Біліктілер бас қосқан “SMART” мектеп
Қазалы білім саласына да ерекше ден қойылған. Олай деуге негіз бар. Мәселен, Қазалы ауданы бойынша екі мектеп-лицей қызмет етіп тұр. Соның бірі – Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей 15 жыл үздіксіз оқушыларды сапалы біліммен сусындатып келеді.
Негізінен білім ордасы 1200 орынға шақталған. Білім ордасының негізгі мақсаты – оқу мен оқытудың инновациялық ортасын құруда педагогикалық ұжымның кәсіби дамуы мен шеберліктерін жетілдіру және стандартты емес оқу тәсілдерін ендіру арқылы білім берудің оң нәтижелерін арттыру болып табылады. Сонымен бірге бәсекеге қабілетті, өмірлік дағдыларын қалыптастыра алатын жеке тұлғаны дайындауға күш салады.
№249 мектеп-лицей «Білім беруді цифрландыру аясындағы замануи педагогикалық технологиялар» жобасы бағытында жұмыс істейді. Жобаны іске асыру бағытында «SMART» ақпараттындыру орталығында «Робототехника», «3D модельдеу», «Movement», «Art studio», «Lyceum news» үйірмелері балаларға мол мүмкіндік туғызып отырғанын айта кетейік.
Осыдан бес жыл бұрын Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей директоры болып Батырбек Тәңірбергенов тағайындады.
Оның айтуынша, мектеп ғимаратында 86 сынып бөлмесі, 3 спорт зал, 200 орындық асхана, маталарды өңдеуге және аспаздық бойынша 2 оқу, 1 физика, 1 химия, 1 биология, 2 лингафон, 1 мультимедиалық және 8 информатика кабинеті бар. 27 кабинет интербелсенді тақтамен жабдықталса, 538 компьютер, 245 ноутбук, 77 планшет, 6 интерактивті панель, 1 цифрлы подиум, 1 ЛЭД экран білім беру үдерісіне пайдаланылуда.
Бүгінде білім мекемесінде 229 педагог пен 96 техникалық қызметкер еңбек етуде. Мектеп ашылғалы бері 1300-ге жуық оқушы бітірсе, 250-ден астам «Алтын белгі» мен «Үздік атестат» иегерлері шықты. Жыл сайын мектеп бітірушілердің 80 проценті мемлекеттік грантты иеленіп келеді.
Айта кеткен жөн, «Орта білім беретін үздік ұйым» облыстық конкурсының жеңімпазы атанып, 17 миллион теңгенің сертификатын иеленді. Қомақты қаржыға бейнесабақ түсіру кезінде пайдаланылатын теледидар мен ақпараттық материалды шығаруға арналған түрлі-түсті принтер, LED экран, BilimBook интерактивті панелі, компьютер құрылғысы орнатылған биология, химия, физика және тағы да басқа пәндерді тереңдете оқытуға арналған ROQED құрылғысы алынды.
Үздік нәтижеге қол жеткізген
– Республикалық «Мың бала» олимпиадасына 67 оқушы қатысып, оның 21-і бірінші орын иеленді. Білім бәйгесінде жоғары нәтиже көрсеткені үшін Нұрсұлтан Назарбаев қоры атынан екі миллион теңгенің сертификаты табысталды. Осы қаржыға оқушылардың денешынықтыру сабағында пайдалануға және жаттығу жасауда қолдануға арналған 10 Molten FIBA баскетбол добы және 10 шахмат тақтасы сатып алынды. EPSON маркалы 2 түрлі-түсті принтер, 3 HP маркалы принтер/сканер/ксерокөшірмесі бар принтер, 15 қарағайдан жасалған 48 өлшемді домбыраға қол жеткіздік.
