Зейін неге тұрақсыз?
Оқу жылы басталар тұста ата-анаға «Балаңыз сабаққа дайын ба?» деген сұрақ қойылады. Ол осыдан жиырма жыл бұрынғы киім-кешек, оқу құралдарымен толық қамтылғандығы туралы мағынада емес, баланың психикалық әзірлігі. Бұл орайда ата-ана да ізденеді. Тілі шықпаған баласын логопед, дефектологқа, түрлі орталықтарға апарады, балабақшаға береді. Өкініштісі сол, айдың-күннің аманында баланың өз қатарластарынан артта қалып, не өзгеше даралану көрінісі жыл санап артып келеді. Мәселе неде? Жауап іздедік...
Назар мен азар
Қазақтың оқуға баратын балаға «Зейінің ашылсын!» деп тілек тілеп, бата беретіні бар. Ал сол зейін деген не? Қай кезде ашылады? Қалай байқамақ керек?
«Зейін – адамның психикалық әрекетінің белгілі бір нәрсеге бағытталып шоғырлануы» деген анықтама берілген. Ғажабы сол, адам өмірінде зейіннің алатын орны орасан. Ізденіс, ұмтылыс, білім алу, танымды ұлғайту арқылы келетінін ескерсек, зейіннің қажеттілігіне бойлай түсеміз. Мамандардың айтуынша, оқушының сабақты түсінбеу, есте дұрыс сақтай алмауы, тапсырманы орындауға қауқарсыздық дәл осы зейін қоймаудан басталады екен.
Психолог Айгүл Жұбаназарова зейіннің түрлері туралы былай дейді.
«Зейін ырықты, ырықсыз және үйреншікті болып бөлінеді.
Көшеде келе жатып, әдемі афишаға не дауысқа, болмаса кездейсоқ жағдайға тап болсаңыз, еріксіз назар аударасыз. Бұл – ырықсыз зейін. Бұл қалыптасып келе жатқан балаларда көбірек кездеседі. Есейе келе маңызын жояды. Адамның ырықты зейіні әрекетке саналы түрде баруынан, күш жұмсауын қажет етеді. Ал үйреншікті зейін адамға табиғи сіңісіп кеткен, арнайы күш жұмсамай-ақ орындалады. Мәселен, бала оқуға төселсе, бұл оны әдетке айналдырса, зейіні де үйреншікті бола бастайды. Қандай нәрсеге болса да үйреніп, жаттығып алған соң, адамның іс-әрекеті дағдысына айналады», – дейді психолог.
Халықаралық білім, тәрбие беру стандартына сай білім беру орындары мен балабақшаларда тәрбиеші, мұғалімнен бөлек қосымша психолог, логопед мамандар жұмыс істейді. Олар балаларды таным-түсінігі, қоршаған ортадағы өзгерістер мен құбылыстарды қабылдау қабілеттеріне қарап, жұмыс істейді.
Бұл орайда қиындықтар да кездеседі. Мәселен, Қазалы ауданындағы Ж.Жабаев атындағы мектеп жанынан ашылған инклюзивтік орталықта логопед маман бөлінбеген. Мектептің жалғыз маманы арнаулы көмекті қажет ететін балалармен жұмыс істеуге мәжбүр. Ал мектептегі тіл мүкісі, ойлау кешеуілдігі бар балалар назардан тыс қалуда.
Логопед мамандығын меңгерген Айымжанның өз саласы бойынша бастаған қызметі ұзаққа бармаған. Өзін жұмысқа қабылдаған балабақша меңгерушісі әр баладан 150 мыңнан ақы ала отырып, маманға 70 мың теңге көлемінде жалақы төлеген. «Бұдан өзге ата-аналардың бала жағдайын тек балабақшаға міндеттеп қоятыны тағы бар. Балалар зейінінің тұрақсыздығын қадағаламау кесірін тигізетінін айтады бізбен әңгімесінде. Апталап жұмыс істеген бала үйіне қайтқан соң, ата-анасына қайталауға берілген жаттығулар, жұмыстар жасалмағандықтан, нәтиже де жақсы болмайды», – дейді ол.
