөз алған аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеуімбетов Қазалы жұртшылығын тарихи терең датаның маңыздылығына тоқталып, қазақы спортқа жанашыр жігіттерге алғысын білдірді.
– Өткен жылы аудан орталығына жақын бірнеше ауылда бәйге беріліп, ауданның азаматтарының аты оза шапқанын білесіздер. Ұлттық идеологиямызға, таланатты спортшылардың танылуына, әрі-беріден кейін ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауда мұндай шаралардың маңызы зор екенін білесіздер. Бұған биыл Қазалы ауданынаның құрылғанына 95 жыл толғанын қоссақ, көкпар көруге келген қаншама азаматтардың делебесі қозып, талай жеткіншектің қызығушылығы оянары сөзсіз.
Сан ғасырлық тарихы бар Қазалы ауданы барлығ тұрғыдан қарыштап дами берсін. Сіз бен біз осы абыройлы міндеттің толыққанды орындалуы үшін, туған жеріміздің көркін арттыру үшін аянбай күш сала береміз. Салым мол болсын! – деді аудан әкімінің орынбасары.
Бұдан соң көкпарға салынатын серке дайындалып, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлепберген Тілеуқабыловтың батасын берді.
– Өздеріңіз білесіздер, көкпар «көк серке» сөзінен шыққан. Бұл ойынды кез келген адамның меңгеруі қиын. Бұл үшін білекті, тақымы мықты болу шарт. Ал мұндай азаматтардың ауданымызда осыншалықты көп әрі ұлттық спортты сүйіп көретін жерлестеріміздің қарасының қалыңдығы мені ерекше қуантып отыр. Сонымен қатар игі істің, ұлттық мүденің жоғары дәрежеде өтуі үшін қалтасындағы қаржысын аямай отырған кәсіпкер бауырларымызға Алла разы болсын! Елдің ұйымшылдығы артып, ортаймаған қазаны, қасиетті Қазалымыз өркендей берсін, – деді ақсақал.
Айта кетейік, ойынға Әйтеке би кенті, Құмжиек, Жалаңтөс батыр, Бекарыстан би Ғ.Мұратбаев ауылдары және Қызылорда қаласынан шабандоздар келіп, 20 жылқы аспанға алып шаң көтерді. Аудан кәсіпкерлерінің демеушілігімен өткен жарыстың жүлде қоры 400 000 мың теңгені құрап, ат спортының ережесіне сәйкес жаппай салым болды. Яғни, әрбір салым 10000 мен 50000 теңгенің аралығын құрады.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