Сонымен қатар оқушылар жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасы, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауы, 2-7 сынып оқушыларының «Зерде» республикалық зерттеу жобалар конкурсы, «Дебат» байқауы, «ProEco», «Жыл оқушысы», «Есірткісіз өмір ғажап!», «Алтын қазына», «Мен ұнатқан кітап...», «Гауһартас» олимпиадасы, «Үздік технологиялар балалар көзімен», «Robotek Grand Tournament» турнирі, «Үздік оқырман», «Тәуелсіздік – бабалар аманаты», «Kitap Fest», «Тәуелсіздік тұғырым», «Менің шағын Отаным», «Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға», «Балалар оқулары», «Жарқын болашақ», «Жас шеберлер қалашығы», «Жастар және интеллект», «Жарық жұлдыз», «Бастау» олимпиадасы, «Табиғатты аяла», «Жас ғалым», «Ұлы өнертапқышқа алғашқы қадам», «Ілияс Жансүгіров оқулары», «Ахмет оқулары», «Әбіш оқулары», «Juldyzai» балалар шығармашылығы фестивалі, «Яссауитану», «Әлихан Бөкейхан», тағы басқа да байқаулар мен конкурстарда жыл сайын жүлделі орындарды иеленіп келеді, – дейді Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей директоры Батырбек Әділбекұлы.
Директордың мәліметінше, №249 мектеп-лицей педагогтары де «Үздік жыл мұғалімі», «Үздік авторлық бағдарлама», «Үздік педагог», «Өнертапқыштық және шығармашыл жобалар алаңы», «Табиғатты аяла», «Практикалық және зертханалық жұмыстар», «Robotek grand tournament», «Педагогикалық оқулар», «Идеялар алаңы», «Жас ұстаз», «Үздік жас маман», «Үздік тәрбие бірлестігінің жетекшісі», «Практикалық жұмыстар», «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз», «Педагогикалыққ идеялар» сынды байқауларда жүлдесіз қайтқан емес.
Жыл сайын Қазалы ауданы мектептері арасында көш бастап, бірінші орыннан көрініп келеді. Ал Ұжым Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде көрсеткен үздік нәтижелері үшін «Ең үздік ауыл мектебі» номинациясын үш жыл қатарынан иеленді.
Шығармашылық пен ізденісті қатар ұстаған
Е.С.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей жанынан 2012 жылдың қаңтар айында ашылған «Айналайын» шағын орталық осы уақытқа дейін өз жұмысын тоқтатқан емес. Осы күні «Айналайын» шағын орталығы мұндағы тәрбиеленушілерінің тынымсыз еңбегі арқасында жетістікке жетуде.
Шағын орталықта екі топ бар. «Балапан» ортаңғы тобы үш жас, «Ақкөгершін» ересек тобында төрт жастағы бөбектер, яғни 50 бала тәрбиеленіп жатыр. Оларды күнделікті ойын мен білімді ұштастырып, тәрбиелеп отырған төрт тәрбиеші, бір әдіскер, екі тәрбиеші көмекшілері және баланың күтімі мен жайлылығын қамтамасыз етіп отырған кір жуушы, төсек ауыстырушы және тамақтарына жауапты қызметкерлер жұмыс істейді.
