Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қырманда тірлік қызуда

Қырманда тірлік қызуда


Шаруаның жайын егінге орақ түсер уақыт таяғанда білеміз. Биылғы міндет – былтырғыдан да артық өнім алу. Әйтсе де жаздың басы салқын, аяғы ыстық болды. Жауын да жылдағыдай емес, сәл болса да даланың көгеруіне орасан зор үлесін қосты. Әне-міне дегенше сарғайған күзге де жетіп, алажаздай еңбек еткен қырман басындағылардың қызу тірлігі мәреден сөреге жетті. Бұл уақытта диқандар төккен тері мен еккен дән-дақылының өнімін алады.
Биыл Қазалы ауданында дәнді дақылдардың егіс көлемі 17029 гектар жерді құрады. Оның ішінде күріш егісінің 4800 гектар жерге үстеп қоректендіру жұмыстары жоспарланған, күріш дақы­лының арам шөптеріне де дәл сол шамада өңдеу мақсаты қойылған. Нәтижесінде меже жүз пайыздық көрсеткішке жеткен.
Бұдан бөлек 616 гектар сүрлемдік жүгері дақылына екі рет культивация жүргізіп, толығымен үстеп қоректендірген. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында картоп, көкөніс, бақша дақылдарын қосымша егу үшін 281 адам бірігіп 146 гектар жерге орналастырған. Дәлірек айтсақ, 18 гектар жерге картоп, 57 гектарға көкөніс егілсе, 74 гектар жерге бақша дақылдары егілген.
Егінге, соның ішінде күріш дақылына мамандардың айтуы бойынша су шығыны көбейген. Ауданда су тапшылығының алдын алу мақсатында біршама шаруалар жаңбырлатып, тамшылатып әдісін пайдалануда. Осындай технологияның игілігін көріп отырған шаруалар тізімінде «РЗА» АҚ мен «Smart Agro» ШҚ-тары бар. Аталған мекеме орындары бүгінде 266 гектар жердегі егінге осы амалды қолдануда. Тиісінше, жемісін көруде. Әйтсе де, су шығыны жоқ емес. Ауданда егістікті сумен қамтамасыз ету үшін 342 миллион текше метр су лимиті бөлінген.
Биыл аудандағы егін шаруашылығы дайындығына 285 дана техника жұмылдырылған. Тарқатып айтсақ, 42 комбайн, 29 жатка, 115 трактор, 40 жүк көлігі және 59 тіркеме үздіксіз қызмет етуде. Шаруалардың қызу жұмысы саябырсып қалмас үшін ауыл шаруашылығына арналған техникалар толықтай жөндеуден өткен. Тіпті қатарда шетелдік джон-дир, магдон және торум сынды мықты техникалар да бар.
Аталған техникаларға мемлекет тарапынан күзгі дала және егін жинау жұмыстары үшін 619 тонна дизель отыны тамыз, қыркүйек және қазан айларына бөлініп, әр 248 теңгеден босатылып отырады. Жалпы үздіксіз жұмыс жасалып тұруы үшін барлық жағдйа жасалған.
Енді егін жайға оралайық. Биыл астық өткен жылдағы қалпынан таймаған. Яғни 333 гектар жерге егілген бидай дақылы толық жиналып, 205 тонна өнім алынды. Сонымен қатар 14 гектар арпа дақылы егіліп, 13 тонна өнім жиналған.
Бұдан бөлек, 951 гектар көкөніс дақылының 591 гектары, барлығы 7151 тонна және 32 гектарды алып жатқан картоптан 45 тонна өнім шықты. Бақша дақылдарына келер болсақ, 653 гектар жерден 8816 тонна өнім алынды.
Ал ескі жоңышқа дақылының 300 гектары тұқымға қалдырылып, ораққа түсетін 4532 гектардың екі орымынан 12691 тонна шөп дайындалды. Сондай-ақ егілген 2851 гектар жаңа жоңышқа дақылынан 1436 тонна мал азығы жиналды. Елу гектар мақсарыдан 20 тонна өнім жиналса, сүрлемдік жүгері дақылынан 1436 тонна мал азығы жиналды. Аталған жұмыстар бүгінгі күні әлі де жалғасып жатыр.
– Аудан бойынша шаруашылықтарда күріш суын байлау жұмыстары төртінші тамызда басталды. Бүгінгі күні шаруашылықтар бойынша 6200 күріштіктің суы байланып, күріш орағына дайындалуда.
Шаруашылықтар бойынша күрішке алғашқы орақ салу қыркүйек айының ортасы деп жоспарлануда, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы М.Ысқақ.
Биыл әр шаруа жоспарға сай қарекет етуде. Себебі өнім мол болса, халықтың көңілі де жай болатыны анық.

Серік АҚМЫРЗА
10 қыркүйек 2024 ж. 8 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30