Анықталғандай, қағазбастылықтан қолдары босамай, бастарын жоғарыға көтере алмайтын психологтар бар баламен толық жұмыс істей алады деу де қисынсыз.
Қыңырлық қиындық тудырмасын
Қазір әлем жұрты «гиперактивті бала» ұғымымен таныс. Кеңес дәуірі кезінде «қиын бала» деп мектеп маңыз беретін санаулы баланың қатары неге қалыңдаған?
Дәрігер Жанат Қалмаг гиперактивтілік – бұл шамадан тыс психикалық және қозғалыс белсенділігімен байланысты белгілерден шығатын тұжырым деген пікір айтады.
Ал оның пайда болуы туралы сұрағымызға мынандай нұсқаларды келтірді.
«Егер балаңыз үйде мазасыз, ал басқа ортада қалыпты жағдайға түсе қалатын болса, ол мінезінен. Ал тынышсыз, мазасыз, себепсіз қолды, аяқты көп сермей береді, орындықта шайқалақтайды, үнемі артына қарай береді, бір жерде ұзақ тұрақтай алмайтын болса, гипербелсенділер болуы әбден мүмкін», – дейді. Пайда болу себептері туралы маманнан сұрағанымызда, былайша жауап берді.
«Мынандай себептен болады деген тұрақты тұжырым жоқ. Баланың бұлай қалыптасуына генетикалық механизмдер маңызды рөл атқарады. Егер кішкентайдың отбасында балалық шақта осындай проблемаларды бастан өткерген жақын туыстары болса, гипербелсенділіктің даму қаупі шамамен 30 процентті құрайды деген түсінік бар.
Көбіне жүктілік пен босану кезіндегі қолайсыз факторлар әсер етеді. Мәселен, оттегі жетіспеушілігі; түсік түсу қаупі, стресс, баланың шала туылуы, мерзімінен бұрын босану салдарын тигізуі мүмкін».
Дәрігер бұл диагноздағы балалардың ерте емделгені нәтижелі екендігін жеткізді. Ал асқынған түрімен де ем-шара арқылы нәтижеге жетуге болатынын атап өтті.
«Ал томаға-тұйық баланың бір мезгілде гиперактивті балаға айналуы мүмкін бе?» деген сұрағымызға дефектолог Ғалия Шәріпқызынан жауап таптық.
«Тәжірибемде кездесті. Он екі жасар қыз бала мектеп бағдарламасын дұрыс меңгермегендіктен, арнаулы орынға ауысқан. Зерттеп келсек, дені сау болып туылған бала кішкентайында әкесінің өз-өзіне қол жұмсағанын көзімен көрген болып шықты. Екінші Ерназар есімді баланың (аты өзгертілді) әкесі педафилизмге барған. бастауышты үздік бітірген баланың психикасы мүлде өзгеріп кеткен», – дейді бізге. Бұдан шығатын қорытынды, отбасыда бала ұқпайды деп ойлайтын барлық жағдай оның өмірінің айнасы. Яғни қақтығыстар, ұрыс-керіс, шамадан тыс тежеу, біреуден ала алмаған ақыны баладан алу гипербелсенділіктің өршуіне өлшеусіз үлес қосады.
Қайтпек керек?
Гипербелсенді балалармен тығыз жұмыс істейтін жанның бірі Лаура Ақылжанқызы. Осыдан 4 жыл бұрын бас қаладан денсаулығында өзгерісі бар балаларға арнап балабақша ашқан ару өткен жылы орталық жұмысын қолға алған.
«Бала диагнозы анықталады екен. Одан қорқып, баланы да, өзіңді де оқшаулаудың қажеті жоқ. Қоғамда бар нәрседен қашып құтыла алмайсың. Сен жалғыз емессің. Ізден, зертте, анықта. Баланы қатарға қос. Ондай батыр аналар көп», – дейді.
Тәжірибелі маман тәрбиедегі қателіктерді тізбелеп берді.
