Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘМС: мәселе мен маңыз

МӘМС: мәселе мен маңыз

Судың да сұрауы бар. Денсаулық сақтау жүйесіне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілгеніне бірашама уақыт өтсе де, қолданыстағы өзгерісті жатсынғандар да бар, жақсылығын көріп, игілігін тұтынғандар да жеткілікті. Әлеуметтік бағдарламаның әлегі жетіп-артылады. Бастапқы бағыты елдегі медицина саласын жетілдіруге бағытталған. Не ұттық, неден ұтылдық?


Жер астынан шыққан жік

МӘМС-тің айналасындағы сын-пікірлер легі осы уақытқа дейін толастамай тұр. Себеп қандай? Салдар ше? Айтылып жүр. Қазақша түсінікке тоғыстырсақ, нарықтың «берген алады» қағидасының қарапайым көрінісін қалай пайдаланып жүрміз?
Қазір емдеу мекемелерінің қай-қайсысына бас сұқсақ та, алдымыздан кездесетін МӘМС-тің мәселесін жылы жабуға келмейді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы Қазақстан аумағында Сіз өзіңіз таңдаған кез келген емханадан медициналық көмек ала аласыз. Бұл жағдайда, емхананың шығындарын толығымен Қор өтейді.
Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері негізінде қарастырылған медициналық көмекке жұмсалатын қосымша төлемдердің барлық түрінен босатылады.
Медициналық ұйымдарда көрсетілген қызметтерге, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылған жарналар туралы ай сайын ақпарат алуға мүмкіндігіңіз қарастырылған.
Сапасыз қызмет көрсетілген немесе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысушы ретінде құқықтарыңыз бұзылған жағдайда Қор сақтандырылған азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғайды, МӘМС жүйесін енгізу көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік беретінін барша білсе де, мүмкіндігін пайдалана алмай отыр.
«МӘМС-ті біздің медицина бірден енгізген жоқ. Деректерге жүгінсек, жүйе дамыған елдерде өз тиімділігін көрсеткен, тәжірибеден сыналған. Мәселен, АҚШ, Германияны алуға болады. Медицинаның өзін-өзі қаржыландырудың бұдан қолайлы нұсқасы жоқ деп ойлаймын. Сондықтан «Жер астынан жік шықты, қос құлағы тік шықты» деп жатырқаудың қажеті жоқ. Әркім өз денсаулығы үшін жауапты. Қажет пе, ақы төлеп емделсін. Тұрғылықты жердегі емдеу орындарына қанағаттанбай, үлкен қалаларға барып, ақылы денсаулығын тексеретін дағды көпте қалыптастып үлгерді. Ақылы дүниенің сұрауы бар. Ол ақшаға заманауи қондырғылар алынып, оның игілігін бір ғана кәсіпкер, санаулы емделушілер емес, қалың жұртшылық көрсе, несі жаман», – дейді денсаулық сақтау саласының ардагері Зейнелқабден Әлмерек.


Биылғы беталыс

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының болжау басқармасының түсініктемесін негізге алсақ, жұмыс берушілер қызметкер үшін жалақының 3 процент мөлшерінде аударымдар жүргізеді. Ай сайынғы табыс 10 ЕТЖ (2024 жылы 850 000 теңге) аспауға тиіс. Яғни жұмыс берушінің аударымдарының ең жоғары төленетін сомасы айына 25 500 теңгені құрайды.
Бұл қаражат қызметкердің жалақысынан ұсталмайды. Оларды жұмыс беруші кәсіпорын есебінен төлейді.
Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарты негізінде қызмет көрсететін жалдамалы жұмыскерлер мен жұмыскерлер МӘМС-ке ай сайынғы табысының 2 процент мөлшерінде жарна аударады. Қызметкердің жалақысына қарай, төлейтін ең жоғары жарнасы 17 000 теңге болуы мүмкін.
Егер азамат екі жерде жұмыс жасаса, жарналарды төлеу кезінде шекті табыс барлық жұмыс орындарына қарай қарастырылады. Қызметкердің бір жұмыс орнынан жарналар толық мөлшерде ұсталады. Ал екінші жұмыс орнында ең жоғары төлемнен қалған бөлігі ғана ұсталады: 17 000 теңге (ең жоғары төленетін жарна) – 12 000 теңге (бірінші жұмыс орнынан төленген жарна) 5 000 теңге (екінші жұмыс орнынан жарна).
Екінші жұмыс беруші жарна мөлшерін дұрыс есептеуі үшін қызметкер оған аударылған жарналар туралы бірінші жұмыс орнынан анықтама тапсырады.
Жалақыдан ұсталатын бірыңғай төлем – бұл бірқатар салық төлемдерін есептеудің стандартты әдісіне балама болады. Жалақыдан міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар, МӘМС жарналары, МӘМС-ға аударымдар, жеке табыс салығын біріктіреді.
Үстіміздегі жылы мемлекеттің бір азаматқа төленетін жарнасы айына 5852,63 теңгені құрайды.
Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын азаматтар өзге де әлеуметтік аударымдармен қатар МӘМС-ке белгіленген жарналарды төлейді. Жарна 5 950 теңге.
Егер жеке кәсіпкердің жалдамалы қызметкерлері болса, жұмыс берушінің есебінен қызметкерлердің жалақысының 3 проценті мөлшерінде, алайда 25 500 теңгеден аспайтын аударымдар сондай-ақ қызметкерлердің жалақысының 2 процент мөлшерінде, бірақ қызметкердің табысы есебінен 17 000 теңгеден (10 ЕТЖ-дан) аспайтын жарналар.
Азаматтық- құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғаның кірістерінен жарналарды қызмет алушы аударады. Тұрақты табысы жоқ және азаматтардың жеңілдік санаттарының тізіміне енгізілмеген дербес төлеуші ағымдағы ай үшін – 4 250 теңге төлейді.