Ұлттың бүгіні мен болашағы тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Қазіргі қоғамда жан-жақты білімді, мәдени ой-өрісі жетілген, ұлттық салт-сананы бойына сіңірген тұлға тәрбиелеу барша қауымның міндеті. Қай елдің болсын өсіп өркендеуі, дүниеде өзіндік орын алуы, оның білім беру жүйесіне, даму бағытына тікелей байланысты екені белгілі. Осы тұрғыдан алып қарағанда, жеке тұлғаны дамытуда қызмет ететін тәрбие мен білім негізі барша білімнің іргетасы да осында қаланады. Олай болса, тілдің қадір-қасиетін, туған жерінің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын бала бойына жеткізе білу – әр тәрбиешінің басты міндеті. Мектепке дейінгі балаларды жан-жақты қалыптастыратын алғашқы баспалдақ мектепке дейінгі мекеме. Дүниедегі пәк әрі нәзік, батыл да, батыр – ол бала. Өйткені оның жаны таза, нанғыштығы да тез. Ол өмірдегі барлық құбылысты білсем, ол неге олай, неге бұлай деп, дүние сырын ашсам деген талпыныспен алға ұмтылады. Балалардың бойында оқу қызметін меңгерту, олардың танымдық белсенділігін дамытудың басты бағыты болып саналады. Баланы тәрбиелей отырып, ой-өрісін, тілін танымдық қабілетін арттыруда алдымен, олардың ерекшеліктерін талдаудан басталады. Отбасында баланы мейірбандылыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеуге ерекше мән берген жөн. Бұл үшін өзінен үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға баулу керек. Оның негізін ойыншықтармен ойнау кезінде қалаған дұрыс. Ойын үстінде көпшіл, қайырымды болуға, әрбір ойыншығын ұқыпты таза ұстауға дағдыландырған абзалырақ. Ойыншықтарды көп сатып алып, жиі алмастыра берудің қажеті жоқ. Мұндай жағдайда балалар талғамсыздыққа, дүние құмарлыққа бой ұрып, не нәрсеге болсын, жауапкершіліксіз қарауға дағдыланады. Мұның өзі кейін келе, өз қалағанына ғана қол жеткізу, сәнді киімге әуестенушілік, жеңілтек мінездерімен көріну секілді жағымсыз қасиеттерге бастауы әбден мүмкін. Мүмкіндігінше, ойыншықтарын өздеріне тазалатып, жинатқызып, жыртылғаны болса, тіпті, өздеріне тіктіріп, жудырып, қойдырудың да мәні зор. Сонда ол өзі пайдаланатын мүлкіне жауапкершілікпен қарайтын болады. Бала бір ойыншықпен ұзақ, үздіксіз ойнаса, жалықтыруы да ғажап емес. Ондай жағдайда көп пайдаланған ойыншықтарын біршама күндерге тығып қойған жөн. Тәрбиенің ең жемісті құралы – шындық. Күнделікті болатын үй іші әңгімесінде және өздерінің іс-әрекеттерінде әрбір үй мүшесі әділдіктің, шындықтың иесі екенін танытып отырулары керек. Балаларды тәрбиелеуде үгіт-өсиетпен емес, сендіру әдісін кең пайдалану қажет. Сонда ғана, бала ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне көзі жетеді, жақсысын жетілдіре түсіріп, жаманнан тезірек арылуға ұмтылады. Алайда әрбір баланың өзімен бірге ала келген табиғи ерекшеліктері де болады. Сондықтан да халық “Бір биеден ала да туады, құла да туады” дейді. Бала тәрбиесінде үлгі-өнегенің үлкен мәні бар. “Ұстазы жақсының ұстамы жақсы” “Айтушы ақылды болса, тыңдаушы дана болады” деген сөз тегін айтылмаған. Баланы жастайынан бастап, әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді игеруге, ана-тілін дамытып, халық өнеріне баулу үйелмендегі тәрбиенің негізгі көзі болуы тиіс. Балабақшада тәлім-тәрбие негізгі жеке үлгі, талап өзара көмек, ақыл, шара қолдану, мадақтау тәрізді әртүрлі әдіске бай. Балабақшада тәлім-тәрбиенің басты ерекшелігі, өмірмен тығыз байланыстылығында. Өйткені халқымыз оқуға, білім алуға мүмкіншілігі болмаған кездің өзінде өз ұрпағын еңбекке баулып, жоғары адамгершілікке, үлкенді сыйлауға, қонақжайлыққа тәрбиелеген.
– Бүгінгі қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетіліп, дамыған, парасатты азамат тәрбиелеп өсіру – отбасының, мектепке дейінгі ұйымдардың, барша елдің міндеті. Осыны орындауда мектепке дейінгі тәрбие мекемесінің атқарар орны шексіз.