Айтуынша, балалардың бұл түрін тәрбиелеу кезінде ата-аналар шамадан тыс жұмсақтық немесе талаптылық қоймауы керек. Бірақ қатаң режим қажет және олардың барлық әрекеттері мүмкіндігінше тұрақты болуға күш салуы қажет. Бала жетістікке жетсе, немесе сәтсіздікке ұшыраса, оларды мадақтау маңызды.
Сондай-ақ баланы табиғат аясында неғұрлым ұзақ серуендету, дамытатын белсенді ойындарды көбірек ойнау, массажға апару, суда жүзу, арнайы секцияларға беріп, шамадан тыс қуат күшін дұрыс бағытқа бағыттау орынды.
Шамадан тыс белсенді бала өсіріп отырған ата-ана Айғанымның айтары бар.
«Бұл сынақ та, сый да емес. Ұйқысы тым аз. Кейде түнде оянып алып, ойға келмейтін әркеттерді жасай бастайды. Денесі көгергенін, ауырсынғанын да білмейді. Санаға шамадан тыс салмақ түседі. Көпшілік ортаға бара алмаймыз. Барсақ, ұлым жанындағыларды ұрып қояды, не өзіне қиын бір істі тауып алып, «нәтиже шығаруға» белсене кіріседі. Балабақша да қабылдамайды. Оларға «проблема» керек емес. Мемлекет тарапынан көмек көптеп керек. Әсіресе ата-аналарына психологиялық қолдау қажет», – дейді ол.
«Бала шала туылды, дамымады, «теріс келді» деген түсінік қазақ арасында бұрыннан бар. Өткенде инклюзивті орталыққа барғанмын. «Бала маторикасын дамытамыз» деп, майда түймелерді шашып тастапты, балалар жинап жатыр. Ата-ананың соған қыруыр қаржысы кетуде. Ертеде тымаққа салып бағу, түбіті алынбаған киімдер кигізіп, баланың ұсақ жүйке жүйесіне әсер ету үрдісі бар емес пе еді. Жалаңаяқ жүрмеген, қатты нәрсені ұстап көрмеген балада қандай даму болады?» – дейді он екі баланы өмірге әкелген алтын құрсақты Ақжарқын апа.
Индиголар игілігі
Оқу орталығын ашып, кәсібін кеңітіп отырған Айгүл Ержанқызы балалар зейіннің тұрақтанбауына сол жақ ми жұмысын іске қоса алмау кедергі келтіретінін айтады.
Психологияда «индиго» деген термин бар. Өмірде сирек кездесетін ерекше қасиеті бар балаларға таңылатын теңеу. Индиго балалары жастайынан ақылға сенгісіз, таңғажайып іс-әрекеттерімен дараланады. Мысалы олар фильмнің соңын болжай алатын, құрылғыларды оңай шашып, қайта тез қалпына келтіре алатын, адамның айтар ойын оқи алатын қабілетке ие болуы мүмкін. несесе ішінен адамның ойын оқи алатын, темір-терсектерді ақыл-естің көмегімен майыстыра алатын балалар кездескен.
Американдық ғалым Дорин Ворченің айтуынша, индиголар қорықпай шешім қабылдай алатын, еркіндік сүйгіштіктерімен дараланатынын жеткізген. Зерттеулер көрсеткендей, олар көбіне-көп үздік оқушы, IQ деңгейі де жоғары болып табылған.
Ғалымдар бүлдіршіндерге ДНҚ-лық сараптама жүргізген кезінде, қан құрамының 95% кейінгі адамдармен салыстыра қарағанда қуатты келген. Тарихқа үңілсек, Томас Эдисон, Линкольн, Сальвадор Дали, Моцарт, Пикассо, Дисней, Эйнштейн, Бернард Шоу, Ньютон, Пушкин, Александр Македонский, Достоевскийлерден гипербелсенділік белгілері анықталған.
«Қорыққанға қос көрінеді» дейді халық нақылы. Ендеше зейін тұрақсыздығын зерделі арнаға бағыттасақ, тентектерді тектілер деп табу қиындық тудырмайды екен.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА