Тарихта мұра болып аты қалған
Сыр топырағы қашан да сүбелі сөз, сұңғыла ой айтар сүлейлер мен дүлдүл ақындардан кенде қалмаған.
Ақынның көтерер жүгі, қоғам алдында атқарар міндеті ауқымды. Халықты рухани тағылыммен азықтандырған мұндай жандар көптің көкейі, елдің есінде өзіндік орнымен қалады.
Тасынан – шежіресі, тауынан – тарихы көрінетін елдің ақындары әр заманда парасат биігінен үн қатып, халықты адамдық жолына, ар мен намысқа, туған жердің қасиетін түсінуге шақырды. Киелі Сыр топырағынан түлеп, халықтың ақынына айналған тектінің бірі – Байназар Өтепов. 1903 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданына қарасты «Сары төбе» аталатын Аранды қырдың биігінде дүниеге келген азамат сол кездің дәстүрі бойынша ауыл молдаларынан білім алады. 1920 жылы осында мұғалімдер дайындайтын бір жылдық курс ашылып, оқуды жалғастырған. Бұл туралы ақын бір сөзінде: «Менің өміріме азық болған осы курстан алған білімім еді. Онда бізге Орынбордан келген сауатты жігіттер сабақ берді», – деген екен.
Енді жүз жылда бір келетін тарихи сәтті қараңыз. 1920 жылы бүкіл шығыс жастарының көсемі, жетім балалардың әкесіндей қамқоршысы болған жерлесі Ғани Мұратбаев Қазалыға келеді. Сол кезде Ғани мен Байназар танысып, бұл жағдай ақынның өміріне өзгерістер әкеліп, шығармашылықты шыңдай түсуге себеп болады.
Мұғалімдік курсты бітірген жас маман сол кездегі Майдакөл, Алға, Жалпақ мектептерінде қызмет етеді. 1933-1934 жылдары «Қожабақы» бастауыш мектебінің меңгерушісі және Сырдарияның сол жағалық мектептеріне оқу бөлімінің инспекторы болып бекиді. Қазіргі Қожабақы ауылындағы №25 қазақ орта мектебінің негізін қалаған алғашқы мектеп меңгерушісі әрі мұғалімі Байназар Өтепұлы болатын.
1941 жылы фашистік Германия Кеңес Одағына шабуыл жасаған тұста қазақ халқы да ауыр кезеңді басынан өткерді. Осы жылдары ақын Байназардың майдан мен тылды біріктірген патриоттық жалынды өлеңдері жазылды. Елдің еңсесін көтеріп, тыл еңбекшілеріне күш-қуат бермек мақсатта туған рухты туындылары ақынның мәңгі өлмейтін мұрасына айналып үлгерді. «Ұмтыл, ерлер, жауыңа», «Майдан үшін», «Аттан халық жеңіске», «Әйелдерге», «Жеңіс біздікі» деген өлеңдері – соның дәлелі.
Ерге кезең күн туды
Шығаратын қайратын.
Жауын жеңіп жайратып
Көрсететін айбатын.
Тұлпарға да күн туды
Ылауға талмай шабатын, – деген жырынан соғысқа аттанған ердің намысын жаныған аға сөзін байқаймыз.
Ақын жырларының шоқтығы биік тұсы – жазба айтыстары. Ұмытыла бастаған қазақтың айтыс өнерін дамытып, хат арқылы жазба айтысты жаңартқан ақын Сырдария ақыны Қуаныш Баймағанбетовпен, қармақшылық Мұзарап Жүсіповпен, Қазалылық Нұғыман Молыбаев, Нәби Жетілгенов, Әбдіразақ Қаналиевпен сөз бәйгесіне түскен. Аудандық айтыс өнерінің тарихында есімі ерекше аталатын ақын қара сөздің қасиетін ұғынып, халықты шынайылығымен баурай түседі. Нәбимен айтысында ауылдың даму жағдайын көтеріп, мәселені тереңінен қозғайды:
– Азырақ тоқтап өтсем құрылысқа,
Толық ой бөлмепсіздер бұл жұмысқа.
Көптеген тұрғын үй құлауға тұр
Не ойлап отырсыздар келер қысқа?
Электр станциясы бар бес жыл салған,
Болар ма биылғы жыл пайдаға асса.
Моншаң жоқ, клубың жоқ соны көрмей
Келе ме інім Нәби, бұл дұрысқа?! Шағын үзіндісінің өзінен елдің қажеттілігін қамтамасыз етуді талап еткен халық ұлының жанайқайын көреміз. Ақын мәселені билікке бармай-ақ талқыға салып, өз ойын ашық білдірген. Байназар Өтепұлы 1984 жылы сексен бір жасында дүниеден өтті. «Ақынның хаты өлмейді» демекші, қанша уақыт өтсе де ғасыр жүгін арқалаған жырлары ел жадынан өшпек емес. Тәуелсіздік пен тарихқа табан тіреген бүгінгі күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында талай таланттарды танып, бағасын біле түскендейміз.
Меніңше, олай емес бақ дегенің,
Түйіні шын еңбекте әңгіменің.
Халқыңа адал ниетпен қызмет етсең,
Артылып өсе бермек бақ-беделің.
Ойласаң осылайша бақ қонбайды,
Өткінші өте шыққан бақ болмайды.
Мұндай бақ өзіменен бірге кетер,
Тарихта мұра болып ат қалмайды.
Өзі айтқандай адал ниетпен қызмет еткен ардақты азаматтың аты тарихта мұра боп қалары анық.

Дина БӨКЕБАЙ