Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Арлан алған ақсақал

Арлан алған ақсақал


Әркім өз өміріне дұрыс қараған жағдайда ғана оны ұзарта алады. Адам әрқашанда ұзақ әрі жақсы өмір сүруге талпынып келеді. Ғалымдар ұзақ жасаудың сырын зерттей келе, адамның 200-300 жыл өмір сүре алатындығын айтуда. Алайда өмірде болып жататын қиындықтар біздің ағзамызды шаршатып, жасушаладың «өлуіне» әкеп соғады. Оның ішінде экологияның тигізетін орасан әсерлері бар.
Осындай ұзақ жасағандар Қазалы ауданында да бар. Соның бірі – Бозкөл ауылының тұрғыны Бердалы Қибасов. Бүгінде ақсақал 94 жаста. Тыл ардагері. Еңбекке бұғанағы қатаймай тұрып ерте араласқан.
– Мектептен 1 кластық ғана білім алдым. Одан соң мені мектепке жібермеді. Біздің тағдырымызға соғыстың да тауқіметін көру жазылды. Қиын уақыт қой ол кез. Қара жұмысқа ересектермен қатар балалар да тартылды. Он екі жастан бастап, жұртпен бірге егістікте тер төктім. Бірақ одан жаман болмадым. Егін егудің қыр-сырына қанықтым. Кейін оның септігін молынан көрдім.
Қиын-қыстау шақта халық ауыртпалықты басынан өткерді. Азық-түлік қат, аш болғандар қатары көп еді. Тамақ жоқ. Трактор, техника дегенді көрмедік. Бәрін жалаң қолмен атқардық. Кетпенмен жер қазып, бидай ектік. Бір уыс бидайды да алуға қатаң тыйым салынды. Соғыс біткен соң Ұялыға қарай көштік. Сол жақта теңізге шығып, балық аулаумен айналыстым. Он адамға бригадир болдым. Арнайы үкіметтің қойған жоспарына сәйкес 1 адамға 1 айда 4-5 центнер су маржанын өткізу тапсырылған соны артығымен де орындайтын едік, – дейді ақсақал.
Оның айтуынша, сол заманда Арал теңізінде балықтың түр-түрі ауланатын. Сонымен бірге өте ірілері мекендеген. Бекіре, шөмекей (селетка), сазан, қаяз, тісті, транның дәмі айрықша екендігін жеткізді. Сазандардың салмағы 18 келі, ең азы 10 келіден болды. Бекірелер 1 центнерге дейін тартатын. Ал жайындардың ең үлкені 500 келіге дейін барғанын ерекше мақтанышпен айтты. Мұның бәрі тыңдағанға аңыз көрінер, бірақ бұл шындық дегенді күрсіне еске алды.
– Теңізде жиырма жыл тер төгіппін. Кейін қайта ауылға көшіп бардық. Алғашында жетпіс бас сиырды бақтым. Бірақ ауылымыз қой ұстайтын бағытқа бұрылғандықтан баптаған сиырларды өзгеге тапсырдым. Кейін қой бағумен айналыстым. Жоспарды артығымен орындап, кейін жұбайым екуміз сырқаттандық. Сол дерті дендеп, айыға алмады. Екі баламмен жалғыз қалғандықтан қарауымдағы малды үкіметке кері өткіздім.
Қазір шүкір жаман емеспін. Балаларымнан немере-шөбере сүйіп отырмын, – дейді Бердалы ата.
Біз жолығып тілдескен асыл қария кешегі күнге дейін көзілдіріксіз республикалық, облыстық және аудандық бар газетті оқып, аулада бақша егіп, кетпені иығынан түспеген. Әңгімесіне құлақ ассаңыз, ағып жатқан дария дерсіз. Толассыз, тоқтаусыз 60-70 жыл бұрынғы оқиғаларды күні кеше болғандай баяндап береді. Сөз арасында біраз қиындықты өткердіңіз, дегенмен теңізде болғаныңызда және қой баққанда есте қалар жайттан айтып бере аласыз ба деген сауалыма кідірместен жауап қатты.
– Теңізде оқиға көп болады. Қайықтан аударылады. Толқын тұрады, дауыл соғады. Мұз жарылып, сонда қалып қоясың. Жылым да, балық та аулаған мұзбен ағып кетті. Бірақ самолетпен бақыласа, балығымыз мұз бетінде сақталып, елге жеткізгенбіз. Ол кезде ат шанамен жүреміз мұздың үстінде. Құдай сақтап, олардан да аман қалып, аулаған балығымыз да сақталып, абыроймен қайтқан кезіміз бар.
Ал қой баққан кезде қасқырлар көп қораға түседі. Жанымнан ылғи да мылтығымды тастамай алып жүремін. Түнде бірнеше қақпан құрып, бір күнде екі-үш қасқыр алғаным бар. Ол уақытта бір қасқырға бір қой береді. Өзіме айбат шеккенін мылтықпен атып аламын. Былайынша таяқпен ұрып аламын. Жеті қасқырды бір күнде өткізген кезім болды. Сол кездегі қақпандарым әлі де бар, – дейді қария.
Ақылы кен қарттан ұзақ жасаудың сырын сұрағанда біршама абдырып қалды. Оның пайымынша, әулетте ұзақ жасау генмен берілген болар. себебі ағасы Дәрменқұл 97 жыл өмір сүрген екен. Кетерде ақсақал ақ батасын беріп, ел тыныштығын тіледі.


Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
24 тамыз 2024 ж. 280 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031