Аудандағы ахуал


Қазалы ауданаралық көпбейінді орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Раушан Қалуова МӘМС жүйесі бойынша 2023 жылдың желтоқсан айында аудан бойынша бірыңғай халық тіркелімі бойынша тіркелген халық саны 76753 екенін айтады. Олардың 13374-і сақтандырылмаған болса, 77231-і тіркелген тұрғындар.
«Қазіргі уақытта жауапты мемлекеттік органдармен бірлесе отырып сақтандырылмаған азаматтар бойынша ағымдағы кезеңіне МӘМС төлемдерімен, жарналарының толық төленуіне жұмыс жасалуда», – дейді маман.



Баяғы жартас, бір жартас

Тиісті жарнаны ай сайын аударса да, сапалы көмекке қолы жетпей жүргендер де жоқ емес.
«Жаңашылдыққа, озықтыққа қарсы емеспін. Бірақ 2020 жылы жұмысын бастаған сақтандырудан кейін саланы қолдау көлемі артқанын білдік. Алайда қондырғы тұрмақ, қарапайым құрал-жабдықтар жергілікті емхана, амбулаторияларда жоқтың қасы. Менің ойымша, қаражат тиімсіз пайдаланылған. Көлемі жыл сайын артып бара жатқан сақтандыру нағыз жемқорлыққа жол ашатын жол», – дейді Жомарт Ескелді.
«Он жылдан бері есепте тұрамын. Бірақ әлеуметтік сақтандырудың көмегін көрдім деп ойламаймын. Ауырып емханаға барғанда, мамандарға кезек екі-үш айға дейін келмейтін айтпасқа болмайды. Өткен жолы қатты науқастанғанда, учаскелік дәрігерім келер айдың соңына дейін кезегім келмейді деген кордиологқа барсам, дәрігердің бос отырғанын көріп, таң қалдым.
Екі дәрігерге кіретін болсаң, екіншісі ­облыста. Оған баратын жолдама айдың аяғына жетпей таусылып жатады. МРТ мен УДЗ, рентгеннің жырын айтпай-ақ қояйық. Сонда дамығанымыз қайда?» – дейді Гүлжамал Данабекова.
Ал жарна төлейтін ақысын өзі пайдаланғысы келетінін айтқан келесі кейіпкеріміз жеке шоттың болғанын құптайды. Айтуынша жеке шотқа жиналған ақшамен қымбат ота мен оңалтуды пайдалану мүмкін еместігін айтады.
«Тұрақты жұмыс істеймін. Біздегі ереже бойынша, айлық жалақы айдың соңында аударылады. Жақында айдың ортасында ауырып, ауруханаға барып, уақытша жарамсыздық қағазын аштырмақ болсам, ондағыдар сақтандыру ақысы түспегендіктен, еңбекке жарамсыздық ашылмайтынын айтты. Сонда білгенім, жыл басынан бергі аударылған ақы жарамсыз, әр айдыкімен ғана емделуге болады екен. Амалсыз ақысыз күн алып, ақылы емделдім. Есептеп, ай сайын жарна аударып, жақсылығын көрмеген жүйеден, қалаған уақытыңда ақылы емделген әлдеқайда тиімділігін түсіндім», – дейді Айгүл Нәби.
«МӘМС-пен тым болмаса, медосмотордан өтуге жарамаса, не керегі бар?» дейді Гүлжанар Сарқынова.