Балалармен оқу іс-әрекеті мен шараларын жүргізіп отырған тәрбиешілер санаттан өткен. Яғни бір тәрбиеші – сарапшы, екі тәрбиеші – модератор және бір тәрбиеші – жас маман. Балалармен жасалынып отырған шаралар мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасының мазмұнына сәйкес жүргізіліп отыр. Балалардың жан-жақты дамуына олардың мектепке деген дайындылығын қарастырады. Адамгершілікке, еңбекке тәрбиелеу күнделікті ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінде, ашық іс-шараларда жүзеге асады. Балалардың өмірдегі іс-әрекетін нығайту – мектепке дейінгі тәрбие жұмысының басты қажеттілігі, – дейді Батырбек Әділбекұлы.
Бала жанының бағбандары
Әр оқу жылының басында жалпы, ата-аналар жиналысы және топ арасында жиналыстар өткізіліп тұрады. Балабақша тәрбиешілерден, ата-аналардан шығармашылықты талап етеді. Тәрбиешілер бала тәрбиесінде ата-аналармен тығыз байланыс орната отырып, нәтижелі жұмыстар жүргізіп отыр. Әр тоқсанда ата-аналар үшін ашық есік күні өткізіледі және мектеп жанынан ашылғандықтан мектеппен де байланыс орната отырып, мектеп сахынасында да, бүлдіршіндер ертегі қойылымдарын және концерттік бағдарлама қояды. Атаулы мерекелік шараларда да «Ертегілер еліне саяхат» тақырыбында өткен аудандық семинарда шағын орталық ұжымы жақсы көрсеткіш көрсете білді.
Соның бір дәлелі – Қазалы аудандық «Әнші болғым келеді» атты ән байқауына қатысқан бүлдіршін Үміт Өмірбай мен жетекшісі Айсұлу Жұмахан дипломмен марапатталды. Тәрбиеші Роза Теңізбаева ханым «Суретші балақай» тақырыбында қашықтықтан өткен сурет салу сайысына он алты бала қатыстырып, барлығы бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды
«Мұқағали мұрасы» атты ХІІ республикалық байқауға шағын орталық тәрбиеленушісін дайындап, оның бойындағы шығармашылық қасиеті мен танымдық дағдысын дамытуға қосқан үлесі мен қажырлы еңбегі үшін тәрбиеші Роза Теңізбаева мадақтама мен төсбелгімен марапатталды.
«Біз бақытты баламыз – бейбіт елдің болашағымыз» атты облыстық бейнеролик байқауында бақ сынасқан тәрбиеленуші – Өміртай Ислам бірінші орынды жеңіп алды. Қазалы ауданының дәстүлі жылда өткізетін ән айту байқауында тәрбиеленуші Айша Алмат үшінші орынды иеленді.
Бала тәрбиелеу – өмірдегі ең маңызды міндет. «Біздің қызметіміз де, өміріміз де, бала өмірімен өте тығыз байланысты. Тәуелсіз еліміздің жас ұрпақтарын білімді, жан-жақты дамыған, дені сау, рухани бай, жерін, ата-анасын құметтейтін саналы азамат болып өсуіне бойымыздағы бар асыл қасиеттерімізді, білімімізді сарп етудеміз» деген пікірімен бөлісті білім ордасының басшылығы.
Жалпы мектепке дейінгі шақ адам өміріндегі ең маңызды кезеңі болып келеді. Себебі осы кезде баланың бойындағы табиғи бар дарындылық жан-жақты дами бастайды. Сондықтан бұл шақта балалармен анағұрлым жан-жақты дамытушылық әрекеттер жүйелі жүргізілсе, жұмыс соншалықты нәтижелі болады. Тәрбиелі, білімді ұрпақ балабақшадан мектепке дайын шәкірт болып шығады.
Кейінгі ұрпақты бала кезінен ұлттық тәрбиеге баулып, салауатты өмір салтын құрып, бойына адамгершілікті, мәдениетті, инабатты, иманды, өз ана тілін құрметтейтін болашақ ұрпақ тәрбиелеу басты парыз. Осы білім беру салаларына байланысты «Айналайын» шағын орталықта балалардың жас ерекшеліктеріне сай, оқу іс-әрекетін әрбір тәрбиеші шығармашылық пен ізденіс арқылы жүзеге асыруда.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА