Әскери қызметшілер МӘМС жарнасын төлей ме
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ШҚО филиалының директоры Нұрлан Қыдырбаев «Әскери қызметшілер МӘМС жарнасы төлей ме?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды inform.kz.
Әскери қызметшілер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында медициналық көмек ала алады. Осы екі пакет шеңберінде денсаулық сақтау ұйымдарына қаражатты олар үшін Әлеуметтік медициналық сақтарындыру қоры төлейді.
«ҚР «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына сәйкес әскери қызметшілер МӘМС жарналары мен аударымдарынан босатылған. Яғни, жұмыс берушілер олардың жалақысынан ақшаны ұстап қалмайды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры МӘМС жүйесінде әскери қызметшілердің мәліметтерін «Адамдарды арнайы есепке алу» ақпараттық жүйесіне ЖСН көрсете отырып енгізілген әскери қызметшілер, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының қызметкерлері есебінен алады. Олар бойынша деректерді әскери бөлімдердің, әскери басқару органдарының қызметкерлері енгізеді. Қор жүйесінде әскери қызметшінің ЖСН-ы шыққан соң ол автоматты түрде сақтандырылған мәртебесін алады және жарналар мен аударымдарды төлеуден босатылады», – дейді Нұрлан Қыдырбаев.
Оның айтуынша, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 50 және 52-баптарына сәйкес, әскери-медициналық мекемелер әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсететін болады. Ол үшін қажетті нормативтік құқықтық база құрылған.
«Әскери қызмет атқарып жүргендер ғана емес, әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде ауруға шалдыққан, 20 және одан да көп жыл еңбек еткен адамдарға, әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне, азаматтық персоналға да тегін медициналық көмек көрсетеді. Әскери қызметшілерге азаматтық денсаулық сақтау желісінде медициналық көмек көрсету елдің барлық азаматтарына сияқты, тіркелген жері бойынша емханада да жүзеге асырылады», - дейді филиал директоры.