Мүмкіндікті пайдалану керек

«Мұнда ел азаматтарына біздегідей мемлекет тарапынан тегін босану, одан бөлек бала бір жарым жасқа толғанша жөргекпұл төлеу деген көмек қарастырылмаған. Әр адам сақтандыру арқылы белгілі жеңілдікпен ақылы перзентханада босанады. Жүктілікке байланысты тіркелу, босанғанға дейін дәрігерге қаралу – барлығы ақылы. Тек уақытынан ерте босанып, не бала қауіпті жағдайға түсіп қалса, бала үшін аурухана ақысы тегін. Босанған ана міндетті түрде босанғаны үшін презентханаға ақысын төлейді. Өзі босанса, сақтандыру көлемі ең азы 150 мың теңгеден, ал сақтандыру болмаса, одан да көпке түседі деп естідім.
Мен босанған уақытта жанымдағыларға Қазақстандағы бала босану үшін қарастырылған жағдайды айтқанымда, бізге қатты қызықты. Айтарым, мүмкіндікті пайдалану керек», – дейді Грузияда тұратын қандасымыз Балнұр Әлжан.
«Америкада тегін медицина жоқ. Барлығы ақылы. Тікелей қалтаңнан төлейсің немесе сақтандыру арқылы жүзеге асады. Бұл туралы жазбасында Америкадағы азамат Нұржан Тойшы айтады.
Қандасымыз науқастанып, ауруханаға түскен. Сақтандыру ақысы үшін сырттан келгендерге арналған жүйеге ақы құйған. Нәтижесінде барлық тексерілуден бастап, талдама, аппараттар, дәрі жатын орынға дейін қызметті сол пакет арқылы пайдаланған. Қазақстанға да жүйені жетілдіру қажеттігін айтады.


Халық қалағанын алуы керек

Қазақстандағы сақтандырылған азаматтың 70 проценттен астамы жеңілдік санатты тұтынатындар. Олар: зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, балалар, студенттер, сондай-ақ жұмыссыздар. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі 60 процентке артқан.
Керісінше, 4 миллионға жуық қазақстандық жүйеге қамтылмаған. Бұл нақты дәлел деу де даулы. Себебі сақтандыруды бір ай төлей алмаған не кешіктірген тұтынушының кез келген қатысушысы төленбей қалған бір ай үшін де жүйеден шығарылады және медициналық қызмет алу құқығынан айырылуы да мүмкін.
Жетістік туралы сұрағанда, байқайтынымыз мынау. Жарна көлемі жыл сайын артып келеді. Логикасы – медициналық бюджетті қомақтандыру. Көз көрген қайсы, өзгерген қайсы? Екіншіден, МӘМС бала сүюшілерге көмектескен. Онда да санаулы тексеріске септескен. Одан өзге стоматологиялық көмектің балалар мен жүкті әйелдерге тегін пайдалуы, сонымен бірге зертханалық қызметтер, КТ, МРТ консультативтік диагностикалық қызметтер қамтылған.
Ауыз толтырып айтатын тағы бір айғақ – сақтандырудың сандық жүйеге негізделуі. Емделушілер пікіріне құлақ түрсек, онсыз да жеткіліксіз мамандардың жұмысына қосымша, уақытына қолбайлау болып отырғаны тағы бар.
Міндетті медициналық тексеріс турасында да дау көп. Ол тегін медициналық көмектің қатарында жоқ, не сақтандыруға қамтылмаған. Мұғалімдер мен балабақшалар қызметкерлері үшін жеңілдік қарастырылған. Ал санминимумды жүргізетін жеке кәсіпкер болғандықтан, ол ақылы түрде жүзеге асады.
Бұл орайда жалғыз мүмкіндік – министрлік тікелей ақы аударатын скрингтің қызметін дұрыс пайдалу қажет.
Сала мамандарының айтуынша, қаражат тиімсіз пайдаланылған сайын халық үшін медицина қолжетімсіз болып барады. Бір ғана мысал, ауданда ангиограф, МРТ құрылғысы бар. Бірер жыл бұрын Б.Ельцинге тексеріс жүргізгенде журналистер жарыса жазған жаңалықтың шағын ауданға бір емес, екеуі тұрса да, олар өз қажеттілігін өтеді деу қисынсыз. Мәселен, айына 500-60 мың бөлінсе, бір органға 15-16 мың, екі ағзаны түсірсе, 30-40 мың. Кезексіз түсірілетін қатерлі ісік аурулары белгісі мен ауыр науқастағы адамдар бар. Неге кезек келмейтінінің жауабын таба беріңіз.
Түйін: Жақында медициналық сақтандыру туралы Заңға өзгеріс енді. Президент пәрмен берген жүйедегі жаңалық мынау: бұған дейін өз-өзін жұмыспен қамтығандар сақтандыру үшін ай сайын жарна төлесе, бұдан былай бір жылға алдын-ала төлем жасай алады. Жаңа мехнизм мүмкіндігін біздегілер қыркүйектен бастап көрмекші.
Тағы бір тарқатылған түйін – процестер ашықтығын анықтайтын ақпараттық жүйе сынақтан өтуде. өз кезегінде жемқорлыққа жол бермей, пациенттер бағытын көруге мүмкіндік туғызады. Алда азаматтар қызметті тұтынғанын көрсететін верификация тетігін енгізу тізгіні тұр.
Балықшы күнде арманда, егінші жылда арманда. Әр қанатқақты жоба жүйеге енгізілсе жақсылық күтетін жұрт қандай өзгеріс болса да, соңы сиырқұйымшақтанбай, қолжетімділік пен уақыт үнемдеуге үндейтін үдеден шықса деген үмітте.


Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
20 тамыз 2024 ж. 123 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031